Бүгінгі саяхатымыздың тақырыбы
Тәрбие сағатының тақырыбы
«Табиғатым — тағдырым»
Мақсаты
-
1) Білімділік: оқушылардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік құндылықтары туралы түсінігін кеңейту.
-
2) Дамытушылық: шығармашылық қабілетін, жақсылық жасай білу іскерлігін, ойлау мәдениетін дамыту; өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру.
-
3) Тәрбиелік: табиғатты қорғауға, елін-жерін сүюге, мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелеу; экологиялық тәрбие беру; Табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу.
Көрнекі құралдар
Сабақтың түрі
Дәстүрлі емес, саяхат түріндегі ой-толғау сабағы.
Сабақтың әдістері
Әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ-жауап, тілек айту, пікірлесу, шығармашылық жұмыстар.
Сабақтың құрылымы
-
I бөлім. Ұйымдастыру
-
II бөлім. Тақырыпты таныстыру және мақсатты хабарлау
Сабақтың барысы
Қайырлы күн, балалар! Күнде таңертең ояна салысымен терезені ашып, Табиғат-Анаға көз тастайсыңдар. Ал дәл бүгін Табиғат-Ана бізді несімен қуантты, бізге нені аңғартады?
Олай болса, сендерді Табиғат-Анаға бірлескен саяхатқа шақырамын. Бұл сапарда біз анадан мейірімділікті үйренеміз.
Кіріспе
«Өзін-өзі тану — адамгершілік негізі» ұранына сүйене отырып, сабағымды Сара Алпысқызына арнаған өлеңмен бастаймын.
Еңбек етіп жүр екенсіз аянбай,
Қиыншылық, кедергіге қарамай.
Тербетесіз мектеп — білім бесігін,
Айқара ашып өмір сізге есігін.
Жүзіңізден жылылық леп жайдары,
Шуағынан сәулелі нұр арайлы.
Ақылдылық, даналық, даралық —
Қазақ қызы бір өзіңізден тарайды.
Сүйсіндім мен сізге қарап тамсана,
Жанарыңыз, Сара апай, тамаша.
Ұлылығын көрдім сізден заманның,
Қазақ туын тік көтерген бір ана!
(«Есіл өңірі» газетінде 2013 жылғы ақпан айында жарияланған)
«Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша дайындалған бейнефильмді тамашалағаннан кейін, бүгінгі саяхатымыздың тақырыбын жариялаймыз: «Туған ел төсінде».
Бүгін біз қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік құндылықтары туралы түсінігімізді кеңейтеміз, табиғатты сүюді және қорғауды, Табиғат-Анаға ілтипатпен қарауды үйренеміз. Табиғатпен сырласып, оны түсінуге талпынамыз.
Табиғат — адамзаттың ғана емес, жалпы тіршілік атаулының ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Табиғат — сұлулықтың таусылмас көзі.
I слайд
Табиғатпен амандасу
Қайырлы күн, күнім, далам, орманым,
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім.
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер,
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі!
Сұрақ-жауап
Балалар, жалпы табиғат дегеніміз не? Оған нелер жатады?
Оқушылардың жауаптары: ауа, су, өсімдіктер, хайуанаттар, құстар, балықтар және т.б.
Ендеше, ауылымыздың төңірегіне саяхатымызды бастайық. Байгарин Ноянның орындауында «Ауылым» өлеңін тыңдаймыз.
Ескерту: Ноян 1-сыныптан бастап өлеңдерді жатқа айтып жүр; мектепішілік және сыныптан тыс байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Аудандық көркемөнерпаздар байқауында мақтау қағазы мен сыйлыққа ие болған.
Неткен күшті, құдіреттісің, табиғат,
Дәл сенімен тілдескендей адамзат.
Ауыл маңы орман-тоғай аралас,
Сүйсіндірер сайраған құс — ғаламат.
Көктемде біздің маңай гүлденеді,
Өзгеріп, көз тартарлық түрге енеді.
Сағынып құстар келер біздің елге,
Сән берер у-шуымен орман-көлге.
Ауылдың дәл алдында — Мұқыр сайы,
Көгорай шалғынымен малға жайлы.
Күреңбие, Қарағаш, Шиелісі —
Шертетіндей тарих сырын әрбір жайды.
Жаз келсе, Есіл тұрар қолын бұлғап,
Дем ал сен, қасыма кел, көңіл сұрап.
Шақырғандай сағынып әрбір жанды,
Жатсаңшы құмыма кеп аунап-қунап.
Айта берсем ауылымның жыры көп қой,
Жасыратын сендерден сыры жоқ қой.
Ендеше, ауылдастар, ойлаңдаршы,
Біздер үшін дәл Мұқырдай жер жоқ қой...
II слайд
Саяхаттың 1-аялдамасы: «Тіршілік атаулының бар арманы — ауа»
1-оқушы: Табиғат байлықтарының ішінде тіршілік атаулының өмір өзегі — ауа.
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.
Расында да, ауадан қымбат еш нәрсе жоқ: адам бар болғаны 1–2 минут қана дем алмай тұра алады. Сондықтан халқымыз «ауадай қажет» дейді.
Дегенмен ауаның қаншалықты таза екеніне толық жауап беру қиын. Мысалы, Семей қаласының үстінен кейде қою бұлттай тұман байқалады. Автокөліктерден, зауыттар мен фабрикалардан шыққан түтін ауаның мөлдірлігін бұзады, адамдардың денсаулығына зиян келтіреді.
Табиғат-Анаға қиянат жасау — өзімізге қастандық жасау. Сондықтан адамдарға айтарым: Табиғат-Ана саған дем алу үшін ауаны сыйлады. Сен оның сенімін ақта — ауаны ластама!
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, балалар. Ауасыз өмірді елестету мүмкін емес. Ауаны ластамау — әрқайсымыздың борышымыз. Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе?
III слайд
Саяхаттың 2-аялдамасы: «Бұлақ көрсең — көзін аш»
2-оқушы: Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі — су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз.
Қазақстанда өзен-көлдер, теңіздер аз емес. Алайда суды өлшеусіз, есепсіз пайдалану оның азаюына әкеліп соғып отыр.
Көзін ашып, бақ өсір бұлағыңа,
Айналсын құтты қоныс тұрағыңа.
Жайқалсын өлкемізде саялы бақ,
Бөленіп күннің нұрлы шуағына.
Мұғалім: Иә, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Жеміс егіп, ағаш отырғызып, еңбек етейік.
Ал табиғатымызды әсем әнге бөлейтін кімдер, балалар? (Құстар)
IV слайд
Саяхаттың 3-аялдамасы: «Орман сәні — құстар»
4-оқушы: Табиғаттың сәні де, әні де — қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем әуені бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді.
Құстар — біздің қанатты достарымыз, табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз оларды қадірлеп, құрметтеген: батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.
Аңызға сүйенсек, қалмақтың жас әскер басы себебін сұрағанда, Төле би үйінің төбесін көрсетіпті: «Қарлығаш шаңырағыма ұя салды, балапандары әлі жас — ұша алмайды», — деген екен. Жас әскер басы Төле бидің адамгершілігіне риза болыпты. Содан ел Төле биді «Қарлығаш би» атап, ал қарлығашты «әулие құс» деп қадірлеген.
Қорытынды ой
Бүгін біз табиғаттың тамаша туындыларына саяхат жасадық. Табиғат-Ана адамзатқа қажеттінің бәрін берген: дем алу үшін ауа, тіршілікке нәр берер мөлдір су, ғажайып жасыл әлем, орман-тоғайдың ажарын кіргізетін құстар мен жануарлар. Қысқасы, өмірге керек нәрсенің бәрін біз Табиғат-Анадан аламыз.
Ол қандай мейірімді, қандай дархан! Кеңдігі қандай болса, жүрегіндегі қайырымдылық та дәл сондай мол. Ендеше, дәл қазір Табиғат-Анадан үйренген мейірімділігімізді бір-бірімізге арнайық.