Әке - отбасының қамқоршысы

Сабақтың мақсаты

Бұл тәрбие сағатының өзегі — бала санасына ата-анаға деген құрмет пен сыйластық ұғымдарын орнықтыру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі ерекше орнын түсіндіру.

Сонымен бірге халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әженің өнегесімен, атаның ақылымен берілетінін ұғындырып, ұлттық құндылықтарды балалардың бойына дарыту көзделеді. Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту, шығармашылықпен жұмыс істеуге, өз ойын тұжырымдап, дәлелді сөйлеуге үйрету — сабақтың маңызды бағыттарының бірі.

Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық және достық қарым-қатынасты қалыптастыру, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, сыпайы әрі ілтипатты болуға тәрбиелеу де осы сабақтың негізгі міндеті.

Есте сақтайтын ой

Отбасы — баланың алғашқы мектебі, мейірім мен жауапкершілікке баулитын ең жақын орта.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпта жұмысқа қолайлы көңіл күй қалыптастырылады, сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижелер қысқаша айқындалады.

II. Психологиялық дайындық

Оқушылар күнге қолдарын созып, күннің жомарт сәулесі жүректерін жылу мен махаббатқа толтыратынын елестетеді.

Күн жарығын алақанға саламын,

Жүрегіме басып ұстай аламын.

Ізгі әрі нәзік, жарық, мейірімді —

Болып кетер сонда дереу жан-жағым.

Ортақ хормен айтылатын шумақ

Осы жылулық сезіммен сабақ басталып, әр оқушының ниеті ізгілікке бағытталады.

III. Топқа бөліну: «Тату – тәтті отбасы»

Музыка ырғағымен қозғалып жүріп, «Тату-тәтті отбасында 2 (3, 4, 5) адам» деген нұсқау айтылғанда, оқушылар сол санға сәйкес бірігіп, қол ұстасып немесе құшақтасып топ құрады. Жаттығу 2–3 рет қайталанады.

Әр топ өз атауын құндылықтармен байланыстырады: Мейірім, Сезім, Татулық, Сыйластық.

IV. Қызығушылықты ояту

Көрсетілім

«Семья» тақырыбындағы бейнефильм тамашаланып, оқушылар «Не байқадыңыз?» деген сұрақ арқылы өз ойымен бөліседі.

Бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы — бәрімізге таныс әрі ыстық: «Отбасым – күншуағым».

Талқылау сұрақтары

  • Отбасы деген не?
  • Отбасы мүшелері деп кімдерді айтамыз?

Әр топ 2–3 минут ішінде «Отбасы» ұғымына анықтама береді.

Нақтыланған анықтама

Отбасы — мүшелері туыстық қатынаста болатын, бір-біріне қамқорлық жасап, ортақ құндылықтармен біріккен шағын қоғам.

Онда әкем, шешем тұрады,

Ата-әже, бауырым —

Бәрі бірге қосылып,

Бір ұғымды құрады.

Жауабы: Отбасы

Отбасының татулығы ең алдымен сыйластық пен құрметке сүйенеді. Үлкеннің ақылын тыңдап, кішіге қамқор болу — берекелі шаңырақтың белгісі.

V. Постер жасау (топтық жұмыс)

Әр топ өз тақырыбы бойынша постер дайындап, қорғайды. Қалған топтар «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» тәсілімен кері байланыс береді.

I топ

Ата, әже — асыл жандар (суреттеп көрсету).

II топ

Әке — отбасының қамқоршысы (мақал-мәтелдермен).

III топ

Ана — отбасының құт-берекесі (ән айту, өлең арнау).

IV топ

«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» (жақсы қарым-қатынасты насихаттау).

«Ұлылардан қалған ұлы сөздер»

Жанұяда әке мен ананың орны ерекше. Бұл туралы талай дана, ақын-жазушыларымыз жүрекке жетер сөз қалдырған. Ендеше, сол өсиеттерге құлақ түрейік.

1-оқушы

Мұхаммед Пайғамбар: «Әуелі анаңды сыйла, сосын анаңды сыйла және тағы да анаңды сыйла!»

2-оқушы

Кемал Кеніш: «Үйіміздің шуақты нұры — аяулы ана, асқар тауы, ақылшы тірегі — әке.»

3-оқушы

Дулат Бабатайұлы: «Ата-ана ақылы — қазылған қара кенмен тең.»

4-оқушы

Махмұд Қашқари: «Атасынан ақыл алса — тентек ұл да жөнделер.»

VI. Ой толғаныс

Сабақ соңында оқушылар бүгінгі әңгімеден түйген ойларын қысқаша жазып, стикерлерді тақтаға іледі.

Тірек сөйлемдер

  • Отбасы бақытты, өйткені …
  • Отбасы татулығы …
  • Менің отбасымда сақталған әдет-ғұрыптар: …
  • Отбасының берекесі мен бірлігі …

Қорытынды

Отбасы — шағын мемлекет. Сондықтан халқымыз отбасының берік құрылымына ерекше мән беріп, ар-намысты сақтауға, отбасының сырын шашпауға, бір-біріне адал болуға тәрбиелеген.

Түйін

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәні де осында.