Ана қымбат, қалқам

Ана — өмірдің шуағы

Бұл мерекелік кештің өзегі — ананың қадір-қасиетін ұғындыру, бала жүрегіндегі анаға деген махаббатты ояту, сол арқылы Отанға, ел мен жерге сүйіспеншілікті күшейту. Оқушыларды аналардың еңбегін бағалап, құрметтеуге тәрбиелеу — басты бағыт.

Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар сахна төріне шақырылып, мерекелік кеш салтанатты түрде басталады.

Жүргізушілердің құттықтауы

1-жүргізуші

Құрметті асыл аналар, әжелер мен қыздар! Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің түкпір-түкпірінде тойланатын 8 Наурыз — аналар, әжелер мен қыздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

2-жүргізуші

Сіздерге әлемнің нұрын, өмірдің гүлін, көктемнің шуағын тілейміз. Бұл жарық дүниенің мәні де, сәні де — сіздер!

1-жүргізуші

Ананың тілегі, ананың жүрегі, ананың махаббаты, ананың ыстық құшағынан қасиетті ештеңе жоқ. Ең ыстық күннің нұры да ананың шапағат мейіріміне жетпейді.

2-жүргізуші

Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызыңды толық өтей алмайсың.

1-жүргізуші

Иә, дұрыс айтасың. Біздің әрқайсымыз үшін өмірдегі ең жақын, ең әзиз жан — ол анамыз.

2-жүргізуші

Бүгінгі 8 Наурыз — аналар мерекесіне арналған «Ана — өмірдің шуағы» атты мерекелік кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! Барлық өнеріміз — аналар, сіздер үшін.

Өлең — аналарға арнау

Оқушылардың жүрекжарды тілектері мен өлең жолдары — мерекенің нәзік әуені.

1-оқушы

Сенен өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мерекемен,
Құрметті, жан аналар!

2-оқушы

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.

3-оқушы

Ана деген асыл жандар болаттай,
Ана деген мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

4-оқушы

Ана десем, шешек ашар жанары,
Өмірімнің бастау алар арнары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.

5-оқушы

Ана деген — ақылшың,
Анаң барда — батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаңа жақынсың.

6-оқушы

Ақыл құйған санама,
Күннен артық расында.
Күн алыста, ал анам —
Әрдайым менің қасымда.

7-оқушы

Шалқып, тасып әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.

Ән мен би — сахна сәні

«Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» — деп Абай атамыз айтқандай, келесі кезекте оқушылардың орындауындағы «Аяулы анашым» әні ұсынылады.

Ән «Аяулы анашым»

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек… қазақтың әсем қимылын, нәзік нақышын танытатын «Қазақ биі» орындалады.

Би «Қазақ биі»

Көңілді жылытар келесі ән — «Асыл әже».

Ән «Асыл әже»

Ойын: «Ананың алақанын сипап сезу»

  1. Үш баланың көзін байлайды.
  2. Аналардың орындары ауыстырылады.
  3. Балалар көздері байлаулы күйде аналардың алақандарын сипап, өз анасының алақанын тауып алуы керек.

Үнді биі — ырғақ пен әсер

Мерекеге арналады бүгін билер, көтерілсін көңіл-күй! Келесі кезекте көрерменді таңғалдырған үнді биі ұсынылады.

Би Үнді биі

Көрініс: «Әжесі мен немересі» — «Дүниеде не қымбат?»

Немересі

Әже, сізге сұрақ қойғым келеді. Мен түсінбейтін бір жай бар, соны түсіндіріп беріңізші. Бірінші сұрағым: дүниеде не қымбат?

Әжесі

Адам қымбат, қалқам.

Немересі

Адамға не қымбат?

Әжесі

Бала қымбат, қалқам.

Немересі

Балаға не қымбат?

Әжесі

Ана қымбат, қалқам.

Немересі

Иә, десеңізші, әже! Осыны түсінбеппін. Тағы бір сұрағым бар: қатты мен жұмсақ туралы.

Әжесі

Сұрай ғой, қалқам. Не сұрасаң да жауап берейін.

Немересі

Әже, дүниеде не тәтті?

Әжесі

Ананың сүті тәтті.

Немересі

Дүниеде не қатты?

Әжесі

Атаның жүрегі қатты. Қарағым, көп сауал қойдың. Бір ақыл айтайын: тату болса — ағайын жақын, ақылшы болса — апайың жақын. Бауырмал болса — інің жақын. Алдыңа тартқан адал асың, қимас жақын қарындасың.

Немересі

Түсіндім, әже. Ендеше мен айтайын:
Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт-берекең — атаң қымбат.
Аймалайтын — анаң қымбат,
Мейірімді — әжең қымбат.
Асқар тауың — әкең қымбат.
Бәрінен де ұят пен ар қымбат!

Ойын: «Жылы сөздер»

Аналарға әріптер беріледі. Сол әріптерден басталатын мейірімді, жылы сөздерді өз балаларына арнап айтады.

Би: «Вальс»

Қыздар мен ұлдар тобы мерекеге өнерімен келіп, көрерменнің қошеметімен «Вальс» биін ұсынады.

Би «Вальс»

Хор: «Апатайым — анашым»

Жан анам, құттықтаймын мереке күніңмен… Келесі кезекте хордың орындауындағы «Апатайым — анашым» әні.

Хор «Апатайым — анашым»

Қыздарға құттықтау

8-оқушы

Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Мерекесін тойлаймыз.

Осы сәтте сыныптың ер жігіттері қыздарға өз тілектерін арнайды.

Қорытынды тілек

Ардақты аналар, әжелер мен апалар! Сіздерге осы мерейлі мереке тек жақсылық әкелсін.

Дендеріңізге саулық, бала-шағаларыңызға амандық тілейміз. Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін. Еңбектеріңіз табысты болып, шаңырақтарыңызға құт-береке дарысын!

Аспанымыз ашық, еліміздің іргесі берік болсын!