Мерекелеріңіз құтты болсын, аналар

Тақырыбы

«Күндей күлген анамның, баласы болып қаламын!»

Мақсаты

  • Балаларға 8 наурыз мерекесінің мәнін түсіндіру; анаға деген сүйіспеншілікті ояту; отбасыдағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
  • Балалардың логикалық ойлауын, тіл байлығын, сөздік қорын, ойлау қабілетін дамыту; бойындағы өнері мен дарындылығын ашу.
  • Мейірімділікке тәрбиелеу; аналардың өлшеусіз еңбегін бағалауға, ананы сүю арқылы Отанға сүйіспеншілікке баулу.

Көрнекілігі

Нақыл сөздер, гүлдер, шарлар.

Оқу-тәжірибелік бағыт

Сахналық көріністер, ән-күй, ойындар арқылы анаға құрмет пен алғыс сезімін күшейту.

Ойындар

  • «Ананың аялы алақаны» — көз байлап, баласын тану.
  • «Гүл сыйлау» — алғыс айту, ықылас білдіру.
  • «Ананың даусын тану» — жылы үн, жақындық сезімі.
  • «Сөз тапқанға қолқа жоқ» — тапқырлық, сөздік қор.

Тәрбие сағатының барысы

Тәрбиешінің құттықтау сөзі

Бұл күнді тойлап жатыр барша халық, әйелдер күні бүгін — халықаралық.

Жарыққа бізді әкелген аналарды бүгінгі мерекемен құттықтайық!

Ұйытқысы жанұяның берекеміз. Аналар, құтты болсын мерекеңіз!

Әрқашан аналарымыз аман болсын — алаңсыз, бақытты өмір кешейік.

Аналар, көктемнің шуақты күніндей жарқырап, гүлдей құлпырып жүре беріңіздер! Жүздеріңізден шаттық, көңілдеріңізден қуаныш арылмасын!

Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен жаралған.

Армысыздар, әжелеріміз, аналарымыз — мейірбан, аппақ көңіл даналарымыз!

Шағын орталық тобының 8 наурыз мерекесіне арналған «Күндей күлген анамның, баласы болып қаламын!» атты кешімізге қош келдіңіздер!

Балалардың әзіл-диалогтары

Мұхаммедали: Мереке деп келіп қалдық. Бізде бәрі дайын ба? Қазір қыздар келеді — сазайыңды береді!

Бекжан: Айттым ғой мен сендерге, үлгермейміз қазір деп. Бәріне қыздар кінәлі — өлең айтып тұрғаны.

Алмас: Ұлдар, ұлдар, ұрыспаңдар! Әне, өздері де келіп тұр. Көңілдірек қарсы алайық — біздің қыздар келіп тұр.

«Қыздарды іздеу» көрінісі

Тәрбиеші: Ау, балалар, бәрің қандай керемет жігіт болып кетіпсіңдер! Ал тобымыздың қыздары қайда?

Тәрбиеші: Балалар, аналарың мерекеге барарда не істейді?

Балалар: Әдемі киінеді, боянады, шаштарын әсемдейді.

Тәрбиеші: Ендеше, қыздарымызды сол орындардан іздейік.

Дүкен

Тәрбиеші: Алло, сәлеметсіз бе? Бұл киім дүкені ме? Біздің топтың қыздары сіздерде болды ма?

Дүкенші: Сәлеметсіз бе! Иә, олар бұл жерде болды. Сәнді киім сатып алып, мерекеге кетті.

Сән салоны / Шаштараз

Тәрбиеші: Алло, сәлеметсіз бе? Бұл сән салоны ма? Біздің топтың қыздары сіздерде болды ма?

Шаштараз: Сәлеметсіз бе! Иә, олар бұл жерде болды. Шаштарын сәндетіп, қазір ғана таксимен мерекеге кетті.

Музыка ойналып, залға қыздар кіреді.

Қадірлі қонақтың лебізі

Әже: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Топтарыңның қыздары өте ақылды екен. Жолдан өте алмай тұрған маған көмектесті. Мені мерекелік кешке қонаққа шақырды. Рахмет! Мереке құтты болсын!

Тәрбиеші: Сәлеметсіз бе, әжей! Қош келдіңіз! Мерекелік кешіміздің қадірлі қонағы болыңыз.

Музыка ойналып, ұлдар қыздарды биге шақырады.

Хормен: «Үлкенге де — сіз, кішіге де — сіз. Құрметпен сіздерге бас иеміз біз».

Көрініс: «Анаға сағыныш»

Автор

Бір патшалықта аяулы ана алыста тұратын бауырының үйіне барып, бір аптадан кейін оралады. Үйге кірген бойда қыздары аналарын қаншалық сағынғандарын айта бастайды.

1-қыз (Іңкәрлім): Мен анасын сағынып шырылдаған кішкентай балапандай болып жыладым.

2-қыз (Анэль С.): Анашым, мен сені күн сәулесін күткен көкнәр гүліндей сағындым.

3-қыз (Анэль Б.): Анашым, мен сені бір тамшы суды аңсаған шөл даладай күттім.

4-қыз (Айкерім): Мен сенсіз гүл таппаған ара сияқты болдым.

Автор

Кіші қызы үндемейді. Ол анасының қолын жууға су әкеліп, асын әзірлеп, алдына қойып, шайын құйып береді.

Ана: Қыз-қызғалдақтарым менің! Бәрінен де мені ең кіші қызым қатты сағыныпты.

Хормен айтылатын сұрақ-жауап

Тәрбиеші: Болар күнде алаң, жанашыр кім саған?
Бәрі: Анам.

Тәрбиеші: Болсаң егер жаман, күйінетін кім саған?
Бәрі: Анам.

Тәрбиеші: Таң қалғандай ғалам, ең сұлу адам кім?
Бәрі: Анам.

Тәрбиеші: «Боташым» дер саған, ең сүйікті адам кім?
Бәрі: Анам.

Қыр астынан қылтиып бәйшешек бой көтергенде, көктемнің алғашқы хабаршысындай болып аналар мерекесі де келеді. Бәйшешек нәзік болса да, қалың қардың астынан бүршік жарады. Біздің асыл аналарымыз да нәзік бола тұра, сан түрлі қиындыққа төзімді.

Бүгінгі күн — аяулы аналар үшін. Шыдамдылықпен, мейірімділікпен, ақылмен бізді мәпелеп, еркелігімізді кешіріп, жол сілтеген жандарға балалық сезіміміз, әсем әніміз, мерекелік кешіміз түгел арналады.

Хор: «Ақ мамам»

Өлеңдер мен тілектер

Тәрбиеші: Наурыздың сегізі — сұлулықтың негізі. Әдемі сөз — адамның анаға айтар лебізі.

Іңкәрлім: Үн қатасың бал тілмен, еркелеймін әр күніммен. Құттықтаймын, анашым, 8 наурызыңмен!

Алмас: Құрметтейік, о адамдар, аналарды — бізді өмірге әкелген даналарды. Ана — асыл жан ғой, оймен істейік әр қадамды.

Оразәлі: Анам — менің панам ғой, содан қорған табам ғой. Асықпа, анашым, ертең-ақ отың болып жанам ғой.

Айкерім: Гүл-гүл жайнап әріміз, кіреді біздің сәніміз. Аналарды тойымен құттықтаймыз бәріміз.

Бекжан: Анамды мен жақсы көрем, айтқан тілін алып жүрем. Қасымда апам жүргенде шаттанып ойнап күлем.

Думан: О, анашым — таянышым, тірегім. Бар бақытты бір басыңа тіледім. Мен жақсы болсын деп қашанда, лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.

Мұхаммедали: Бізді өсіріп, баптаған, жақсы болсақ шаттанған. «Алтыным» деп мақтаған — айналайын ақ мамам.

Анэль: Бүгінгі көктем күнінде барша адам қуанады. Аналарды мерекемен құттықтайды балалар. Жалықпай жетектеп, мені биікке жеткізерсің — айтқаныңды екі етпей, ақ сүтіңді ақтармын.

Әділ: Менің әжем әлі де ұқсамайды кәріге. Шай қайнатып береді біздің үйдің бәріне.

Зарина: Біз доспыз гүлдермен — текке оны жұлмаймыз. Той күні бір-бірден анаға сыйлаймыз.

Анэль С.: Аналарға ойланбай-ақ берейік ер атағын. Мұршасы жоқ олардың демалатын, жататын. Кір жуып, үй жинап, тамағын да даярлап — күнде біз үшін шаршамайтын асыл жандар!

Тәрбиеші: Аялайық аналарды әрдайым, қуанышқа бөлейік өздерін. Әжелердің, аналардың, қыздардың мұң шалмасын күлім қаққан көздерін.

Ойындар мен өнер көрсетілімдері

Ойын: «Сөз тапқанға қолқа жоқ»

Ойын шарты: аналар жасырылған сұрақтарға «А» әрпінен басталатын сөзбен жауап береді.

  1. Сіздің есіміңіз?
  2. Балаңызды қалай еркелетесіз?
  3. Жұмыспен айналысып отырғанда балаңыз мазаласа, не деп айтасыз?
  4. Жақсы көретін мерекеңіз?
  5. Сүйіп ішетін асыңыз не сусыныңыз?
  6. Қандай санды ұнатасыз?
  7. Жақсы көретін әніңіз қандай?

Хор: «Апам үшін»

Ойын: «Аялы алақан»

Ойын шарты: 2–3 ананың көзі байланады. Балалардың орындары ауыстырылып, әр ана өз баласын тауып алуы керек.

Тәрбиеші: Аналар — ақ тілекті, сөз көп деймін; жылытар жүрегіңді көз көп деймін. Ақ жаулықты аналар, қол соғып қарсы алайық «Қара жорға» биін!

Би: «Қара жорға» (шағын орталық балалары)

Сый-сияпат: «Гүл сыйлау»

Бәрі бірге:
Күндей күлген анамның,
Баласы боп қаламын!
Құшағыңды аш, анашым,
Мен өзіңе барамын!

Балалар аналарына өздері дайындаған гүлдерін сыйлайды.

Тәрбиеші: Бәрі жақсы ананың — бәрі де оның керек-ақ. Бірақ әрбір баланың өз анасы — бөлек-ақ!

Сиқырлы айналу

Қорапшадағы гүлдер «сиқырлы сөздерді» айтқанда кәмпитке айналады: «Ақалай-мақалай». Кәмпиттер балаларға таратылып беріледі.

Қорытынды тілек

Ана деген — асыл жан, болаттай берік. Ана деген — мөлдір бұлақтай. Уа, адамдар, ананы қадірлей білейік, жат қылыққа ақыл-ойды билетпейік.

Аналар, бақыт аралында қалықтап жүріңіздер! Жанарларыңызға мұң қонбасын!

Осымен кешімізді аяқтаймыз. Ардақты аналар мен әжелер, мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге шаттық тілейміз.

Мерекеден мерекеге аман жете берейік. Әрқашан аман болайық! Шаңырақтарыңыз сәби күлкісіне толы болсын!

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Сау-саламатта болыңыздар!