Оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуы қарқынды жүретін маңызды буын - бастауыш саты

Эссе Бастауыш білім Тәрбие Мұғалім парызы

Мұғалім мамандығындағы менің парызым

Алла тағала адам баласына басқа тіршілік иелерінен өзгеше сый — ой мен сананы, тілді берді. Жарық дүниеге шыр етіп келген әрбір адам анасының мейірімінен нәр алып өседі. Ана — бала үшін бәрінен қымбат, ең аяулы жан.

Бала балабақша табалдырығын аттаған күні-ақ өзін қорғансыз, жалғыз қалғандай сезініп, анасына қарай ұмтылады. Уақыт өте келе айналасында анасы секілді мейірімді жандардың бар екеніне көз жеткізіп, көңілі орнығады. Періштедей пәк баланың өмірінде ананың орнын ешкім баса алмайтыны анық. Дегенмен, өмірдің бұрылысы мен қақтығысында қапыда қалмауы үшін әрдайым қол ұшын созып, тура жолға жетелейтін, жақсылық нұрын тарататын мамандық иелері бар. Сол қасиетті мамандық — мұғалім.

Түйін

Мұғалім — баланың өмір жолына бағыт беріп, біліммен бірге адамдық құндылықтарды сіңіретін тұлға.

Бастауыш — тұлға қалыптасатын шешуші кезең

Жан дүнием күн сайын балалық шақтың балғын күндеріне қайта оралғандай болады. Себебі мен бар жан-тәніммен қалап таңдаған мамандықтың — бастауыш сынып мұғалімімін.

Оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуы қарқынды жүретін маңызды буын — бастауыш сынып. Бірі балабақшадан, бірі дайындық топтан, енді бірі әже мен атаның құшағынан, ал кейбірі ата-анасының жалғыз еркесі болып мектептің алғашқы баспалдағына — 1-сыныпқа келеді.

Алғаш рет қолына әліппе ұстап, қызығу мен таңдану аралас сезіммен парақтаған сәбидің жүзінен-ақ: «Мұғалім не дер екен, бізге не айтар екен?» деген сауалды оқуға болады.

Әр бала — бөлек әлем

Балаларға үйрете жүріп, өзің де үйренесің. Себебі әр баланы таныған сайын, оның жан дүниесіне жақындаған сайын жаңа бір қырын ашқандай боласың.

Кейде «бала деген — бәрі бірдей» дейтін пікір естіледі. Иә, балалардың бәрі ойынға құштар, айналасын танып-білуге ынтық келеді. Бірақ қабылдауы да, ішкі әлемі де ешқашан бірін-бірі қайталамайды. Еңбек еткен жылдарымда оқытып-тәрбиелеген шәкірттерімнің арасында дәлме-дәл ұқсастықты көрген емеспін.

Сынып ішіндегі айырмашылық

25 оқушының ішінде қабылдауы баяу бала да болады, отбасында білімге жағдайы шектеулі ата-ана да кездеседі.

Мұғалімнің рөлі

Ата-анамен жиі байланысып, бағыт-бағдар беру арқылы баланың білім алуына дұрыс жол ашылады.

Баланың дарындылығын, икемін, қабілетін анықтауда бастауыш сынып мұғалімдері ерекше белсенді болуы тиіс. Егер мұғалім осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін еңбегін жүрек қалауымен атқара алмаса, жанарындағы шоқты тұтатпай жатып өшіріп алуы, өсетін жұлдызды тұншықтыруы мүмкін.

Тәжірибе: әдісті өзгерту — нәтижеге бастайды

Өз тәжірибемнен айтар болсам, сыныбымда 25 оқушы бар: төртеуі — озат, он екісі — екпінді. Бір кезеңде үлгерімі төмен екі оқушым болды. Қандай әдіс таңдасам, қалай жақсы нәтижеге жетсем болады деген ой маза бермейтін. Кейде таңдаған тәсілім нәтиже бермегенде, іштей өзімді кінәлап, қынжылатынмын.

Сол кезде қолданып жүрген әдістерімді түбегейлі өзгертуге бел будым да, жаңа тәсілдермен жүйелі жұмыс жасай бастадым. Әр тоқсанға нақты мақсат қойдым.

1-тоқсан мақсаты

Әр оқушының сауатты, қатесіз жазуға дағдылануы.

Тапсырмалар

  • Жатқа жазу
  • Шағын әңгіме құрастыру
  • Сөйлем құрастыру

Күнделікті бақылау

  • Жаңа сөздерден сөздік диктант
  • «5» және «4» алғандарды есептеу
  • Сауаттылық пайызын тұрақты шығару

Бұл жұмыстар нәтижесіз болған жоқ. Сыныпта оқу үлгерімі төмен, тіпті сөйлемейтін оқушым таза, қатесіз жазуға дағдылана бастады. Екінші оқушым буындап оқып, оқығанын қатесіз жазуға үйренді. Бір буынды, екі буынды сөздерді оқып, соны қатесіз жазуға дағдыландырғаныма қуандым.

Ең басты нәтиже

Балалардың жүрегіне өз-өзіне сенімділік дәнін себе алдым. Шәкірттеріме үміт отын жағып, сенімін күшейте алсам — мен үшін ең үлкен бақыт.

Парыз: біліммен бірге адам тәрбиелеу

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөзіне ой жүгіртсек, мұғалім мамандығындағы менің парызым айқындалады.

  • Білім алуға келген әр баланың қолынан жетектеп, өмір жолының дұрыс бағытына салу.
  • Елімізді әлемге танытатын, ата-дәстүрді құрметтейтін азамат тәрбиелеу.
  • Ең бастысы — Отанын сүйетін ұрпақ қалыптастыру.
  • Осы жолда еңбектену, іздену, мақсатқа табандылықпен ұмтылу.

Көздеген мақсатқа жету өз қолымнан келетініне сенемін.