Ертеңгілік қоштасуды жеңілдету тәсілдері
Балалардың балабақшаға бейімделуі
Баланың әлеуметтенуі ең алдымен отбасында басталады, ал балабақшаға келген кезде жаңа ортада қайта жалғасады. Балабақшада бала таныс емес ересектермен және құрдастарымен араласып, мінез-құлық ережелері мен әлеуметтік нормаларды меңгереді.
Жаңа жағдайға бейімделу қалай өтеді?
Өкінішке қарай, балабақшаға бейімделу көп жағдайда қиын әрі ауыр өтеді. Бала тамақ ішпеуі, ұйықтамауы, балалармен және ересектермен араласудан бас тартуы мүмкін. Соның салдарынан қоршаған ортаға қызығушылығы төмендеп, ойынға құлқы азаяды.
Қиын бейімделудің жиі кездесетін себептері
- Бұрын бейтаныс адаммен қалуға дағдыланбаған болуы.
- Әжетханаға өз бетімен баруды толық меңгермеген болуы.
- Кейбір тағамдарға үйренбеген болуы (мысалы, қызылша, орамжапырақ), қатты тағамды шайнау дағдысы жеткіліксіз болуы.
- Алғашқы күндері баланы бірден күні бойына қалдыру (бейімделу кезеңін созып жібереді).
Алғашқы күндері баланы балабақшада 2–3 сағат қана қалдыру ұсынылады. Кейбір ата-аналар жұмыс кестесіне байланысты баланы бірден күні бойына қалдырып жатады. Бұл жағдай күрделі әрі созылмалы қиындықтардың туындауына әсер етуі мүмкін.
Ата-ананың эмоциялық әсері: неге маңызды?
Өзіңізге сұрақ қойыңыз
- Балаңызбен үйде жиі сөйлесесіз бе?
- Оны мақтайсыз ба?
- Оны жақсы көретініңізді сөзбен айтып жүрсіз бе?
Ата-ананың қобалжуы балаға тез беріледі. Ересектің уайымын көрген сайын баланың қорқынышы күшейіп, бейімделу қиындай түсуі мүмкін.
Бейімделудің негізгі үш түрі
- Жеңіл бейімделу
- Мінез-құлық 10–15 күнде қалпына келеді.
- Орташа бейімделу
- Шамамен 1 ай ішінде тұрақтанады.
- Ауыр бейімделу
- 2 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Ертеңгілік қоштасуды жеңілдету тәсілдері
- 1 Қысқа әрі нақты қоштасуға дағдыланыңыз. Қоштасуды созбаңыз: бала сіздің қобалжығаныңызды сезсе, тынышталуы ұзаққа созылады.
- 2 Балабақшаға әкеліп, білдіртпей қашып кетпеңіз. Сенім бұзылса, келесі жолы қоштасу әлдеқайда қиын болады.
- 3 Балаңызға ұнайтын қоштасу рәсімін ойлап табыңыз (құшақтау, алақан соғыстыру, қысқа сөз) және оны тұрақты ұстаныңыз.
- 4 «Балабақшаға барсаң, ойыншық алып беремін» деп алдамаңыз. Балаға жағдайды түсінікті әрі нақты жеткізген маңызды.
Бір рет «баланың дегенін жасап» берсеңіз, кейін оны көндіру қиындайды. Шекара мен тұрақтылық балаға қауіпсіздік сезімін береді.
2–3 жастағы балаларға арналған практикалық кеңестер
2–3 жаста балабақшаға бейімделу — күрделі кезең. Бейімделу кезінде баланың эмоциялық жағдайы жиі өзгеруі мүмкін. Төмендегі қадамдар бұл үдерісті жеңілдетеді.
Күн тәртібі және тамақтану
- Үй жағдайында баланың баратын тобының күн тәртібіне жақын режим құрыңыз.
- Балабақшаның ас мәзірімен танысып, үйдегі тамақтануға сол тағам түрлерін біртіндеп енгізіңіз.
Өзін-өзі күту дағдылары
- Жуыну, қолын сүрту, шешіну, өз бетімен тамақтану, қасықты дұрыс пайдалану дағдыларын үйретуді жалғастырыңыз.
- Әжетханаға сұрануды және өз уақытында баруды тұрақты әдетке айналдырыңыз.
- Киімі ыңғайлы болсын: шалбар немесе шорты мүмкіндігінше замоксыз, белбеусіз болғаны дұрыс.
Әлеуметтік тәжірибе
- Баланың әлеуметтік көкжиегін кеңейтіңіз: ауладағы құрдастарымен көбірек ойнатыңыз.
- Жолдастарына қонаққа баруына, кейде әжесінде қонуына мүмкіндік беріңіз.
Осындай тәжірибесі бар бала құрдастары мен ересектер арасында тезірек үйренісіп, тіл табысуы жеңілдейді.
Жағымды эмоциялық қолдау
- Балабақша туралы жылы әрі сенімді түрде сөйлесіңіз, не үшін қажет екенін түсіндіріңіз.
- Баланың көңіл күйін көтеретін мейіріміңізді жиі көрсетіңіз: құшақтау, жылы сөз, назар.
- Баланың көзінше балабақшаға қатысты өзіңізді мазалайтын мәселелерді талқыламауға тырысыңыз.
Есіңізде болсын: ата-ана жылылықты көбірек көрсеткен сайын, бала балабақшаға соғұрлым тез бейімделеді.
Алғашқы күндерді дұрыс жоспарлау
Бірінші күннен бастайтын қадам
Алғашқы күні балабақшаға серуен кезінде келіп, тәрбиешімен танысып, балаңызға жаңа достар табуға көмектескен дұрыс. Сондай-ақ балаңыздың сүйікті ойыншығын өзімен бірге алып келуіне мүмкіндік беріңіз.
Уақытты біртіндеп көбейту
- Алғашқы аптада: 3–4 сағат.
- Келесі кезеңде: түске дейін.
- Айдың соңына таман (тәрбиеші кеңесімен): күні бойына қалдыру.
Аралық демалыс
Кейбір балалар үшін аптаның ортасында жүйкесін қажытпау мақсатында қосымша демалыс күні пайдалы болуы мүмкін.
Үйдегі қолдау
Бейімделу кезеңінде демалыс күндері баламен көбірек уақыт өткізіңіз: серуендеңіз, күн тәртібін сақтаңыз, эмоциялық жүктемесін азайтыңыз.
Денсаулық — басты шарт
Балабақшаға баланы тек ауырмай келгені дұрыс. Егер балаңыз көпшіл болса, өз бетімен ойнай алса, мінезі ашық болып, құрдастарына мейірімділік танытса, балабақшаға барған алғашқы күннен-ақ тез үйреніп кетуі әбден мүмкін.
Бейімделу уақытының барлық кезеңінде баланы балабақшаның психологі мен медико-педагогикалық қызметі бақылап, қажет жағдайда қолдау көрсетеді.
ЖШС «Рауан» балабақшасының тәрбиешісі: Кошманова Жадыра Пулатовна