Жүктілік кезінде жыныстық қатынасқа түсуге бола ма

Жүктілік кезінде жыныстық қатынасқа түсуге бола ма?

Иә, көп жағдайда болады. Жыныстық қатынас ерлі-зайыптылар үшін де табиғи жақындықты, эмоциялық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Дегенмен, жүктілік кезінде әйел ағзасында көптеген өзгеріс болады, соның ішінде жыныстық қатынасқа қатысты сезімдер мен қажеттіліктің өзгеруі де бар.

Жиі кездесетін өзгеріс

Кейбір әйелдер жүктілік кезінде тезірек тояттайды, жақындасуға деген құмарлығы мен қажеттілігі артады.

Сирек жағдай

Кей кездері ләззат бұрынғыдай болмауы мүмкін. Бұл көбіне жүктіліктің алғашқы триместрінде байқалуы ықтимал.

Маңызды уақытша шектеу

Босануға күтілетін мерзімге 2–3 апта қалғанда жыныстық қатынастан бас тартқан жөн. Себебі оргазм кезінде бөлінетін окситоцин жатырдың жиырылуын күшейтіп, қауіп тудыруы мүмкін.

Тояттау (оргазм) және оның ықпалы

Жүктілік кезінде қынаптың сезімталдығы артуы мүмкін, бұл тояттауды жылдам әрі әсерлі етуі ықтимал. Кейбір алғаш жүкті болған әйелдер үшін оргазм бұрын-соңды болмаған жаңа, жағымды сезім ретінде қабылданады.

Егер жүктілік қалыпты өтіп жатса, оргазмның жанама пайдасы да болуы мүмкін: ағзаның жұмыс істеуі жақсарып, қан айналымы күшейеді. Бұл жатырдағы сәбиге оттегі мен қоректік заттардың жеткізілуін қолдайтын табиғи үдеріс.

Іштегі сәби жыныстық қатынасты сезе ме?

Иә, бірақ ересек адам сияқты емес. Жақындасудан кейін сәбидің қимылдауы жиі байқалады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ: ана ләззат алғаннан кейін кіші жамбас аймағында қан айналымы күшейіп, плацента арқылы сәбиге оттегі мен қоректік заттар көбірек жетуі мүмкін.

Қолайлы қалыпты таңдау

Егер “сәби соққы алуы мүмкін” деген күдік мазаласа, жақындасу алдында ерлі-зайыптылар ақылдасып, әйелге қолайлы қалыпты таңдағаны дұрыс. Кейбір жағдайларда дәрігерлер алдын ала ұсыныс береді.

Қорғаныс қабаттары

Жатыр ішіндегі сәбиді сыртқы әсерлерден қорғайтын бірнеше табиғи қабат бар:

  • Жатырдың қалың бұлшықетті қабырғасы

    Сыртқы қысымның әсерін азайтады.

  • Қағанақ сұйықтығы және көпіршігі

    “Жұмсартқыш” қызмет атқарады.

  • Жатыр мойнының кілегейлі (былжыр) тығыны

    Инфекциялардан қорғанысқа қатысады.

Қандай жағдайда жыныстық қатынасқа түсуге болмайды?

Төмендегі жағдайларда жыныстық қатынастан бас тарту немесе міндетті түрде дәрігермен кеңесу қажет:

  • Көп ұрықты жүктілік

    Егіз немесе одан да көп болғанда қауіп деңгейі өзгеруі мүмкін.

  • Ана мен сәбиге қауіп төнгенде

    Жалпы жағдайға байланысты жеке шектеу қойылады.

  • Қынаптан қан кету немесе күмәнді бөліністер

    Себебін анықтағанға дейін жақындасуды тоқтатқан дұрыс.

  • Қағанақ сұйықтығының ағуы

    Инфекция қаупі жоғарылайды.

  • Жыныстық жолмен жұғатын инфекция

    Ем толық аяқталғанға дейін сақтық қажет.

  • Түсік қаупі немесе түсік болғаннан кейінгі кезең

    Қалпына келу үшін белгілі бір уақыт жыныстық қатынасқа болмайды.

Триместрлер бойынша жыныстық белсенділік

Алғашқы триместр

Алғашқы үш айда жыныстық белсенділік төмендеуі мүмкін. Токсикоз және сүт бездерінің ісінуі физиологиялық қолайсыздық тудырады.

Бұл кезеңде ері түсіністік танытып, жыныстық қатынас кезінде сүт бездеріне аса ұқыпты болғаны дұрыс.

Екінші триместр

Көптеген қиындықтар азайып, жыныстық қатынасқа деген құлшыныс артуы мүмкін. Әйелде жаңа сезімдер мен құмарлық пайда болады.

Егер жүктілік қалыпты жүріп жатса, бұл кезеңде жыныстық қатынасқа түсудің қаупі әдетте болмайды. Кей дәрігерлер екінші триместрді “екінші бал айы” деп те атайды.