Аралап жердің жүзін жүрер сөзім

Сабақтың өзегі

Тақырып

«Аралап жердің жүзін жүрер сөзім...»

Түрі

Топтық сайыс

Әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Зерттеу
  • Түсіндіру

Мақсаттары

  1. 1 Сыр өңірінің сүлейлерінің бірі, дүлдүл ақын әрі сөз зергері Тұрмағанбет Ізтілеуовтің ақындық мұрасымен таныстыру; поэзиясының өзіндік ерекшелігін айқындау.
  2. 2 Тарихи тұлғаларды танып-білуге баулу, жастарды білімге үндеу; ғылым мен білімнің адам өміріндегі маңызын ұғындыру.
  3. 3 Ойлау мәдениетін, белсенділік пен ізденімпаздықты дамыту; сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Көрнекілігі

  • Т. Ізтілеуов портреті
  • М. Әуезовтің суреті
  • Неміс ақыны В. Гетенің суреті
  • Кітаптар көрмесі

Кіріспе: ақынның орны — сөзінің биігі

«Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе биікте көп», — деген екен Ғ. Мүсірепов. Осы өлшемге толық сай келетін, қаламы ұшқыр, ойы терең, әр сөзінің астарында салмақ жатқан дүлдүл ақындарымыздың бірі — Тұрмағанбет Ізтілеуов.

Құнарлы жерге ғана көк қаулап өсетіні секілді, нағыз талант табиғи қабілетпен, тума дарынмен келеді. Тұрмағанбеттің болмысы — осының айғағы: сегіз қырлы, бір сырлы; бұрқыраса — дауыл, жарқ етсе — жасын; бірбеткей, қайсар, отты мінездің адамы. Ол Кіші жүздің Кете руынан шыққан.

Сабақтың барысы: топтық құрылым

Сынып үш топқа бөлініп, алдын ала берілген тапсырмалар бойынша жұмыс жүргізіледі. Әр топ өз бағытын қорғайды және ортақ талқылауға қатысады.

І топ — Өмірі

Тұрмағанбет Ізтілеуов 1882 жылы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысының Қазалы уезінде, Қуаңдария болысының 2-ауылында, Ақтайлақ кезең атанған мекенде дүниеге келген (қазіргі Қармақшы ауданындағы ақын атындағы шаруашылық аумағы).

Әкесі — Ізтілеу, тұрмысы ауыр жалшы болған; анасы — үй шаруасындағы жан. Нағашысы Ермағанбет ақын ұйқастырып, атын Тұрмағанбет қойғаны айтылады.

Алғаш ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан ақын 16 жасында Бұқарадағы әйгілі Мир-Араб медресесіне түсіп, кейін 1899 жылдан бастап Көкелташ медресесінде оқиды. Мир-Арабта арабша, Көкелташта парсы-шағатай тілдерін меңгереді.

Елге оралған соң мектеп ашады. Дін жолынан гөрі өнер жолын таңдаған ол араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Фирдоуси, Әл-Фараби, Әбу Әли Сина, Низами, Бабыр, Науаи еңбектерін зерделейді. Әсіресе Фирдоуси мен Науаи поэзиясының әсері ерекше болған.

ІІ топ — Шығармашылығының сан алуандығы

Лирик ақын

Тұрмағанбет — ғажайып лирик. Ол адамның ішкі сезімін, наз сырын дәл бедерлейтін сөз өрнегін жасай білді. Лирикалары назды-сазды ғана емес, терең мәнді, әсерлі.

Ақын — жел, есер, гулер жүйрік желдей,
Ақын — от, лаулап жанар аспанға өрлей.
Қиялы, жан жүрегі — қайнаған от,
Ақынды алас ұртар тыныштық бермей.

Шығыс дәстүрі және жанрлық жаңалық

Ақын шығыс поэзиясы дәстүрін терең сіңіріп, идеялық сарындар мен оқиғаларды жаңғырта жырлады; қазақ өлеңін түрі мен мазмұны жағынан байытты. Соның айғағы — қазақ әдебиетінде рубаи, мысал жанрларын кеңінен дамытуы.

Аударма және мәдени көпір

Тұрмағанбет туысқан халықтар әдебиетін жалғауға да айрықша еңбек сіңірді. Оның ең ірі дәлелі — Шығыстың ұлы ақыны Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақшаға аударуы.

Мысалдары мен айтыстары

Мысалдарында көп нәрсені тұспалдап, пернелеп айтып, адам бойындағы оғаш мінез-құлықты сынайды, жақсылығын үлгі етеді.

  • «Сүлеймен мен Кірпікшешен»
  • «Төрт дос»
  • «Көкқұтан мен шымшық»
  • «Өгіз бен есек»
  • «Соқыр мен ақсақ»
  • Басқа да мысалдар

Айтыстарының ішінде: Шәді төремен айтысы, Жүрсінмен, Сәнбаламен, Әбдікәріммен айтыстары аталады.

ІІІ топ — Зерттелуі

Тұрмағанбеттің өмір деректерін, шығармаларын жинап, жұртшылыққа таныстыруда фольклорист М. Байділдаев көп еңбек сіңірген. Сонымен бірге Ө. Күмісбаев, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Тәжібаев, Н. Төреқұлов, Р. Бердібаев, Т. Жүргенов, Үсеновтер ақын мұрасы туралы зерттеп, пікір білдірген.

Қорытынды сұрақ

Сонымен, Тұрмағанбет Ізтілеуов кім? Біз оны қандай қырынан тани аламыз?

мысалшы лирик ақын айтыскер аудармашы сүлей термеші рубаи жазған философ

Топтық тапсырмалар және талқылау

Сабақ барысында әр топқа орындауға лайық нақты тапсырмалар беріледі. Мақсат — мәтінді түсіну ғана емес, оны айту, дәлелдеу, мәнін ашу арқылы шығармашылықпен игеру.

І топ

  • Бір өлеңін жатқа оқу: «Ақыл — тон, аңдағанға тозбайтұғын»

ІІ топ

  • Термесін орындау: «Қамын ойла халқыңның»

ІІІ топ

  • Нақыл сөздерін жатқа айтып, мәнін түсіндіру

Салауатты өмір салты: рубаи арқылы ой қозғау

Оқушыларға ақынның «Шылым», «Насыбай», «Арақ» тақырыптарындағы рубаилары мен шумақтары таратылып, мәтін мазмұны бойынша пікірталас ұйымдастырылады. Негізгі назар — зиянды әдеттердің адам өміріне әсерін дәлелді оймен талқылауға аударылады.

Тапқырлықты тексеру: мақал-мәтелдер

Үш топтың зеректігі мен тіл мәдениеті мақал-мәтелдер арқылы бағаланады (бос орындарды толықтыру).

1-макал

Жолдасы жоқ жігіттің ....................., ....................... жоқ.

2-макал

Ақымақтың ақылы — білегінде, ақылдының ақылы ...................

3-макал

Ағадан — ақыл, ініден ..............

Қорытынды: мәңгілік мұраның мәні

Ортамызға қайта оралған Тұрмағанбет мұрасы — қадірлейтін қымбат қазына. Ақын туған халқының болмысын сан қырынан танытып, әртүрлі тақырыптық өрістерді жырлады. Ол қоғам мен уақыттың сана-сезіміне, жаңарған ұрпақтың талабына сай жаңа сипат табуға ұмтылды.

Қазақ поэзиясының кең арнасына Абай ізімен еркін әрі етене енген Тұрмағанбет шығармаларының лейтмотиві — ағартушылық ой: халықты білімге шақыру, адамгершілік қасиеттерге баулу, өмірдің жарқын жағына жетелеу, елге қызмет ететін азамат болуға үндеу, жақсы мінезді дәріптеу.

Бүгін де ақынның асқақ үні мен әуені жыр сүйер жұрттың жадында.

Сабақтың финалы

Сабақ соңында үнтаспадан қармақшылық жырау Арнұр Көшеней орындауындағы Тұрмағанбеттің термесі тыңдалып, әсер мен ой түйіні ортақ талқылауға салынады.