Шәмшінің суреті

Сабақтың тақырыбы

«Аққұс туралы аңыз»

Мақсаты (білімділік)

Оқушыларға «қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өмірі туралы қысқаша түсінік беру; мәтін мазмұны арқылы сазгерлік өнердің рухани құндылық екенін ұғындыру.

Мақсаты (дамытушылық)

Өнерге және өнер адамдарына құрмет сезімін ояту, сөздік қорды молайту, ойды жүйелі жеткізу дағдыларын дамыту.

Мақсаты (тәрбиелік)

Отанды сүюге, қарапайымдылыққа, алғырлыққа, тапқырлыққа, сезімталдыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап, түсіндіру
  • Талдау, жинақтау
  • Венн диаграммасы
  • Түртіп алу (INSERT) әдісі

Көрнекіліктер

  • Ш. Қалдаяқов туралы хикаяттар кітабы
  • «Ұлан» газеті
  • Қыран құстарға қатысты материалдар
  • Шәмшінің фотосуреттері

Сабақ түрі: жаңа сабақ.

Сабақтың барысы

Құрылым

  1. IҰйымдастыру
  2. IIҮй тапсырмасын пысықтау
  3. IIIЖаңа сабақ
  4. IVҚорыту
  5. VБағалау
  6. VIҮйге тапсырма

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа психологиялық дайындық жасалады. Ортақ мақсаттар:

  • 1) Тыныштық сақтау

  • 2) Ойды толық айту

  • 3) Бір-бірімізді тыңдау

II. Үй тапсырмасын пысықтау

«Бүркіт туралы мәтінді» оқып келу тапсырмасы бойынша сұрақтар:

  1. 1) Жолаушылар қайда келді? Олар кімдер еді?
  2. 2) Гайдар нені көрді? Неге таңырқады?
  3. 3) Жолаушылар бүркіттің соқыр екенін қалай білді?
  4. 4) Қиын кезде қыран-бүркіттің қандай көмегі тиді?
  5. 5) Жауыз адамдар бүркітке не істеді? Халық жақсылығын қалай қайтарды?

Топтастыру (негізгі ұғымдар)

Тамақ әкелу Қамқорлық Жақсылық Көмектесу Қазақ ауылы Оба ауруы

III. Жаңа сабақ

1) Қызығушылықты ояту

Ежелден халқымыз табиғатпен етене өмір сүріп, аң-құс қасиетін айыруға жүйрік болған. Ит жүгіртіп, аң-құс салу арқылы із кесіп аң аулау саятшылық деп аталады. Ал қолға үйретілген қыран құстармен аң-құс алу құсбегілік өнер саналады.

Құрал:

Венн диаграммасы арқылы ұқсастық пен айырмашылықты анықтау.

2) Мағынаны тану

Бүгінгі сабақта сазгерлік өнер туралы сөз қозғаймыз. Қазақстанның халық әртісі, «ән падишасы», «қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқов және «Аққұс туралы аңыз» әңгімесімен танысамыз.

Топтастыру: өнер түрлері

сурет мүсін айтыс күй зергерлік ән сазгерлік би

Қазақ халқында Шәмшіге дейін де талай сазгер өмір сүрген. Сонымен қатар А. Жұбанов, М. Төлебаев, Н. Тілендиев сияқты композиторларымызбен мақтана аламыз. Қорқыттан бастап күй атасы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, сондай-ақ Сүгір, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса — өнер көгіндегі жарық жұлдыздар.

Оқу әрекеті

Оқулықтағы «Аққұс туралы аңыз» әңгімесін оқу, Шәмші өміріне қысқаша шолу жасау, суреттермен жұмыс.

3) Суреттерге шолу және мәтінмен жұмыс

Шәмшінің үні аса зор, кәсіби әншілердей құйқылжып тұрмаса да, ол ән табиғатын терең түсініп, оны тыңдарман жүрегіне жеткізе білетін. Даусы кейде қырылдаңқырап, биікке бірден көтеріле алмаса да, тыңдаушыны еріксіз баурап алатын әсері бар еді.

Диалогтан үзінді (ойлану сұрағы)

«Саған қай қасиет бұрын дарыды: ән салу ма, әлде ән шығару ма?» — дегенде, ол сәл ойланып: «Бетховен тас керең болса да ғажап музыка жазған. Байқадамов қазақ әндерін айтуға олақ болғанымен, нағыз қазақы әндерді жазған. Өйткені әркімнің көкірегінде сайрайтын бір-бір Аққұс бар», — деген екен.

Топтық жұмыс

Оқушылар ортақ пікірге келіп, тұжырым жасайды: өз ойларын ортаға салып, сұрақтарға бірлесе жауап береді, жалпы қорытынды шығарады.

4) Дәптермен жұмыс

Негізгі тұлғаларды жазып, қысқаша мәлімет беру:

  • Шәмші Қалдаяқов
  • Нұрғиса Тілендиев
  • Мұқан Төлебаев
  • Ахмет Жұбанов

5) Ой толғаныс (мәтіннен жауап табу)

Шәмшінің бойында қандай қасиет болды?
Автор Шәмшіден нені сұрады?
Шәмші қалай жауап берді?
«Аққұс туралы» әңгімені ол кімнен естіген?
Аққұс әніне табиғат пен адамдар қалай табынған?
Қарақұс туралы не айта аласың?
Аққұс Қарақұсқа қандай өтініш жасады?
Аққұс ажалдан қалай құтылды?
Автор ән мен музыканың құдіретін қалай көрсеткен?

Ерекше марапаттары мен мұрасы

  • Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
  • 1991 жылы 29 желтоқсанда Шәмші Қалдаяқовқа «Халық әртісі» атағы берілді.
  • «Менің Қазақстаным» атты халықаралық ән байқауы тұрақты өткізіліп тұрады.

Естен кетпес әндері

Ана туралы жыр Қайықта Арыс жағасында Сыр сұлуы Сағынышым менің Бақыт құшағында Әнім сен едің

IV. Сабақты қорыту

Сөзжұмбақ сұрақтары

  1. 1) Қай көлдің жағасында дүниеге келген ән?
  2. 2) Әнге қосылған өзеннің атауы қандай?
  3. 3) Шәмшінің досы, Шәмші туралы естелік жазған журналист кім?
  4. 4) «Менің Қазақстаным» әні нені білдіретін нышанға айналды?
  5. 5) «Асыл досым» деп кімді айтамыз?
  6. 6) «Вальстің кімі?» деп кімге айтамыз?

Поэзия минуты (Мұқағали Мақатаев)

Сол күндер ғой — жүректің аңсағаны,

Саған шөлдеп айызым тамсанады.

Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па,

Өз-өзінің жүрегім ән салады.

Әнсіз өмір — өмір ме, қаңсымай ма,

Өзегіңді өртеп дерт жаншымай ма?

Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,

Шәмші-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда?

Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,

Жандандырсын жүректі жандандырсын!

Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтін ән қалдырсын!

Түйін ой

Шәмші — бағына өнер қонған сазгер. Ән әлемінің інжу-маржанын іздеп, ел ішін аралап, жұрттың жан сырын ұғып, тебірене толғанды. Сол сапарлардан туған әндер қазақ даласының кеңдігін, сұлулығын, сағынышын әуенмен өрнектеді. «Менің Қазақстаным» әнінің мемлекеттік рәміздердің бірі — Әнұранға айналуы да ән құдіретінің жарқын дәлелі.

INSERT (түртіп алу)

Білемін

Алдын ала білім мен түсініктер.

Нені білдім

Сабақ барысында меңгергенім.

Білгім келеді

Келесі қадам, жаңа сұрақтар.

Әндерін ғасырларға жалғасатын,
Жаңғырып жанымызда қалар атың.
Дүбірлі дүниені түгел шолсаң,
Өзіңнен сазгер-әнші бар ма асатын?!

V. Оқушыларды бағалау

Сабақтағы белсенділік, топтық жұмысқа қатысу, мәтін бойынша жауаптың дәлдігі мен ой қорыту сапасы негізінде бағаланады.

VI. Үйге тапсырма

  • «Аққұс туралы аңыз» әңгімесін оқып келу.
  • Ш. Қалдаяқовтың бір әнін жаттау.