Анау - мынау
Сабақ туралы жалпы мәлімет
Тақырып
Жалпылау есімдігі (слайд арқылы).
Сабақтың түрі
Сайыс сабақ.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, сурет және басқа пәндер.
Мақсат-міндеттер
- Сабақтың мақсаты: жалпылау есімдігі туралы оқушының білім көкжиегін кеңейтуге бағыт беру.
- Тәрбиелік: мақал-мәтелдер, жұмбақтар және ақын өлеңдері арқылы адамгершілікке, ой ұшқырлығы мен тапқырлыққа тәрбиелеу.
- Дамытушылық: іздену-зерттеу дағдыларын дамыту, мәтін мен өлең мәнін аша отырып терең, жүйелі ойлауға және көркем сөйлеуге үйрету.
Құрал-жабдықтар
Көрнекіліктер
Жұмбақтар, суреттер, перфокарта, жетондар, кеспе қағаздар, сыйлықтар, шар, дидактикалық материалдар.
Техникалық құралдар
Интерактивті тақта, слайд.
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, өзіндік ізденіс, топтау, жинақтау, көрнекілік әдіс.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Сабаққа назарын аудару.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Сағи Жиенбаевтың «Ертең» өлеңі бойынша жұмыс: мәтіннен есімдіктерді таптыру, еске түсіру және сұрақ-жауап арқылы бекіту.
Өлеңнен үзінді
Тұрам ерте,
Шығам ерте үйімнен...
Не қоям мен
Мына қарқын, түріммен?
Анау-мынау...
Белгілі ғой бәрі де.
Қалатұғын не бар дейсің бүгіннен?
Күндегі осы...
Күндегі осы тіршілік
Жең сыбанып, кірісемін құлшынып,
Анау-мынау... бітіп еді әлгіде,
Тағы да бір «анау-мынау»... тұр шығып.
Қайталау сұрақтары
- Есімдік дегеніміз не?
- Есімдіктер мағынасына қарай неше топқа бөлінеді?
- Жіктеу есімдігі дегеніміз не?
- Сілтеу есімдігі дегеніміз не?
- Сұрау есімдігі дегеніміз не?
3) Жаңа сабақ: Жалпылау есімдігі
Жалпылау есімдігіне бәрі, барлық, бар, барша, бүкіл, күллі, бүтін, түгел, тегіс сөздері жатады.
Мағыналық ерекшелігі
Бұл сөздер көп заттың атауының орнына қолданылып, жалпылау мәнін білдіреді.
Құрылымы
Бәрі, түгел, бүтін, тегіс, күллі сияқты түбір тұлғалы сөздер дара есімдіктер қатарына жатады.
Туынды есімдіктер
Жалпылау есімдігіне -ша, -лық жұрнақтары жалғанып, туынды есімдіктер жасалады.
бар + -ша → барша
бар + -лық → барлық
Мысалдар
Бар ойы – өлең айтып, ән салайық.
Абай
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би.
Мақал
Бәріміз бір атаның баласымыз.
С. Бақбергенов
Күллі ауылда жаны ашитын жалғыз Шәйхат қана.
Ә. Кекілбаев