Қош, сүйікті балабақшамыз
Қош, сүйікті балабақшамыз!
Бұл ертеңгілік — мектепке дейінгі дайындық тобының балаларын үлкен өмірге, жаңа белеске шығарып салуға арналған мерекелік кеш. Бір жыл бұрын кішкентай ғана бүлдіршін болған балалар бүгін бойы да, ойы да өсіп, бірінші сыныпқа қадам басқалы тұр.
Тілек: Қадамдарыңа гүл бітсін, талаптарыңа нұр жаусын!
Мақсаты
- Балалардың жыл бойы алған білім-біліктері мен ой-өрісінің жемісін, өнерін көпшілікке ұсыну.
- Балаларды мектеп өміріне, үлкен өмірге қадам басуға дайындау.
- Адамгершілікке, достыққа, бауырмалдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Қатысушылар
- Ата-аналар
- Қонақтар
- Ұстаздар
- Балалар
Жұмыс барысы
1) Кіріспе
- Музыка әуені ойналады. Балалар топқа тәрбиешімен бірге кіреді.
Тәрбиешінің сөзі
Өтті міне көп күндер,
Жеті жасқа жеттіңдер.
Барасыңдар мектепке —
Бір белестен өттіңдер.
Өсті ақыл-ойларың,
Құтты болсын тойларың!
Міне, балалар, сендер бір белестен аттап өтіп, мектеп деген үлкен теңізге сапар шеккелі отырсыңдар. Бүгінгі мерекемізге ата-аналар, қонақтар, ұстаздар келіп отыр.
Құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі ертеңгілігіміз мектепке дейінгі дайындық тобы балаларын мектепке шығарып салу мерекесіне арналады. Алдарыңызда тұрған балалар осыдан бір жыл бұрын кішкентай ғана балдырғандар еді. Енді міне, бойлары да, ойлары да өсіп, бірінші сыныпқа қадам басқалы тұр.
Балаларға «Қадамдарыңа гүл бітсін, талаптарыңа нұр жаусын!» дей отырып, «Қош, сүйікті балабақшамыз!» атты ертеңгілігімізді ашуға рұқсат етіңіздер.
2) ҚР Мемлекеттік Гимні
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
3) Көркем сөз және құттықтаулар
Тәрбиешінің кіріспесі
«Бала деген шіркін-ай, балдай екен, тәттілігі жаяумен жалдай екен. Арып-ашып даладан келгеніңде, бал иісін таттырып алдайды екен», — деп Кенен Әзірбаев атамыз айтқандай, кішкентай бүлдіршіндеріміздің бал тіліне құлақ салайық.
1 — Аяулым
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Бақшаменен қоштасу тойымызға.
2 — Ұлпан
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздерінен мейіріммен нұр толар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған —
Біз алаңсыз балғын шақты балалар.
3 — Ерасыл
Талай-талай баспалдақты аттармыз,
Ата-ананың үмітін де ақтармыз.
Тәрбиеші, сізден алған ақылды
Есімізде өмір бойы сақтармыз.
4 — Ақниет
Бұл қуаныш себебін
Бізге қарап ұғарсың.
Ер жетті деп бөбегін
Туған дала қуансын.
5 — Әли
Қуанамыз, сыйлаймыз
Қуаныштың мың гүлін.
Бақшамызды қимай біз
Қоштасатын күн — бүгін.
6 — Ермұхамед
Алау болып жанамыз,
Құлыншақ боп шабамыз.
Балапандай талпынып,
Көкке қанат қағамыз.
7 — Нұрай
Шықтық міне хат танып,
Жырын елдің жаттадық.
Ұстазымның еңбегі
Жатса екен ақталып.
8 — Айдын
Құштар болып білімге
Біз өрлейміз түбінде.
Бақшамызды тәмамдап,
Алға кеттік бүгінде.
9 — Зарина
Ботақандай бөбек деп
Еркелеткен ұл-қызын.
Біздің әпкей ерекше —
Қуантатын біз бүгін.
Келесі бөлім
Хор
«Ақылшым мұғалім»
Би
«Үнді биі» (Ұлпан, Аяулым)
Тәрбиешінің шақыруы
Ей, бүлдіршін, бүлдіршін,
Өмір бізді күлдірсін.
Тойға келген мына жұрт
Ән мен биге бір тойсын!
10 — Бексұлтан
Мектепке ертең барамыз,
Оқимыз, білім аламыз.
Қашықта болса арамыз,
Сіздерге келіп тұрамыз.
11 — Сәбина
Мектеп — қамқор анамыз,
Оқып білім аламыз.
Өнерпаз боп өсетін —
Біз оқушы боламыз.
12 — Нұрымжан
Өсіп ой мен санамыз,
Өмірге жол саламыз.
Білім қуған баламыз —
Біз оқушы боламыз.
13 — Сезім
Мектепке енді барамыз,
Үлгілі оқушы боламыз.
Жақсы оқып сабақты,
Кілең бестік аламыз.
14 — Ақжан
Қолыма гүл аламын,
Дайын дәптер, қаламым.
Таңқалдырып достарымды
Мен мектепке барамын.
15 — Дияс
Үйренеміз өнер біз,
Шетімізден шеберміз.
Тақпақ айтып, ән шырқап,
Билеп-билеп береміз.
16 — Әсем
Бұл — екінші үйіміз,
Біз — туғанбыз бәріміз.
Біз осы үйдің гүліміз,
Біз осы үйдің сәніміз.
Ән
«Жау-жау жаңбыр»
Орындайтындар
Ақниет, Нұрай, Жанару, Аяулым, Ақжан
17 — Дәурен
Қиынсынып қашпаймыз,
Шынығамыз жастай біз.
Көңілді әуен сазымен
Жаттығуды бастаймыз.
18 — Нұрдәулет
Мәпелеген анамыз —
Бақша болды панамыз.
Мектепке енді барамыз,
Оқып білім аламыз.
19 — Жанару
Бөлмеде кеңес бересіз,
Болашағымызға сенесіз.
Бізден кейін кетесіз,
Бізден бұрын келесіз.
20 — Жансұлу
Қош бол, ойыншықтарым,
Жасырып кейде тыққаным.
Кеткендей кеше қоштасып,
Келгенде алдан шыққаның.
21 — Бақытжан
Баулып, баптап өсірген,
Бұзықтық етсек кешірген.
Ұмытпаймыз өзіңді,
Ұмытпаймыз сөзіңді.
22 — Нұрислам
Құшағында жарқылдап
Өтті сәби күндерім.
Би биледім, ән тыңдап,
Алаңдауды білмедім.
23 — Алина
Бала-бала баламыз,
Бақшамызға барамыз.
Күні бойы қызыққа
Батамыз да қаламыз.
24 — Мунира
Жүзімізге қараңыз —
Бал күлкілі баламыз.
Бізге қымбат күншуақ,
Көкке қанат қағамыз.
Автор
Дарменқұлова Жанар Ерболатқызы