Көктеп жамау
Сабақ жоспары: «Киім-кешекті күту»
Ақтөбе қаласы. Бастауыш сынып мұғалімі — Шангытбаева Гүльсим Нарымбетовна. Бұл сабақта киімнің түрлері, оны дұрыс таңдау талаптары және киімді жөндеудің негізгі тәсілдері қарастырылады.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Көрнекілігі
- Суреттер, киім түрлерінің үлгілері
- Пайдалы кеңестер
- СТО элементтері
- Интерактивті тақта
Пәнаралық байланыс
Сызу, сурет, тарих, әдебиет
Сабақтың мақсаттары
- Білімдік мақсат: киім түрлері туралы мәлімет беру және жөндеу түрлерін меңгерту.
- Танымдық мақсат: киімнің пайда болуы, қолданылуы және қоғамдағы рөлі туралы түсінігін кеңейту.
- Практикалық мақсат: арнайы киімге қойылатын қолданымдық және эстетикалық талаптарды ажырату.
- Тәрбиелік мақсат: еңбекке ұқыптылықты, өзара көмекті, тазалық пен жинақылықты қалыптастыру.
- Дамытушылық мақсат: интеллектуалдық сезімді дамыту, экономикаға үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағдар беру.
Сабақтың барысы
- 1 Ұйымдастыру бөлімі
- 2 Үй тапсырмасын тексеру
- 3 Жаңа сабақ
- 4 Сарамандық жұмыс
- 5 Бекіту (түртіп оқу)
Жаңа сабақ: Киімнің маңызы
Киім — адамға ең қажетті мәдени-материалдық құндылықтардың бірі. Киім үлгілері адамның өмір сүретін ортасына, техниканың және экономиканың дамуына, ұлттық мәдениет пен дәстүрге, сондай-ақ қоғамдық өндірістің ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырады.
Пайдаланылуына қарай киім түрлері
Киімдер пайдаланылуына қарай үш топқа бөлінеді:
-
Тұрмыстық киім
Сәнді, салтанатты, ұлттық, үй киімі, мерекелік, күнделікті, спорттық.
-
Өндірістік киім
Дәрігерлік, аспаздық, санитарлық.
-
Формалық киім
Әскери, ұшқыш, стюардесса, полицей, сатушы, мектеп формасы.
Ескерту: алжапқыш пен бас орамал — тұрмыстық киім түріне жатады.
Маусымдық белгілері бойынша
- Жазғы
- Қысқы
- Барлық маусымға бірдей
- Көктем мен күз маусымдарына арналған
Киім сатып алғанда ескеретін талаптар
Ыңғайлылығы
Киім қимылға кедергі келтірмей, денеге қонымды болуы қажет.
Әсемдігі
Үлгі мен пішім эстетикалық талғамға сай болуы керек (эскизді суретші-модельер жасайды, өңдеу бөлшектерін ойластырады).
Гигиеналық талаптарға сәйкестігі
- Денсаулыққа зиянсыз болуы
- Ауа өткізгіштігі
- Ылғал сіңіргіштігі
- Модель таңдағанда матаның қасиеттерін ескеру
Мықтылығы
- Үйкелуге төзімді
- Созылуға төзімді
- Ылғалға төзімді
- Жуғыш құралдардың әсеріне төтеп беретін
Қысқаша кеңес: киім таңдағанда осы төрт талапты (ыңғайлылық, әсемдік, гигиена, мықтылық) міндетті түрде есте сақтаңыз.
Киіну мәдениеті: киімді күту және ұқыптылық
Киіну мәдениетіне киімді күте білу де кіреді. Жинақылық пен тазалық — жақсы киінуге ұмтылатын адамның басты қасиеттері. Үтіктелмеген, дақ түскен, майланған, жағасы мен манжетасы кірлеп-қыртыстанған киімді кию дұрыс емес.
Күнделікті бақылау
Түймелердің берік қадалуын, тігістердің бүтіндігін тексеріп отыру.
Уақытылы жөндеу
Тесілген, жыртылған жерлерді дер кезінде жамап, тігу.
Жамау деген не және оның түрлері
Жамау — бұйымның жыртылған немесе сөгілген жерін бүтіндеу тәсілі. Мысалы, шалбар жыртылса, оны бірден тастамай, жамап қойсаңыз, оны серуенге немесе ойынға шыққанда әлі де киюге болады.
Торлап жамау
Кестелеп жамау
Көктеп жамау
Желімдеп жамау
Ине мен жіпті дұрыс таңдау
- Жіптің түсі жыртылған матаның түсіне сәйкес болуы керек.
- Ине жуан-жіңішке болады: қалың матаға — жуандау ине, жұқа матаға — жіңішке ине.
Сарамандық жұмыс: киімді жөндеу
Оқушылар қауіпсіздік ережелерімен таныстырылып, киімге жөндеу жұмыстарын орындайды. Жұмыс барысында нұсқау картасы қолданылады.
Нұсқау картасы
- 1 Матаның сетінеген шетін тегістейміз.
- 2 Сетінеген шетін көктейміз.
- 3 Жіптердің аралығын 2–3 мм етіп жүргіземіз.
- 4 Қалың матаның жыртығын жамау үшін жуан жіп қолданамыз (жіп аралығы — 3 мм).
- 5 Жұқа киімнің жыртығын жамағанда жіңішке жіп қолданамыз (жіп аралығы — 2 мм).
Бекіту: оқушылар мәтінді «түртіп оқу» әдісі арқылы қорытындылайды.