Ұлы Дала еліҚазақы әдет - ғұрыпӘлбетте, халық психологиясында көңіл аударарлық түрлі жайттар көп кездеседі

Қазақы әдет-ғұрып: ым мен ишараға құрылған мәдени тіл

Халық психологиясында көңіл аударарлық құбылыстар көп. Соның ішінде кейбір сезім мен іс-әрекетті сөзбен айтпай-ақ ыммен, ишарамен, қимылмен ұғындыратын ұғымдар бар. Мұндай құбылыстарды әдет-ғұрыптың бір қыры деуге болады: адамдар келісуді де, ашу-ызаны да, жеңілу мен қайғыны да, ұялу сияқты күйді де көбіне үнсіз қимыл арқылы білдіріп отырған.

«Әдет» ұғымы әр жерде әрқалай айтылады: біреу «түсте ұйықтау әдетім», «тамақты ыстық ішетін әдетім», «ерте тұратын әдетім» дейді. Мұнда әдет белгілі бір жағдайға үйрену, дағдылану мағынасында қолданылған. Ал әдет-ғұрып халық тәжірибесінде адамның белгілі бір ойды, ұғымды, көңіл күйді білдіретін іс-қимыл көрінісі ретінде орныққан.

Әдет-ғұрыптың қоғамдық мәні

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бүгін ғана зерттеліп жатқан жоқ: ол жиналған, зерделенген, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазына. Бұл мұраның рухани-мәдени маңызы ғана емес, тәрбиелік қызметі де айрықша екенін естен шығаруға болмайды. Осындай тәлімдік және сезімдік ишаралардың мәніне терең үңілсек, халық тағылымының, мәдениетінің, психологиясының сан салалы тармақтарын танимыз.

Ел-жұрт ойды тек күшпен, ірі әрекетпен немесе пәтуалы сөзбен ғана емес, бет-пішінімен, дене қимылымен де айқын білдіре алған. Қуану, ашулану, қайғыру, дәмету, қарсылық, шошыну сәттерінде қимылды орнымен қолдану — сезімталдықты, ұғымдылықты, ұтқырлықты танытатын белгі.

Көңіл күйдің қимыл арқылы берілуі

Мақұлдау, ризалық, ықылас

Келісу

Бір істі мақұлдау мен қоштауды «бәрекелді» деу, бас изеу, арқадан қағу арқылы білдірген.

Іске беріліп кірісу

Құштарланып кіріскенде алақанға түкіру, алақанды уқалау сияқты қимылдар жасалған. «Айтқаны келсе, алақанына түкіріп отыр» деген тіркес те осыдан.

Қуаныш пен мақтаныш

  • Қуанышта үлкендер қол шапалақтап, бөркін аспанға атып жатады; балалар секіріп қуанады.
  • «Бөркін аспанға атып қуанды», «жүрегі жарыла қуанды» деген тіркестер осы көріністермен астасады.
  • Батырлар мен палуандар сайысқа шығарда төсін соғуы — айбар мен мақтаныштың ишарасы.

Ашу-ыза, жаза және шектен шығу

Ашу үстінде жасалатын қимылдар басқа сезімдерге қарағанда көбірек әрі өткір келеді: жұдырық түю, көзін адырайту, ашумен жер тебу, еркектердің маңдайын ұруы сияқты әрекеттер кездеседі. Әйелдер кейде шашын жұлу, ауыр қайғыда бетін тырнау секілді қимылдарға барады.

Қатал жазалар (тарихи)

Ертеде масқаралау, қорлау тәсілдері де болған: бетке түкіру, бетіне күйе жағу, есекке не сиырға теріс мінгізу, әйелдің шашын кесу, еркекті артқа тебу, желкеден түю. Бұлар — сол дәуірдің қатал қоғамдық тетіктері.

Қайғы, ұялу, шарасыздық

Қайғы

Әйелдер бүйір таянып, бет жыртуы мүмкін; ерлер жер тебеді.

Шошыну

Қорыққанда жағасын ұстау бар. «Жағасын ұстап шошыды» деген сөз тіркесі қалыптасқан.

Шарасыздық

Алақан жаю, иық көтеру, желке қасу, ерін тістеу — «енді қайтейін» деген ишара.

«Өлімнен де күші ұят» дейтін түсінікке сай, ұятқа қалған адам жер шұқып, төмен қарап, ернін тістепбетін сызып, бетін шымшып

Қарсылық, сес, келемеж

  • Қарсылық: қол сермеу, бас шайқау, орнынан үнсіз тұрып кету.
  • Сес, айбат: тістену, тіс қайрау, саусағын безеу сияқты ерсі қимылдар.
  • Келемеж: ернін шығару, саусағын көрсету, күлу арқылы білдіру.

Жеңілу, кешірім сұрау, татулық

Жеңілу белгісі ретінде бас ию, тізе бүгу, қол қусыру, аяғына жығылу

Түкіру ишарасының көп мағынасы

Түкірудің өзі әр жағдайда бөлек мағына береді:

Алақанға түкіру
Іске жұмылу, ширақ кірісу нышаны.
Жерге түкіру
Өкіну, қапалану ишарасы.
Бетке түкіру
Қорлау, ауыр жаза ретінде қолданылған.

Сондай-ақ көз тиюден сақтану үшін «түкіртіп алу» дәстүрі де бар. Бұл — бір ишараның өзінде халықтың жағдайға қарай мағына өрбіте білетінін көрсетеді.

Менсінбеу, тәкаппарлық және табу

Біреуді менсінбеу, жақтырмау күйі де қимылдан байқалады: бет тыржиту, қабақ түю, маңдай қырыстыру, танауын көтеру, мұрнын шүйіру. Кеуде, танау, иық көтеріп жүретінді ел тәкаппар деп таниды.

Дана халқымыз «табу» тәсілін сөзде ғана емес, қимыл-ишарада да қолданған. Мысалы, қасқырды «ит-құс» деу сияқты, ойын астарлап жеткізу — сөзді шығындай бермей-ақ ұғындырудың бір жолы.

Күнделікті ым: шақыру, тоқтату, емеурін

Қарапайым белгілер

Алыстан шақырғанда қол бұлғау, бөркін қолға алып бұлғау; «тоқта» дегенді қол көтеріп ұғындыру — өзінен-өзі түсінікті ишаралар.

Сезім мен құпия ишара

Сүйіспеншілікті көз қысу, қол қысу, сан шымшу білдірсе, «үндеме» дегенді ерін тістеу, көзін жұму арқылы аңғартатын кездер бар.

Араздық, кетісу және ауыр тыйымдар

Араздасу белгісі ретінде ат құйрығын кесу аталады. Біреуді табалағанда отырған жерін «құйрығымен түйіп» айызы қану деген бейнелі сөз де бар. «Енді көрінбе, қараң батсын» дегенде, жерден бір уыс топырақ алып, кетіп бара жатқан адамға топырақ шашу — бұрыннан келе жатқан «кетісу» ғұрпы.

Халық ұғымында топырақ шашу, теріс бата (қолды теріс жайып беру), бетке түкіру — ең ауыр жазаның қатарына жатады.

Ел-жұрт адамның жүріс-тұрысынан, қабақ-қасынан-ақ көңіл күйін сезеді: «қабағың ашық қой» деп қуанышын, «иығың түсіп кетіпті ғой» деп жабырқауын аңғарады. Жігіттердің мезгілсіз жүруі, әйелдердің керілуі сияқты белгілерден де әркім өзінше байлам жасайды.

Әзіл-қалжың мен іліктік ишаралар

  • Екі жігіт күлімдеп бастарын қасыса — бажа болғаны. «Бажа бажаны көрсе, басы қышиды» деген сөз содан.
  • Жастар бір еркектің құлағынан тартып ойнаса — ол жездесі екенін білдіреді.
  • Екі саусағын танауына тығып келу — «ештеңе бітірмедім» немесе «бір үлестен құр қалдым» деген ишара ретінде айтылады.
  • «Жақсы» дегенді бас бармақпен көрсету, «жаман» дегенді қол сермеп, мұрын тыржиту да кездеседі.

Кейінгі кезде ішімдікке әуестенгендер кеңірдегін шерту арқылы «дәметуді» білдіретіні байқалады. Мұны халықтық көне ғұрыптан гөрі, жаңа пайда болған тұрпайы белгі ретінде бағалаған дұрыс.

Әдеп, тыйым және «әдеттің» күші

Әдет-ғұрыптың орны мен жөні бар. Оларды орынсыз қайталау әдепке жат, кей тұста жаман ырым саналып тыйым салынған. Қуаныштан өзге жағдайда белгілі қимылдарды қайталамау — осыдан шыққан ұстаным.

«Бүйіріңді таянба», «қолыңды төбеңе қойма», «саусағыңды беземе» сияқты ескертпелер — әдептілік ережелері ғана емес, қимылдың мән-мағынасын дұрыс түсінуден туған қоғамдық тәртіп.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген нақылдың терең сыры да осында: адамның дағдысы ғана емес, халықтың ишарамен сөйлейтін мәдени тілі де өмір салтымен бірге орнығып, ұрпақ жадында сақталып қалады.

Әзірлеген: Бегімхан Керімханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.