Эпостық жыр

Сабақ жоспары: «Ер Тарғын» жыры (9-сынып)

Жаңа сабақ (45 минут). Мақсат — батырлар жыры туралы білімді жүйелеу, «Ер Тарғын» жырының идеялық-көркемдік болмысын талдау, негізгі ұғымдарды терең түсіну.

Формат

Үй тапсырмасы + топтық жұмыс

Әдістер

Білу · Түсіну · Талдау · Жинақтау

Нәтиже

Ауызша бағалау, дәлелді жауап

І кезең: «Көпір» тапсырмалары (үйден дайындық)

Оқушылар «Көпір» тапсырмаларын үйде орындап, жаңа сабаққа дайындалып келеді. Мұғалім алғашқы 5–7 минутта:

  • ұйымдастыру сәтін жүргізеді;
  • алдыңғы тақырып бойынша үйде орындалған үш деңгейлік тапсырмалардың аяқталу дәрежесін тексереді;
  • «Көпір» тапсырмаларының жауаптарын талдайды.

Ескерту

«Көпір» тапсырмалары — өткен тақырыптарды қайталау арқылы жаңа сабақты меңгеруге негіз болатын сұрақтар мен шағын тапсырмалар жиынтығы.

Сұрақтар (жауапты толықтыр)

  1. 1) Батырлар жырында қандай оқиғалар суреттеледі?

    Жауап: Елді сыртқы жаулардан қорғау, халықтың тәуелсіздігін сақтау идеясы басым суреттеледі.

  2. 2) Қазақтың батырлар жырлары қандай оқиғаларға негізделеді?

    Жауап: Батырлар жырларында қазақ халқы басынан кешкен тарихи оқиғалардың ізі сақталған.

  3. 3) Қобыланды, Тарғын, Алпамыс сияқты батырлардың ерлігіне негіз болған не?

    Жауап: Елін сүю, ата-мекенді, халықтың ар-намысын қорғау, елдікті сақтау жолында ата жауға қарсы жанқиярлықпен күресу.

ІІ кезең: Топтық жұмыс арқылы жаңа сабақты меңгеру

1-бөлік (10 минут)

Оқушылар «Білу · Түсіну · Талдау · Жинақтау» тәсілдері бойынша тапсырмаларды өздері толтырады.

2-бөлік (10 минут)

Жауаптар мұғаліммен бірге талданады, нәтижесі ауызша мадақтаумен бекітіледі.

Теория: «Білу» деңгейі

«Білу» — тақырып мазмұны бойынша кім? не? қандай? қалай? нені? қашан? не істеді? сияқты сұрақтарға жауап беретін нақты әрі толық ақпаратты іріктеу.

Негізгі мәліметтер

  • Батырлар жыры — қазақ фольклорындағы көлемі мен мазмұн-маңызы жағынан ауқымды жанрлардың бірі.
  • Елдің сан ғасырлық тарихын, ерлік дәстүрін, халықтың үміті мен аңсар-мұратын көркем жинақтап бейнелейді.
  • Жыр — соғыстардың құрғақ жылнамасы емес; ел есінде ерекше қалған елеулі оқиғаларды көркем жинақтаған туынды.
  • Қазақ батырлар жыры шамамен XIV–XVIII ғасырларда қалыптасты деген пікір бар.
  • «Алпамыс батыр» — бірнеше елге ортақ эпос; «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» — қазақ халқының жырлары.

«Ер Тарғын» жыры туралы

Нұсқалары

Жырдың екі нұсқасы бар: 1862 жылы Қазанда Н. Ильминский Марабай ақыннан жазып бастырған нұсқа және В. Радлов Қырым елінен жинап, 9 томдығының 7-томына енгізген әңгіме нұсқа.

Оқылатын нұсқа

Сабақта кеңірек қарастырылатыны — Марабай ақынның нұсқасы.

Тақырып

Отан қорғау

Идея

Ел бірлігі

Идеялық-көркемдік өзегі

«Ер Тарғын» — қазақ батырлар жырының таңдаулы үлгілерінің бірі. Жырда ерлік пен елдік, жақсылық пен жамандық, адал махаббат секілді өзекті мәселелер көтеріледі.

Шығармада халықтың тарихи-әлеуметтік тәжірибесі, әдет-ғұрпы мен салт-санасы, рухани тіршілігі, арман-мұраты көрініс табады. Батыр бейнесі — елінің тағдырын ойлаған, тәуелсіздік үшін басын бәйгеге тіккен, жұртына пана болған тұлға ретінде сомдалады.

Жырдың құндылығы

Жырда аты аңызға айналған, тарихта болған тұлға — Сыпыра жырау кемеңгер бейнесімен көрінеді. Оның жыр желісіне енуі эпостың өзегінде халқымыздың тарихи кешулері жатқанын аңғартады.

«Ер Тарғын» жырының композициялық құрылысы (сатылай-кешенді талдау)

1) Жанр

Эпостық жыр

2) Автор

Халық

3) Тақырып

Отан қорғау, батырлық, ерлік

4) Идея

Ел бірлігін сақтау, батырлықты дәріптеу

5) Оқиға орны

Қырым жұрты

6) Оқиға кезеңі

Ноғайлы дәуірі

7) Кейіпкерлер

Тарғын, Ақжүніс, Қартқожақ, Ақшахан және т.б.

8) Тұлпарлар

Тарлан, Қанатты қара

9) Ұлттық дәстүр

Дұшпан болса да сыйластық: Қартқожақ жол сұрайды; Тарғын «кезегін бабай алсын» деп беруі.

10) Басталуы

Тарғынның Қырым жұртына келуі

11) Дамуы

Соғыстың басталуы; Тарғынның батыр ретінде көзге түсуі.

12) Шиеленіс

Тарғынның Ақжүністі алып қашуы; Қартқожақтың ізінен баруы.

Теория: «Түсіну» деңгейі

«Түсіну» — неге? неліктен? себебі? не үшін? сұрақтары арқылы алдыңғы жауаптарды тереңдету, дәлелдеу және тұжырым жасау.

Оқулықпен жұмыс (талқылауға арналған сұрақтар)

  1. Тарғынның қандай қасиеттерін ерекше атар едің?
  2. Тарғын бейнесі арқылы халық қандай ой айтпақ болды?
  3. Ақжүніс бейнесіне қарап, бұрынғы әйелдердің болмысы туралы қандай пікір айтар едің? Бұл бейненің өзегіндегі халық арманын қалай түйіндер едің?
  4. Ақжүністің әкесі (ағасы, туысы) туралы қандай ойдасың?
  5. Қартқожақтың бойындағы қандай қасиеттерді бағалауға болады?
  6. Ақын Сыпыра жырауды жыр арқауына енгізу арқылы қандай мақсат көздеген?

Батырлар жыры мен ертегінің ұқсастығы мен айырмашылығы (Венн диаграммасы бойынша)

Батырлар жыры

  • Кейіпкері — батыр.
  • Тақырыбы — ерлік.
  • Оқиғасы — елдің сыртқы жауларымен күрес; мифтік сипат та кездеседі.
  • Негізінде халық тарихының ізі жатады.

Ортақ белгілері

  • Халық ауыз әдебиетінің үлгілері.
  • Эпостық жанрға жатады.
  • Бірнеше нұсқасы болуы мүмкін.

Ертегілер

  • Кейіпкерлері — қарапайым адамдар; қиялдан туған бейнелер де бар.
  • Тақырыбы — тапқырлық, қиял-ғажайып.
  • Оқиғасы — қиял-ғажайып, ел ішіндегі өмір, салт-дәстүр, мифтік сарын.
  • Негізінде халық арманы жатады.

Батырлар жырындағы негізгі ойды топтастыру

Өнер Ерлік Дәстүр Елдік Тәрбие Ел қорғау Тарих

Пәні

Қазақ тілі мен әдебиеті

Мұғалім

Ибрагим Бегімхан Керімханұлы