Ертегі әжей
Білім беру саласы және ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Бағыты
Білім беру саласы: Қатынас
Оқу іс-әрекет түрі: Көркем әдебиет
Тақырыбы: «Көкек» ертегісі
Қолданылатын тәсілдер мен ресурстар
- Әдіс-тәсілдер: топтық жұмыс, сұрақ-жауап, мадақтау, бағалау, жұмбақтар.
- Көрнекіліктер: ертегі кейіпкерлерінің суреттері, дидактикалық ойындар.
- Сөздік жұмыс: «дана адам», «болжай алмайсың».
Билингвальді компонент
Қазақша
көкек
Орысша: кукушка
Қазақша
дана адам
Орысша: мудрый человек
Қазақша
ертегі
Орысша: сказка
Мақсаты
Танымдық
Балаларды ертегі мазмұнын түсінуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін талдауға және қабылданған ережелерге сай баға беруге үйрету.
Дамытушылық
Жағымды және жағымсыз қасиеттерді ажыратуға, сұрақтарға толық жауап беруге, білімін кеңейтуге, кейіпкерлердің мәнеріне келтіріп ойнау қабілетін дамытуға бағыттау.
Тәрбиелік
Адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу және жан дүниесін сезіне білуге үйрету.
Сабақ барысы
I. Мотивациялық-қозғаушы кезең
Шаттық шеңбері
Тәрбиеші:
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Міне, тағы бір күн туды. Бүгінгі күнді жақсы көңіл күймен қарсы алып, бәріміз үшін сәтті болсын!
Алақанды ашайық,
Күннің нұрын салайық,
Таза ауаны жұтайық,
Жүректің жылуын
Апайларға сыйлайық.
Жарайсыңдар, балалар! Енді барлығымыз орындарымызға отырайық.
Жұмбақ: жыл мезгілі
Жиып-теріп болатын,
Қамба астық толатын.
Қызыл қырман ойнайтын —
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Жауабы: Күз мезгілі.
Сұрақ-жауап
- Күз мезгілінде неше ай бар?
- Қандай айлар?
Жауап: Үш ай — қыркүйек, қазан, қараша.
Күз туралы тақпақтар
1-тақпақ
Берекесін сыйлауға
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді.
2-тақпақ
Көбейді құт-береке,
Астық толы қамбамыз.
Құтты болсын мереке —
Алтын күзді тойлаймыз.
3-тақпақ
Қоңыр күз келдің бе,
Қабығың түйіліп.
Қауындар, жемістер
Қалыпты жиылып.
Бүгін бізде ерекше ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті — көркем әдебиет.
II. Іздену-ұйымдастырушылық кезең
Ғажайып сәт
Ертегілер әуенімен топқа Ертегі әжей келеді.
Тәрбиеші: Балалар, бізге Ертегі әжей қонаққа келді. Амандасайық.
Балалар: Сәлеметсіз бе? Қош келдіңіз!
Ертегі әжей:
Саламатсыңдар ма, балалар! Мен ертегілер елінен келдім. Сендер ертегіні ұнатасыңдар ма? Қандай ертегілерді білесіңдер?
Жарайсыңдар! Мен сендерге құр қол келген жоқпын. Сиқырлы қорап алып келдім. Бірақ сыйлығымды бермес бұрын бір жұмбақ шешесіңдер.
Жұмбақ: құс
Қайталап атымды,
Ән салып аламын.
Кез келген ұяға
Жұмыртқа саламын.
Жауабы: Көкек.
Балалар дұрыс тапқан соң, Ертегі әжей сиқырлы қорапты тәрбиешіге табыстайды. Қораптың ішінен жаңа ертегі шығады: «Көкек».
Енді балалар ертегі мазмұнымен танысады, тыңдайды және бірге талқылайды.
Талқылауға арналған сұрақтар
- 1Көкек қайда ұшып келеді?
- 2Балалар көкекті ұстау үшін не істеді?
- 3Көкекке кім кездесті?
- 4Көкек не деп күлді?
- 5Дана адам көкекке не деп жауап берді?
- 6Көкек не істеді?
- 7Дана адам балаларға не айтты?
Билингвальді қайталау
Балалар, орыс тілінде көкек — кукушка, ал дана адам — мудрый человек деп айтамыз.
Хормен айтуға арналған жұптар
- көкек кукушка
- дана адам мудрый человек
Жарайсыңдар! Енді білімімізді кеңейту үшін белсенділік орталықтарына барамыз.
Белсенділік орталықтары
1) Үстел үсті орталығы
Тапсырма: орман құстары мен үй құстарын топтастыру, қиынды суреттерді құрастыру.
Мақсаты: құстардың аттарын атап, ажыратып топтастыруға үйрету; суреттерді үйлесімді құрастыру; саусақ моторикасын дамыту.
2) Әдебиет орталығы
Тапсырма: «Көкек» ертегісін әңгімелеу.
Мақсаты: сурет бойынша ертегіні жүйелі әңгімелеу, кейіпкерлерге қатысты тақпақтар жаттау.
3) Өнер орталығы
Тапсырма: көкек құсының суретін салу.
Мақсаты: сурет салуға қызығушылықты арттыру және құстың бейнесін бейнелеуге үйрету.
Сергіту сәті
Дидактикалық ойын: «Ұшты-ұшты». Балалар орындарынан тұрып, бойларын сергітеді, содан кейін өз қалаған орталықтарына қайта барып жұмыстарын жалғастырады.
III. Рефлексивті-коррекциялаушы кезең
Қорытынды әңгіме
Балалар жұмыстарын аяқтаған соң ортаға жиналып, қай орталықта қандай жұмыс жасағандарын айтады.
Тәрбиеші:
Ертегі әжей, балалардың жұмыстары сізге ұнады ма?
Ертегі әжей:
Ұнады. Балалар мен әкелген ертегі бойынша белсенділік орталықтарында жақсы жұмыс жасады. Мен ризамын.
Тақпақ: «Тырна»
Сирағы ұзын тырнамын,
Торғай, саған не керек?
Тырнағы ұзын тырнамын,
Сона, маса, көбелек.
Балықты сүзбей,
Тұмсығым біздей.
Жем шашсаң да теремін,
Бөбегіме беремін.
Ертегі әжей:
Рақмет, балалар. Келесі келгенімде бұдан да қызықты ертегі алып келемін. Мені басқа топтың балалары күтіп отыр, енді кетейін. Қош болыңдар!
Балалар: Қош болыңыз!
Қоштасу рәсімі
Қол ұстасып тұрайық,
Жарты шеңбер құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау-саламат болайық!
Тәрбиеші балаларды мадақтап, бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін қорытындылайды.
Мекеме туралы мәлімет
Өңір
Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Ертіс ауылы
Автор
«Раиса» балабақшасының тәрбиешісі — Қабытаева Хадиша Барбасқызы
ЖШС «Раиса» балабақшасы