Шындықты айт, әлде оның соңы жамандықпен аяқталмақ
Ақиқатқа сүйіспеншілікпен қызмет ет
«Кешегі шындық, бүгінгі шындық, ертеңгі шындық — үш шындықтың үшеуі де әртүрлі. Жоқ, керек емес бұл шындықтар, маған нағыз ақиқат керек!» — деп Шәкәрім Құдайбердіұлы өз сөзінде ақиқатқа деген терең сүйіспеншілігін білдіреді.
Адам баласы әрдайым өзіне шындықтың айтылғанын, ақиқаттың алдында жауап берілгенін қалайды. Алайда көпшілігі ақиқаттың жағымды түрде, шын ниетпен жеткізілгенін қажет етеді. Өйткені шындық ащы болса, ол кімге ұнасын?
Ақиқатты адамның бетіне лақтырмай, жүректен жүрекке — шынайы ықыласпен, жұмсақ мінезбен жеткізу қандай ғанибет! Шындық тәтті болсын, ащы болсын, айтсам да, жазсам да ол аппақ ақиқат болуы тиіс.
Ақиқатты айту әдебі
Адамға ақиқатты жеткізбес бұрын, мейірімділігі мол, ішкі тыныштығы берік жаннан ғибрат алып, оны түсінуге тырысу керек. Себебі шындықтың өзін жеткізуші — терең ой мен кемел білім. Бұлар — менің басты құралым.
Егер менің шындығым құпия болып қалса да, ерте ме, кеш пе ол жария болады. Өйткені әр адамның өмірінде шындықты қабылдау немесе шындықты жеткізу сәттері кездеседі.
Бірде таныс құрбым: «Шындықты айт, әйтпесе соңы жамандықпен аяқталуы мүмкін» — деді. Мен онымен толық келістім.
Өмірден алынған мысал: жасырылған шындық
Менің де басымнан осындай жағдай өткен. Көрші құрбыма өз кітабымды берген едім. Күн сайын «ертең қайтарамын» деп түрлі сылтау айтумен жүрді. Бір апта өткен соң, кітабымды қайтаруын талап еттім. Ал ол болса, кітапты жоғалтып алғанын айтты.
Кейде адамдар жақындарын ренжітпеу үшін шындықты жасырады. Жақында анам маған телефон соғып: «Сенің ағаң сырқаттанып қалды. Әкең екеуіміз ауылға барып қайтайық деп жатырмыз…» — деді. Бірақ үйге киім-кешек алуға келгенде, ағамның бақилық болғанын естіртті.
Сол сәтте көзім жасаурап, жүрегіме ауыр салмақ түскендей болды. Кейбір шындықты есту — адамның жанын бір сәтте өзгертетін оқиға.
Ақиқат — адамның айнасы
Ақиқат — барша адамдардың айнасы. Адам өмірдің мәнін ойлаған сайын, өз жолын, мақсатын табуға талпынады. Кейде ащы ақиқат сол жолды қиып өтіп, үмітті жоққа шығаруы мүмкін. Ал жағымды, жігерлендіретін шындық мақсатқа жетуіме демеу болып, алға жетелейді.
Егер мен әлемге махаббатқа толы жүрекпен қарасам, шындықтың өзі ізгілікке айналып, күмәнсіз ақиқатқа жетелейді.
Жалған мен жасырынған ақиқатты ажырату
Кейбір адамдар жалғанды әдейі айтады, ал енді бірі қиындыққа ұрынбас үшін шындықты жасырады. Сондықтан мен үшін маңызды мақсат — әдейі айтылған жалғанды және жасырынған ақиқатты айыра білу.
- Ақиқатты айтуда ниет таза болуы керек.
- Терең ой мен білім — шындықты дұрыс жеткізудің тірегі.
- Жұмсақ сөз бен мейірім ақиқаттың ауырлығын жеңілдетеді.
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы
Абай атындағы №2 лицей КММ, 7 «Ә» сынып оқушысы — Есимханова Назерке
Пән мұғалімі: Байкулова К. М.