Кеңістікте бағдарлау қабілетін дамыту

Білім беру саласы және тақырып

Білім беру саласы

Таным

Бөлімі

Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру

Тақырыбы

«Ойнайық та ойлайық»

Мақсаттары

1) Сан және реттік ұғымдар

  • Заттарды реттік және есептік санау дағдыларын жетілдіру.
  • Тура және кері санауды бекіту.
  • «Нешінші?» сұрағына дұрыс жауап беру іскерлігін қалыптастыру.

2) Кеңістік және пішін

  • Кеңістікте бағдарлау қабілетін дамыту (оң–сол, жоғары–төмен).
  • Геометриялық пішіндерді анықтау және түсіне, пішіні мен көлеміне қарай ажырата білуге үйрету.
  • Салыстыру арқылы талдау жасау дағдыларын жетілдіру.

3) Өлшеу және ұсақ моторика

  • Заттардың ұзындығын өзара салыстыруды қайталау.
  • Шартты өлшем көмегімен өлшеуді бекіту.
  • Ұсақ қол моторикасын дамытуға бағытталған тапсырмаларды орындау.

4) Әлеуметтік дағдылар

  • Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.
  • Бір-біріне көмектесуге, ынтымақтастыққа тәрбиелеу.

Әдістер мен ресурстар

Әдістер

Сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтері: кубизм, Венн диаграммасы, ертегі терапиясы.

Сөздік жұмыс

қосу алу сандар

Қажетті құралдар

  • Сандар жиынтығы
  • Түрлі түсті шеңберлер
  • Кестелер, дәптер

Сабақтың барысы

Кіріспе: шеңберге тұрып, көңіл күй көтеру

Балалар шеңберге тұрып, көтеріңкі көңіл күймен қимыл-қозғалыс жасап, бір-бірімен және қонақтармен сәлемдеседі.

Амансың ба, алтын күн,
Амансың ба, көк аспан,
Амансың ба, достарым,
Амансың ба, қонақтар.
Сабағымызды бастаймыз,
Жамандықты тастаймыз.

1) «Сиқырлы кубик» логикалық ойыны

Сын тұрғысынан ойлау

Ойын арқылы балалардың логикалық ойлауын белсендіру, сұраққа жауап беру дағдыларын дамыту көзделеді.

2) «Көршісін тап» тапсырмасы

Тура/кері санау

Тақтада ілінген шеңберлердегі жануарлар мен аңдардың суреттеріне бірінші суреттен бастап цифрлар қыстырғышпен ілінеді. Балалар тура және кері санайды, сандардың көршілерін атайды.

3) «Ғажайып сақиналар»: Венн диаграммасы

Топтастыру/салыстыру

Үстелде жұппен жұмыс: Венн диаграммасы арқылы геометриялық пішіндерді түсіне, көлеміне қарай ажыратып, өзара салыстырады. Бұл тапсырма балалардың ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамытады.

4) Сергіту сәті: «Іздермен жүреміз»

Кеңістікте бағдарлау

Қимыл-қозғалысқа негізделген бұл тапсырма балалардың оң–солын тануын және кеңістікте дұрыс бағдарлау қабілетін жетілдіреді.

5) «Тығылмақ» ойыны: қағаз бетінде бағдарлау

Ұсақ моторика

Тапсырма: жануарлардың бейнесі салынған суреттерді қағаз бетіне дұрыс орналастыру.

Орналастыру нұсқаулығы

  1. Оң жақтағы жоғарғы бұрышқа — қоян.
  2. Сол жақтағы төменгі бұрышқа — аю.
  3. Сол жақтағы жоғарғы бұрышқа — (берілген жануарды орналастыру).
  4. Оң жақтағы төменгі бұрышқа — (берілген жануарды орналастыру).

Нәтиже: балалардың ойлау қабілеті шыңдалып, ұсақ қол моторикасы дамиды.

6) Есеп шығару: карточкалармен жұмыс

Өзіндік жұмыс

Балалар карточкалардағы есептерді шығарады. Бұл бөлім баланың өз бетінше жұмыс істеуіне, белсенділік танытуына және нәтижеге ұмтылуына жағдай жасайды.

Көмек көрсету тапсырмасы

Балалар бір-біріне көмектесудің маңызын түсініп, ұжымдық жұмысқа дағдыланады.

Қорытынды: «Жүректен жүрекке» тренингі

Сабақты жылы атмосферада аяқтау үшін «Жүректен жүрекке» тренингі жүргізіледі: балалар бір-біріне ізгі тілектер айтып, мейірімді қарым-қатынасты бекітеді.