Абылай хан туралы слайд

Кіріспе сөз

Абылай — үш жүздің басын қосқан данышпан хан, алып мемлекеттердің қыспағында елін аман сақтай білген кемеңгер дипломат, жаумен айқаста жеңіске бастар жолды таба алған көреген қолбасшы. Ол қазақ халқын талай тар жол, тайғақ кешуден аман алып өтті.

Биыл Абылай ханның туғанына 300 жыл толады. Қазақ тарихында өшпес орны бар тұлғаның мерейін асқақтату — тәуелсіз ел ұрпағының парызы. Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген шақта өз тарихымызды өзімізге де, өзгелерге де таныта білуіміз қажет.

Бүгін 8 «В» сыныбында «Абылай хан — XVIII ғасырдағы қазақтың айбынды ханы» тақырыбындағы тәрбие сағатына қош келдіңіздер.

1) БҮҮ стратегиясы: бастапқы білімді анықтау

Білемін

Оқушылармен ақылдаса отырып, Абылай хан туралы білетін деректер мен ұғымдарды тізімдеу.

Білгім келеді

Тұлғаның қасиеттері, шешендігі, дипломатиясы және тарихи рөлі туралы сұрақтар құрастыру.

Білдім

Сабақ соңында жаңа түсініктерді қорытындылап, негізгі ойды бекіту.

Бұл бөлімде оқушылар Абылай ханның бойындағы жағымды қасиеттерді атап, ойларын ортақ тізімге біріктіреді.

2) Топтық жұмыс: постер қорғау

Оқушылар 4 топқа бөлінеді. Әр топ Абылай ханның бір қырын ашып, постер дайындайды және қорғайды. Дайындалуға 5–10 минут беріледі.

1-топ: Айбынды батыр

Жауынгерлік рух, ерлік, шешімталдық және ел қорғаны бола білу.

2-топ: Көреген саясаткер

Дипломатия, мәміле, ел мүддесін қорғаудағы даналық.

3-топ: Ұлы хан

Үш жүздің басын қосу, бірлік идеясы, мемлекетшілдік көзқарас.

4-топ: Жаңашыл реформатор

Басқару тәжірибесі, тәртіп пен жүйені нығайтуға бағытталған қадамдар.

Әр топ өз тақырыбын қорғайды. Қалған топтар сұрақ қойып, дәлел мен дәйекке сүйеніп пікір білдіреді.

3) «Болжау» стратегиясы: тарихи мәтінмен жұмыс

Абылай хан туралы орыс ғалымдары мен зерттеушілер, патша өкіметінің шенеуніктері, сондай-ақ қазақтың белгілі тұлғалары еңбектер жазған. Солардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бар.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шежіресінен үзінді

«Қалдан Шеріннің Сәру деген інісін жорықта кезіктіріп, Абылай өлтірген екен. Қалмақтан шыққан Сына батыр Қалдан Шеріннен қашып, Абылайға келіп паналаған екен. “Кісімді өзіме қайырып берсін!” — дегенде, Абылай: “Қолынан келгенін менен аямасын!” — деп, бермей қойған екен...»

«...Көкшетауда бүркіт салып жүргенінде, қалмақтың бір жайсаңы Абылайды ұстап әкетіпті... Қалдан Шерін жарлық қылыпты: “Абылайды маған көрсетпей, жеті күн, жеті түн зынданға салыңдар, ас-су бермеңдер... Сегізінші күні айдалаға бір ақбоз үй тігіп, ішіне жалғыз қылып қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып, қолына ұстата қойыңдар... Егер ақсүйек болса, аштан өліп бара жатса да, майды керек қылмас. Мұны осылайша сынайық”...»

Сұрақ: ары қарай не болады?

Оқушылар мәтіннің жалғасын өз ойымен болжап, дәлелдеуге тырысады. Әр топ өз нұсқасын ұсынады.

Оқиғаның жалғасы (мәтін бойынша)

«...Сегізінші күні ақбоз үйдің ішіне жападан-жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып, қолына ұстатты. Абылай суды ішіп еді, май не ерімеді, не аузына бармады. “Үрсем кетпейтін, өпсем келмейтін неме едің ғой!” — деп, қолындағы аяқты “Бар енді!” — деп, аспанға бір-ақ атты дейді...»

Одан кейін Қалдан Шерін Абылайды тағы сынау үшін жендеттерге бұйрық береді: қылышпен ұмтылып, егер жасқанып қалса — шауып тастау, ал егер қаймықпай қасқайып отырса — шаппау.

«...Жендеттер жетіп барғанда, Абылай қабағын да қақпай, жасқанбастан отыра берді дейді...»

Соңында Қалдан Шерін саркардаларын жинап, көптің ортасына отырып, Абылайды шақыртады: ешкім орын бермесін дейді. Ниеті — төрге ұмтылар ұстанымына қарап, оның тектілігін тану.

«...Абылай үйге кіргенде жан-жағына жалтақтамай, тақтың үсті бос тұрғанын көріп, тұп-тура барып таққа мініп, Қалдан Шеріннің отыратын орнына отырды... Қалмақтар қауқылдасты: “Ол жерге неге отырасың?!” Сонда Абылай: “Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. Оның құты қашты да, менің аруағым басты... Енді бұл жерге мен отырмағанда, шайтан отыра ма?!” — дейді. Сонда қалмақтар: “Сөз тапқанға қолқа жоқ деген осы екен...” — десіпті.»

Мәтін аяқталғаннан кейін оқушылардың көмегімен Абылай ханның тұтас бейнесі құрастырылады: мінезі, айбыны, парасаты, шешендігі және мемлекетшілдігі бір арнаға тоғыстырылады.

4) Абылайдың «үш арманы»

Мұғалім оқушыларға ой тастайды: Абылай ханның үш арманы қандай болған? Оқушылар өзара пікірлесіп, болжамдарын айтады. Кейін мәтін оқылып, ойлар салыстырылады.

Бұқар жыраумен сұхбаттан

Бұқар жырау қоштасуға келгенде: «Хан ием, не арманың бар?» — деп сұрайды.

Абылай хан: «Үш арманым бар» — дейді:

  1. «Елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емгізе алмадым».
  2. «Менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді».
  3. «Елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті».

Абылай ханға арнау

Ұлы Абылай хан, алып ием,

Асқар таудай алып ең.

Қазағым деп жанып ең,

Қазағым деп налып ең.

Тосылғанда қалың ел,

Өзіңді-өзің танып ең,

Намыс өртеп жағып ең,

Ұлы Абылай, хан ием!

Қорғаным ең, бағым ең!

5) Ой-толғаныс: тәуелсіз ұрпақтың үнқатысы

Оқушылар тәуелсіз Қазақстанның ұланы ретінде Абылай ханға арнап эссе жазады. Мақсат — тарихи тұлғамен рухани байланыс орнату, бүгінгі еркіндіктің құнын сезіну және азаматтық көзқарасты қалыптастыру.

Қорытынды

Бүгінде біз Абылай баба аңсаған арманға жақындадық: еліміз тәуелсіздік алды, өзге ұлыстармен терезесі тең ел ретінде көк туымызды желбіреттік. Біз бабалар өсиетін, аманатын ұмытпай, олардың рухына тағзым ете отырып, игі істі жалғастырып келеміз.

Ел тарихындағы біртуар тұлғалардың бірі — тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынасты нығайтып, дүние жүзі қазақтарының басын қосып, құрылтай өткізді. Бұл — ата дәстүріне адалдық пен өзара сыйластықтың белгісі.

Сабақтың аяқталуы

Қазақстан Республикасының Әнұранын орындау.