Балалар міне сеңдердің арқаларында Қызыл телпекті қасқырдан құтқардық, әжесіне жылдам баруға көмектестік

Жалпы мәлімет

Білім беру саласы

Қатынас

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Тіл дамыту

Тақырыбы

Қызыл телпектің саяхаты

Мақсаты

Білімділік

«Қызыл телпек» ертегісінің желісі бойынша балалардың білімін кеңейту.

Дамытушылық

Сөйлеу мәдениетін дамыту, сөздік қорын байыту; ән айту, өлең оқу дағдыларын жетілдіру; жұмбақ шешу арқылы ойлау қабілетін күшейту.

Тәрбиелік

Балаларды табиғатты аялауға, еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа және ұғымтал болуға тәрбиелеу.

Қостілдік және сөздік жұмыс

Қостілдік

  • Қызыл телпек — красная шапочка
  • Қасқыр — волк
  • Әже — бабушка

Сөздік

«Ертегі сыр шертеді».

Сабақ барысы

1) Мотивациялық қозғаушы кезең

Тәрбиешінің іс-әрекеті

Табиғат – біздің анамыз,
Табиғатқа баламыз.
Иіліп сәлем береміз,
Біз әдепті баламыз!

«Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар!»

Балалар, бір-бірімізге мейірім сыйлайық: бір-бірімізге қарап күлейік. Енді алақандарымызды түйістіріп, жылулық сыйлайық. Орындарымызға отырайық.

Балалардың іс-әрекеті

Қонақтармен амандасады.

«Жылулық шеңбері» арқылы бір-біріне мейірім мен күннің жылуын сыйлайды.

Орындарына отырады.

2) Іздену-ұйымдастырушы кезең

Көрініс және диалог

Балалар, тыңдаңдаршы: бір дыбыс естіледі ме? Біреу есік қағып тұрған сияқты.

Осы сәтте залға музыкамен Қызыл телпек кіреді.

«Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар! Сәлеметсіздер ме, сүйкімді балалар! Мен ертегілер елінен келдім. Әжеме бара жатып мына әсем балабақшаны көрдім. Іші қандай керемет! Балалар, ренжімеңдер: әжем ауырып жатыр, ал мені ұзақ жол күтіп тұр. Сау болыңдар!»

Балалар, Қызыл телпекке ақ тілегімізді айтайық.

Балалардың жауаптары

«Жолыңыз болсын! Әжеңіз тез сауығып кетсін! Сау болыңыз, Қызыл телпек!»

Тақтамен жұмыс: ертегі желісі

Сұрақ: Тақтадан кімді көріп отырмыз?

Сұрақ: Ол кімге бара жатыр?

Сұрақ: Ертегіде әжесіне не болады?

Сұрақ: Қызыл телпек себетіне не салып алған?

Жауап: Қызыл телпек.

Жауап: Әжесіне.

Жауап: Әжесі ауырып қалады.

Жауап: Бәліш.

Орман жануарлары туралы әңгіме

Қызыл телпек ну орманға да жетіпті. Балалар, орманда қандай аңдар өмір сүреді?

  • Аю
  • Қасқыр
  • Түлкі
  • Қоян
  • Арыстан

Осы аңдардың ішінде қыста қайсысы ұйықтайды? Аю қыс бойы ұйықтайды.

Тақпақтар: Қызыл телпекке көмектесейік

Аю туралы тақпақ

Ормандағы аюдың
Құлпынайы көп екен.
Теріп-теріп алайық,
Аюдан біз қашайық.

Қоян туралы тақпақ

Ұзын құлақ сұр қоян
Естіп қалып сыбырды,
Ойлы-қырлы жерлермен
Ытқып-ытқып секірді.

Балалар, осы аңдардың ішінде қорқақ қайсы? Қоян.

Қасқырдың хаты және жұмбақ

Тақтаға назар аударайық: Қызыл телпекті кім аңдып жүр? Қасқыр.

Қасқырды орысша қалай атаймыз? Волк.

Қасқырдың шарты

«Балалар, егер мына жұмбағымды шешсеңдер, мен Қызыл телпекті жемеймін».

Жұмбақ

Аяз қысып,
Өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Кейде ұлып, кейде жуып,
Ұйтқып боран соғады.
Айтыңдаршы, бөбектерім,
Бұл қай кезде болады?

Қасқыр қай мезгілді айтып тұр? Қыс мезгілі.

Қыс мезгілінде не болады?

  • Шана тебеміз
  • Аққала соғамыз
  • Жаңа жыл мерекесі болады
  • Жылы киінеміз
  • Үйде пеш жағамыз
  • Мұз айдынына барамыз
  • Аяз ата келеді

Қасқыр сендерге риза болды. Қызыл телпек ұзақ жол жүрді, енді оған күш жинау үшін сергіту сәтін жасайық.

Сергіту сәті: «Қызыл телпек» биі

Орындарымыздан тұрамыз. Қане, би билейік! (Музыка қойылып, балалар би билейді.)

Әжеге қамқорлық және ойын

Еске түсірейік: Қызыл телпектің әжесіне не болды? Ол не үшін бара жатыр? Иә, әжесі ауырып қалыпты.

Ауырған адамға біз не береміз? Дәрі-дәрмек және жақсы көңіл күй. Көңіл күйі жақсы адам тез жазылады.

Олай болса, әжеге жақсы көңіл күй сыйлайық. Әже туралы кім тақпақ біледі?

Ойын: «Бәлішті себетке жина»

Тәрбиеші балаларға бәліш пен саңырауқұлақ суреттерін (немесе үлестірмелерін) таратады. Тапсырма: саңырауқұлақтардың ішінен бәлішті тауып, себетке жинау.

Жарайсыңдар! Тақтаға қарайық: Қызыл телпек әжесіне аман-есен жетіпті, ал қасқыр өз уәдесінде тұрыпты.

Қорытынды көрініс: алғыс және сыйлық

Осы сәтте есік қағылып, музыкамен Қызыл телпек қайта кіреді.

«Балалар, сендерге көп рақмет! Сендер мені қасқырдан құтқардыңдар, себебі маған көмектестіңдер және әжеме жақсы көңіл күй сыйладыңдар. Бұл балабақшада білімді, тәртіпті балалар тұрады екен. Әжем сендерге тәттілер жіберді. Оны топқа барған соң жейсіңдер. Мен тәттілерді тәрбиешілеріңе тапсырамын. Сау болыңдар, кішкентай достарым!»

Балалар: «Сау болыңыз!»

3) Рефлексивті-коррекциялаушы кезең

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгін бізге қонаққа кім келді? — Қызыл телпек.
  • Қызыл телпекке көмектесу үшін біз не істедік? — Жұмбақ шештік, өлең айттық, тақпақ айттық, сурет салдық, би биледік.
  • Орманда қандай аңдармен таныстық? — Аю, қасқыр, түлкі, қоян, арыстан.

Балалар, сендердің көмектеріңнің арқасында Қызыл телпекті қасқырдан құтқардық және оның әжесіне тез жетуіне жәрдемдестік.

Көңіл күйлерің қандай? Әрқашан көңілдерің жарқын, аспандарың ашық, жүздерің қуаныш пен нұрға толсын!

Сау болыңдар, балалар!