Алгоритмнің формалды орындалуы

Сынып: 6 Сабақ түрі: лекция Тақырып: Алгоритм және оның атқарушылары

Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері

Мақсат: оқушылардың алгоритм ұғымын талдауы, оның қасиеттеріне мысал келтіруі және қарапайым алгоритмдерді құру дағдысын қалыптастыру.

1) Білімділік

Алгоритмнің анықтамасын айтып, мысал келтіру және негізгі қасиеттерін сипаттау.

2) Дамытушылық

Қарапайым алгоритм құра білу және оның нәтижесін талдау.

3) Тәрбиелік

Логикалық ойлауды дамыту және еңбекке баулу.

Құрал-жабдықтар

  • Компьютерлер
  • «Информатика және есептеуіш техника негіздері» бойынша әдістемелік нұсқаулықтар, бағдарламалар

Сабақтың әдістері

түсіндіру баяндау сұрақ-жауап әңгімелесу жазбаша жұмыс өзіндік жұмыс

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, оқушыларды түгелдеу.
  • Сабаққа дайындықтарын тексеру.
  • «Шаттық шеңбері».

2) Үй тапсырмасын пысықтау (тест)

Төмендегі сұрақтар бойынша білім тексеріледі.

  1. 1. Қайсысы алғашқы есептеу құрылғысы емес?

    A) Шоттар B) Арифмометр C) Калькулятор D) Соробан
  2. 2. Бағдарлама бойынша жұмыс істеген алғашқы құрылғы:

    A) Арифмометр B) Холлерит машинасы C) Шоттар D) Бэббидж машинасы
  3. 3. Бірінші бағдарламалаушы кім?

    A) Чарльз Бэббидж B) Герман Холлерит C) Ада Августа Лавлейс D) Блез Паскаль
  4. 4. Алғашқы ЭЕМ қай жылы пайда болды?

    A) 1946 ж. B) 1949 ж. C) 1980 ж. D) 1956 ж.
  5. 5. USB шинасы қандай құрылғыларды қосу үшін жиі қолданылады?

    A) Оптикалық дискілер B) Флэш-дискілер C) Жұмсақ магнитті дискілер D) DVD дискілер

Жаңа сабақ

Анықтама

Алгоритм — берілген есептің шешу жолын реттелген әрекеттер (амалдар) тізбегі түрінде көрсету.

Алгоритм құруға күнделікті өмірден мысалдар келтіруге болады: жолдан өту, қалааралық телефон арқылы байланысу, қазынаны іздеу, күн тәртібін жоспарлау, шай қайнату, үй тапсырмасын орындау, компьютерде ойнау, футбол немесе шахмат ойнау.

Мысал: «Шайды демдеу» алгоритмі

  1. 1 Басы.
  2. 2 Шәйнекті ыстық сумен шаю.
  3. 3 Шәйнекке шай салу.
  4. 4 Қайнаған су құю.
  5. 5 3–5 минут күту.
  6. 6 Шайды шыныаяққа құю.
  7. 7 Соңы.

Алгоритмнің негізгі қасиеттері

  • Айқын әрі дәл өрнектелуі
  • Үзіктілігі (қадамдарға бөлінуі)
  • Нәтижелілігі
  • Жалпыламалығы (ортақтық)
  • Формалды орындалуы

1) Айқын әрі дәл өрнектелуі

Алгоритмдегі әрбір әрекет нақты, түсінікті және орындаушыға бірмәнді болуы керек. Орындаушы тек көрсетілген қадамдарды ғана орындайды. Қадамдар анық берілгендіктен, орындаушы командаларды артық ойланбай орындай алады.

2) Үзіктілігі

Алгоритм орындалуы бірнеше қадамнан тұрады. Ол аралық нәтиже беретін ықшам бөліктерге бөлінеді: әр қадам өз кезегінде жеке әрекеттерге жіктеледі. Бір қадамда бір немесе бірнеше әрекет орындалуы мүмкін, бірақ олардың саны шектеулі болуы тиіс. Алдыңғы әрекеттің нәтижесі келесі әрекетке қажетті мәлімет ретінде қолданылады, сондықтан орындаушы бір әрекетті аяқтамай келесі қадамға өте алмайды.

3) Нәтижелілігі

Кез келген алгоритм белгілі бір уақыт ішінде нәтижеге жеткізуі керек: есептің шешімін беруі немесе шешімі жоқ екенін көрсетуі тиіс. Әр алгоритмде бастапқы деректер болады, ал орындалу соңында нәтиже шығады. Мысалы, сандарды қосу алгоритмінде бастапқы деректер — қосылғыштар, ал нәтиже — қосынды.

Егер алгоритмнің кейбір қадамдары қайталана беріп, нәтиже шықпаса, ол нәтижесіз (циклден шықпайтын) алгоритм болып саналады және оны қайта құру қажет.

4) Жалпыламалығы (ортақтық)

Алгоритм бір ғана есепті емес, соған ұқсас есептер класын шешуге жарамды болуы керек. Бұл жағдайда тек берілген мәліметтер өзгеріп, нәтиже соған сәйкес түрленеді. Мысалы, квадрат теңдеуді шешу алгоритмі кез келген a, b, c мәндері үшін құрылады.

5) Формалды орындалуы

Орындаушы алгоритмнің мағынасын толық түсінбесе де, командаларды дұрыс орындау арқылы дұрыс нәтижеге қол жеткізе алады. Ол үшін әр әрекет орындаушыға түсінікті тілде берілуі қажет. Мысалы, «x санын квадратта» дегеннен гөрі «x санын x санына көбейт» деп нақтылау орындауға жеңіл.

Демек, алгоритм белгілі бір орындаушыға (адамға, оқушының білім деңгейіне, компьютерге және т.б.) арналып құрылады. Бұл қасиет алгоритмді компьютерге «жүктеп», автоматты орындатуға мүмкіндік береді.

Бекіту тапсырмасы

«Сурет салу» алгоритмі бойынша кестені толтырыңдар: бұйрық нөмірі, алгоритмнің бұйрығы және орындалу нәтижесі.

Бұйрық № Алгоритмнің бұйрығы Орындалу нәтижесі
1 Көк қарындашты ал ...
2 Шардың суретін сал ...
3 Шарды боя ...
4 Қарындашты орнына қой ...
5 Соңы ...

Сабақты қорытындылау: «Көкпар» ойыны

Ойын шарты

  • Оқушылар үш топқа бөлінеді.
  • Мұғалім сұрақ қояды.
  • Қай топтан қол көтерген оқушы көп болса, сол топ жауап береді.
  • Жауап толық болмаса, басқа оқушылар толықтырады.
  • Толық жауап берген оқушыға жоғары ұпай қосылады.

Қойылатын сұрақтар

  1. 1 Алгоритм дегеніміз не?
  2. 2 Алгоритм орындаушысына анықтама беріңдер.
  3. 3 Алгоритмнің қасиеттері қандай?

Тиімділігі

Ойын оқушыларды үй тапсырмасына тиянақты дайындалуға, жылдам жауап беруге дағдыландырады; есте сақтау қабілетін дамытып, пәнге қызығушылықты арттырады.

Бағалау

Оқушылардың жауабы мен белсенділігіне қарай, білім деңгейіне сәйкес бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • Алгоритм ұғымы.
  • Алгоритмнің қасиеттері.