Ана тіліСабақтың тақырыбы

Сабақ тақырыбы: «Аққу, шортан һәм шаян»

Бұл сабақ жоспары Ахмет Байтұрсынұлы аударған И. А. Крыловтың мысалы арқылы оқушыларға бірлік пен ынтымақтың құнын ұғындыруға бағытталған. Оқушылар мәтіннің негізгі ойын өздері табады, ойды өз сөзімен жеткізуге дағдыланады және көркем мәтінді түсініп оқуға үйренеді.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды Ахмет Байтұрсынұлы аударған И. А. Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалымен таныстырып, өлеңдегі негізгі ойды өз бетімен анықтауға және оны өз сөзімен жеткізе білуге үйрету.

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Іздендіру
  • Сұрақ-жауап

Дамытушылық мәні

Ойлауын, есте сақтауын және байланыстыра сөйлеу қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік мәні

Бірлік пен ынтымақтастыққа тәрбиелеу, мысал мазмұны арқылы орынсыз қылықтан жирендіру.

Қажетті ресурстар және пәнаралық байланыс

Көрнекілік

  • Сюжетті суреттер
  • Үлестірме парақшалар
  • Интерактивті тақта

Пәнаралық байланыс

  • Дүниетану
  • Бейнелеу өнері
  • Қазақ тілі

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды сабаққа жұмылдыру, назарын шоғырландыру және қызығушылығын ояту.

II. Өткенді тиянақтау (сұрақ-жауап)

1) Халық ауыз әдебиетіне қандай шығармалар жатады?

Ертегі, аңыз, батырлар жыры, жаңылтпаш, айтыс, шешендік сөздер.

2) Айтыс дегеніміз не?

Екі ақынның арасындағы сөз сайысы.

3) Ертегілердің қандай түрлері бар?

Халық ертегісі, әдеби ертегі, қиял-ғажайып ертегілер.

III. Жаңа сабақ: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Сабақты «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» айдарымен сайыс түрінде жалғастырамыз. Мақалдың мәні — ортақ мақсатқа бірігіп, ынтымақпен жету.

Сайысқа үш топ қатысады. Әр топтың жұмысы бір-бірін толықтырып, ортақ нәтижеге қызмет етеді.

IV. Суретпен жұмыс (ойын-сюжет)

Суреттерге назар аударамыз: мектеп, кітапхана, кітап дүкені.

Сонымен қатар арбаға жүк артқан адамдар бейнеленеді — бұл сендер. Енді сұрақ: қай топ кітаптарды мектепке бірінші болып жеткізеді? Іске сәт!

V. Тарту өлеңі

Балалар, бұл — жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та.
Даналық — өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!

А. Байтұрсынұлы

Мысал — адам бойындағы кемшіліктерді сынап, адалдық, әділдік, қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттерді дәріптейтін шығарма. Онда өсімдіктер мен жануарлар, аңдар мен құстар кейіпкер ретінде алынады.

Орыс ақыны И. А. Крылов жазған мысалдарды Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен кітап етіп шығарған.

Бүгін сол жинақтан алынған «Аққу, шортан һәм шаян» мысалымен танысамыз және шығарманың негізгі ойын ашуға тырысамыз.

Авторлар туралы қысқаша мәлімет

Иван Андреевич Крылов

(1769–1844) — орыс халқының атақты мысалшысы, сатирик, драматург. 1809 жылы оның алғашқы мысалдар жинағы жарық көріп, ішінде 23 мысал жарияланды. Солардың қатарында «Лебедь, щука и рак» та бар.

Ахмет Байтұрсынұлы

(1873–1938) — қоғам қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, аудармашы, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы. 1895–1909 жылдары ұстаздық етіп, бала оқытты. 1909 жылы Крылов мысалдарын аударып, «Қырық мысал» жинағын шығарды.

VI. Ой қозғау (топтық жұмыс)

1-топ: Аққу қандай құс?

Аққу — сұлу, нәзік, өте сезімтал әрі сақ құс. Көлде сырғып жүзеді, қамыстың арасына ұя салады. Дауысы ерекше сұңқылдақ. Аққу — табиғаттың сирек кездесетін ғажайып жаратылысы; елімізде оны аулауға тыйым салынған.

2-топ: Шортан қандай балық?

Шортан — ірі жыртқыш балық. Қазақстанның көптеген табиғи су айдындарында кездеседі. Дене пішіні жебе тәрізді, басы жалпақ; түсі тіршілік ететін ортасына қарай өзгеріп отырады. Ол жемтігін шөп арасынан тасаланып жатып, атылып барып ұстайды.

3-топ: Шаян туралы не білесіңдер?

Шаян — қысқа құйрықты жәндік, басы шағындау, мұртшалары қысқа. 4000-нан астам түрі бар. Теңізде, тұщы су қоймаларында және кейбір түрлері құрлықта да тіршілік етеді. Қорегі — өлекселер мен омыртқасыз жәндіктер.

VII. Оқулықпен жұмыс

Өлеңді мәнерлеп оқу, мазмұнын түсіндіру.

Аққу, шортан, шаян суреттері берілген сюжет бойынша әңгімелеу.

1-топқа сұрақ

Бұл мысалда кейіпкерлер не істемек болды?

2-топқа сұрақ

Олар жүкті неге орнынан қозғалта алмады?

3-топқа сұрақ

Мысал бізді неге шақырады?

VIII. Сөздік жұмысы

Ғибрат
Үлгі, тәрбие, өнеге.
Һәм
Және.

IX. Сергіту сәті (үш тілде)

1-топ

Аққу — лебедь

2-топ

Шортан — щука

3-топ

Шаян — рак

X. Дәптермен жұмыс

Мысалдағы негізгі ойды білдіретін жолды дәптерге жазу. Негізгі ой — ақынның айтар өсиеті.

XI. Бейнеге ену (сахналық көрініс)

Автор: Бір күні Аққу, Шаян, Шортан үшеуі кездесіп қалады. Олар үстіне жүк тиелген үлкен арба тауып алып, қатты қуанады.

Аққу: Достар, келіңдер, мына арбаны әуеге тартып шығарайық.

Шортан: Мұны көлге апарайық.

Шаян: Жоқ, одан да мұны құмға апарайық.

Автор: Сөйтіп үшеуі үш жаққа тартқанымен, арба орнынан қозғалмай қалады.

XII. Шығармашылық тапсырма

«Аққу күйін» тыңдай отырып, топтар өз кейіпкерінің суретін салады:

1-топ

Аққу

2-топ

Шортан

3-топ

Шаян

XIII. Қорытындылау

Үш топ оқушылары бірлік туралы білетін мақал-мәтелдерін айтады.

1-топ

Бірлік болмай, тірлік болмас.

2-топ

Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады.

3-топ

Ынтымақ болмай, іс оңбас.

XV. Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  1. 1«Бірлік түбі — тірлік» тақырыбына эссе жазу.
  2. 2Мысалды оқу, соңғы шумағын жаттау.

Бағалау

Топтық жұмысқа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі, мәнерлеп оқуы, шығармашылық тапсырмадағы белсенділігі бойынша бағаланады.