Ұлпа қар

ШҚО, Өскемен қаласы • №33 орта мектебі КММ • Бастауыш сынып мұғалімі: Шәкен Анар

Сабақ тақырыбы: Қар неден жасалған?

Бұл сабақта оқушылар қардың қалай пайда болатынын, неден тұратынын, қандай түрлері барын және қар туралы қызықты деректерді біледі.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға қардың қалай және неден пайда болатыны туралы бастапқы түсінік қалыптастыру; қардың құрамы, түрлері және қызықты мәліметтермен таныстыру.

Сабақ туралы

Түрі:
Жаңа сабақ
Әдістері:
Түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу
Көрнекілігі:
Төрт мезгіл және қар суреттері

Міндеттері

  • 1 Оқушылардың қар туралы білетіндерін сұрақтар арқылы анықтау: қардың анықтамасы, түрлері, қасиеттері және құрамы.
  • 2 Көркем сөйлеуін дамыту, өз ойын жүйелі жеткізу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорын кеңейту.
  • 3 Табиғатты қорғауға және сүюге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, оқу құралдарын ретке келтіру, сыныптың дайындығын тексеру.

2) Қызығушылықты ояту

Төрт мезгіл мен қар бейнеленген суреттер арқылы оқушыларды ойландыру және тақырыпқа алып келу.

Сұрақтар

  • Суреттен нені көрдіңдер?
  • Қандай айырмашылықтарды байқадыңдар?
  • Әр мезгілдің ерекшелігі қандай? Қай мезгіл ұнайды?
  • Қыс мезгілінің басқа мезгілдерден ерекшелігі неде?
  • Қар қайдан пайда болады? Неден жасалған?

3) Жаңа сабақ: сауалнама

«Қар неден жасалған?» тақырыбына кіріспе ретінде оқушылардың болжамын тыңдап, жауаптарын тақтаға жазу.

Сауалнама сұрақтары

  • Қар деген не?
  • Қар не үшін керек?
  • Қардың құрамы қандай деп ойлайсың?
  • Қардың қандай түрлерін білесің?
  • Қардың түсі, иісі, дәмі қандай?

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық, Алға қадам басайық. Бір отырып, бір тұрып, Бойымызды жазайық.

Қар туралы қысқаша түсіндірме

Қар — атмосферадан түсетін, әртүрлі пішіндегі ұлпа мұз кристалдары түріндегі жауын-шашын. Су буының сублимациясы нәтижесінде өте ұсақ (шамамен 0,1–0,2 мм) кристалдар үлкейіп, қар жұлдызшаларына айналады. Атмосферадағы турбуленттік қозғалыстың әсерінен жеке жұлдызшалар бір-бірімен ұйысып, бірігіп, жерге жапалақ қар болып жаууы мүмкін (шамамен 8–10 мм).

Қар ауа температурасы 0°C-тан төмен болғанда бұлттардан жауады. Қазақстанда қар көбіне қазан–қараша айларынан бастап түседі.

Түсінгенімізді тексерейік

  • Қар дегеніміз не? — Су буы аспанда мұз кристалдарына айналып, бірігіп жерге жауады.
  • Қар қандай температурада жауады? — 0°C-тан төмен болғанда.

Жаңылтпаштар

Оқушылар жаңылтпаштарды мәнерлеп оқып, қардың түрлерін табады.

а)

Бұл қар — сұр қар. Сұр қар — кір қар. Үстінде ойнама, Үстіңді былғар.

ә)

Қырбық қар құрғақ па, Құрғақ қар құрғақ па? Қырбық қар да құрғақ, Құрғақ қар да құрғақ.

Қардың түрлері (есте сақтайық)

Төмендегі атаулар оқушылардың сөздік қорын байытып, табиғат құбылыстарын нақтырақ сипаттауға көмектеседі.

Ақ қар

Жаңа жауған, тап-таза қар.

Ақша қар

Жаңа жауған ұлпа қар.

Ала қанат қар

Бір жерде бар, бір жерде жоқ; жұқа-қалың аралас қар.

Жапалақ қар

Түйіршіктері ірі-ірі қар.

Көбік қар

Жаңа жауған құрғақ, үлпілдек жұмсақ қар.

Күпсек қар

Қалың жауған ұлпа қар.

Үлпілдек қар

Өте жұмсақ, үлбіреген жаңа жауған қар.

Жылбысқа қар

Ери жауған қар.

Күртік қар

Нығыздалған, соқталанған қар; қар үйіндісі.

Омбы қар

Белуарға дейін қалың түскен күртік қар.

Қасат қар

Ұзақ жатқан, қатып қалған қалың қар.

Қиыршық қар

Жентектелген түйіршік қар.

Қырбақ қар

Жұқа жауған қар.

Қырбық қар

Ұшқындап жауған жұқа қар.

Сонар қар

Алғаш жауған қар.

Ұлпа қар

Жаңа жауған жұмсақ қар.

Үрме қар

Жел үрлеп тығыздап тастаған қар.

Үлпек қар

Жеңіл, ұлпа қар.

Кебіс басы қар

Тобыққа таяу, кебіс батарлық қар қалыңдығын білдіретін халықтық өлшем.

Еспе қар

Ақпа, сусымалы, бос, борпылдақ қар.

Сіреу қар

Тізеден келер тұтас қар.

Мамық қар

Жұмсақ, үлбіреген қар.

Мұздақ қар

Үстін мұз торлаған, көкшіл, жылтыр әрі сырғанақ қар.

Сүрі қар

Ерте түсіп ерімей, қыс бойы нығыздалып, беті күлгін тартып тұратын қар.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық, Алға қадам басайық. Бір отырып, бір тұрып, Бойымызды жазайық.

Қар туралы қызықты деректер

  • Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, жер бетінде бір-біріне дәл ұқсайтын екі қар қиыршығы табылмаған.
  • Әрбір қар қиыршығының шамамен 95%-ы ауадан тұрады. Сондықтан оның құлау жылдамдығы баяу (шамамен 0,9 км/сағ).
  • Қардың ақ болып көрінуі — құрамындағы ауаның көптігіне байланысты.
  • Тарихта түрлі түсті қар жауған: 1969 жылы Швейцарияда қара қар, 1955 жылы Калифорнияда жасыл қар тіркелген.
  • Антарктида тауларында алқызыл, күлгін, қызыл, сары түсті қарлар кездеседі.
  • Қарды суға салғанда ерекше дыбыс шығуы мүмкін; ғалымдар оның балықтарға ұнамайтынын айтады.
  • Қыста қар күн сәулесінің шамамен 90%-ын шағылыстырып, жердің қатты қызуына жол бермейді.
  • Ең ірі қар түйіршігі 1987 жылы 28 қаңтарда АҚШ-та табылған: диаметрі 38 см-ге жеткен.
  • Қардың сықыры көбіне шамамен −2°C температурада аяқпен басқанда айқынырақ естіледі.
  • Жер шарындағы елдердің шамамен жартысына жуығы өмірінде қар көрмеген.

Шығармашылық жұмыс

Қар ұшқынын жасау

Алдын ала дайындалған үлгі бойынша қағаздан қар ұшқындарын жасату.

Өлең, тақпақ

Балалар шықты далаға, Ойнап, күліп жүр енді. Шаналармен озады, Аққаланы соғады. Жапалақтап ала қар Жауды күнде қайталап, Қырға шықты балалар, Шаңғыларын арқалап.

4) Қорытынды

Бүгін біз қардың неден жасалатынын және қалай пайда болатынын білдік. Қар — өте көп әдемі мұз кристалдарынан тұратын жауын-шашын. Ол аспаннан жерге, ағаштарға, шатырларға жауады. Жаңа жауған қар таза, мамық, жұмсақ әрі жылтырайды.

Қар — табиғаттың әсем жаратылысы. Қар түйіршіктерінің пішіндері сан алуан, мыңдаған түрге жуық форма кездеседі.

Дала ақ көрпе жамылғандай болады. Қар өсімдіктерді аяздан қорғайды, жердің жылуын сақтап, үсудің алдын алады.

5) Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау, жұлдызша беру.