Баяу әуен тыңдай отырып жасау
Тақырып
Ақылды тыңдай білу де — өнеге
Мақсаты
«Дұрыс әрекет» құндылығы туралы түсінік беру.
Міндеттері
- Дұрыс әрекет құндылығын ашып, оның адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Ақылды тыңдай білудің өмірдегі рөлін көрсету, тыңдай білу дағдыларын дамыту.
- Қамқорлық, ізеттілік, кішіпейілділік, сыйластық қасиеттерін тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
- «Дана мен байлық» ертегісінен бейнеүзінді
- Флипчартпен жұмыс
Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»
Баяу әуен қосылады. Ыңғайланып отырыңыз: денеңізді тік ұстаңыз, аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қойыңыз. Көзіңізді жұмып, тынысыңызды бірқалыпқа келтіріңіз.
Елестетіңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу түсіп келеді. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен біртіндеп ашылады. Балғын, таза, әсем гүл ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді тазартып, жүрегіңізді нұрландырады.
Нұр денеңізге жайлап тарасын. Ол күшейе түседі. Оймен нұрды қолыңызға бағыттаңыз: қолыңыз сәуле шашып тұр. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі.
Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз да сәуле шашады. Олар сізді тек жақсылыққа жетелейтін, ізгі орындарға апарады. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.
Енді нұр аузыңызға, тіліңізге тарасын: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады. Нұрды құлағыңызға бағыттаңыз: құлағыңыз тек жақсы сөзді, әсем әуенді естиді.
Нұр көзіңізге жетсін: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылық табады. Басыңыз түгел нұрға бөленсін: санаңызға тек жарқын, ізгі ойлар келеді.
Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден сыртқа шығып, айналаңызға шұғыла шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұр бүкіл әлемге: адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілікке тарасын.
Ойша қайталаңыз:
«Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен — Нұрмын…»
Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде сәл отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем — жүрегіңізде. Осы әсем күйді сақтай отырып, жайлап көзіңізді ашыңыз.
Сұрақ: кім өз әсерімен бөліскісі келеді?
Үй тапсырмасын тексеру
Мәтін:
«Қорада малың болсын, көшеде талың болсын.» — С. Ақаев
Талқылау сұрақтары
- «Қорада малың болсын, көшеде талың болсын» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Сыныптастарыңның жауаптары сендерге қандай ой салды?
- Әкенің өсиет сөзінің негізгі мәні неде?
- Балалардың әке сөзін тыңдай білуі оларды қандай нәтижеге жеткізді? Өз ойыңды айт.
- Өмірдің мәні неде? Өмірлік ұстанымдарың туралы бөліс.
Дәйексөз
«Ата-анаңның ақылы — сайрап жатқан жолмен тең.
Ақылдының ақылы — сарқылмайтын көлмен тең.»
(Халық мақалы)
Мағынасын ашу: дәйексөзді ұл балаларға 2 рет, қыз балаларға 2 рет қайталатып, ой түю.
Жетелеуші сұрақ
Бүгінгі тақырып не туралы болуы мүмкін? Әрине, ақыл және ақылды тыңдай білу туралы.
Жаңа сабақ: Ақылды тыңдай білу де — өнеге
Әңгімелеу
«Дана мен байлық» ертегісі бойынша бейнеүзінді көрсетіледі.
Талдау сұрақтары
- Ертегінің тақырыбы мен негізгі ойы қандай?
- Дию мен дананың қайсысының ақылы мақсатқа жеткізді? Неліктен?
- Ақылды болу қиын ба? Ақыл мен әрекеттің байланысы қандай?
Сергіту сәті
«Мен қазақпын» атты қысқа сергіту жаттығуы орындалады.
Шығармашылық жұмыс
- 1-тапсырма: сөзжұмбақ шешу.
- 2-тапсырма: «Ақыл шыңына» жету үшін мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, тақтаға жазу.
Мақал-мәтелдер
- 1. Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді.
- 2. Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады.
- 3. Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса кішіден сұра.
- 4. Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.
- 5. Өнер — ағып жатқан бұлақ, білім — жанып тұрған шырақ.
- 6. Білім — бұлақ, білім — шырақ.
- 7. Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
- 8. Оқу — білім азығы, білім — ырыс қазығы.
- 9. Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
- 10. Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп.
Топпен ән айту
«Біз өмірдің гүліміз» (сөзі өзгертілген)
Ақ ниетпен, пәк жүрекпен өмірге біз келеміз.
Қуанышты, ізгілікті күн нұрындай төгеміз.
Адалдықпен, ақиқатқа жүгінеміз бәріміз.
Жақсылықты, жамандықты айырады жанымыз.
Адамзатқа махаббатпен шырқалады әніміз.
Мейіріммен шуақ шашып, нұрланамыз бәріміз.
Үй тапсырмасы
Оқу
«Қызғаныштың кесірі» — Ж. Байбұланова шығармасын оқу.
Дәптермен жұмыс
Берілген тапсырмаларды дәптерде орындау.
Соңғы тыныштық сәті
Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін тік ұстап, көзін жұмып отырады. Мұғалім жай дауыспен:
«Бүгінгі сабағымызды ойша еске түсірейік. Жақсыны естіп, жақсыны айтып, көңіл күйіміз көтерілді. Ісіміз де, сөзіміз де, ойымыз да ізгі арнада болатынына сенемін.
Сабақта көрініс тапқан жақсы қасиеттер жүрегімізде сақталып, іс жүзінде жүзеге ассын. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық!»
Осы тыныштықта сәл отырайық. Енді жайлап көздеріңізді ашуға болады.