Адамға күш қолданба

Ұлы Дала елі: өсиет өрнектері

Ата-бабадан аманат болып қалған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегелі өсиет жаһандану мен өркениет өрістеген заманда да өз мән-мағынасын жоғалтпайды. Оны санаға сіңіріп, мінезге айналдыра алған өскелең ұрпақ ештеңеден ұтылмайды — керісінше, тағылымды тәлім арқылы тұлғасы кемелдене түседі.

Қарапайым халық арасынан шыққан данышпандардан қалған нақыл-қағидаларға назар аударайық.

Сәлем мен сыйластық

  • Үлкенге сәлем бер, жолын кеспе.
  • Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке алдымен сәлем береді.
  • Үлкендердің және ғалым адамдардың алдында көп сөйлемеуге тырыс.
  • Мешітке не үйге кіргенде «Ассалаумағалейкүм» деп амандас; кешкі уақытта «Кеш жарық» деп кір.
  • Көршілеріңмен әрдайым жылы амандас.
  • Аты белгілі, абыройлы адамдарға құрмет көрсет.

Қоғамдық әдеп және қамқорлық

  • Үлкен кісіні, ананы, әйелді көлікке мінгізіп-түсіргенде қолтықтап, демеп жібер.
  • Көшеде не жолда жатқан шыны, темір сияқты қауіпті зат болса, алып таста.
  • Үй сыртында тұрып немесе теріс қарап сөйлеспе.
  • Кемтар адамның алдында дене кемістігі туралы сөз қозғама.
  • Моншада да ұятыңды сақтай біл.

Дастарқан мәдениеті

  • Үлкендерден бұрын асқа қол созба.
  • Тамақтанып отырып сөйлеспе.
  • Тамақты өз алдыңнан алып же, өзгенің алдындағы асқа қол созба.
  • Сұйық асты сораптамай іш.
  • Дастарқан басында жинақы отыр, әдеппен сөйле.

Тәрбие, мінез және қарым-қатынас

  • Адамға күш қолданба.
  • Сәбилерге өтірік айтпа, алдама, қорқытпа; оларды жаман әдетке үйретпе.
  • Жаман дағдыдан аулақ бол, жаман адамдардан қашық жүр.
  • Достыққа берік, адал бол.
  • Біреуді жамандама; өзіңді жамандаған адаммен дауласпа, жауласпа.
  • Қуанышта да, қиындықта да, қайғыда да, ашуда да сабыр сақта.
  • Пейілің кең болсын: кешірімді, мейірімді, сыпайы бол.
  • Өркөкірек адамнан аулақ бол; өзің де кеудеңді көтерме.
  • Қанша ұлы адам болсаң да, халық алдында кішіпейіл бол.

Білім, дін және ұлттық жады

  • Біліміңді көпке пайдасы тиетін іске жұмса.
  • Дініңе сеніммен әрі құрметпен қара.
  • Халқыңның тарихын, дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын жадыңа тоқып, кейінгіге үйрет.

Жол, сапар және баталы сөз

Шаруашылықтың басы-қасында жүрген адамдарға жолыққанда игі тілек айту — ықылас пен құрметтің белгісі: бақташыға «Бағар көбейсін», мал айдап бара жатқандарға «Айдар көбейсін», егіншіге «Бір дәнің мың дән болсын», түрлі жұмыс үстіндегілерге «Іске сәт», жаңа қоныстанушыларға «Қоныс құтты болсын» деу орынды.

Жолаушыға, жүргіншіге, сапарға шыққан адамға «Сапарың сәтті болсын» де. «Қайда барасыз?» деп сұрау әдепке жатпайды.

  • Алыс сапарға, игілікті іске немесе емделуге аттанар алдында қариялардың батасын ал.
  • Үйге, мешітке және қасиетті орындарға оң аяқпен кір.

Тұрмыстық ұқыптылық

  • Шалбарды отырып ки.
  • Әйелдер мен қыз балаларға орындықта аяқты айқастырып отыру жараспайды.
  • Егін ішінде дәретке отырма.

(Жалғасы бар)

Әзірлеген: Бегімхан Керімханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.