О, Кеңесбай мырза, тыңда, сөз, Айтатұғын келді кез, Кекіреттеніп паңданбай, Сыртын көріп таңданбай, Менің сөзім құйылса, Кеудеңе шырақ жанғандай

О, Кеңесбай мырза, тыңда, сөз,
Айтатұғын келді кез,
Кекіреттеніп паңданбай,
Сыртын көріп таңданбай,
Менің сөзім құйылса,
Кеудеңе шырақ жанғандай.
Арғы атаң сенің - Нарынбай,
Кең қолтық ұзын қарымдай,
Елдің жүгін көтерген
Ақ өңеш шеңгел нарындай.
Көкейіңе қондыра
Сөйлесін жаршың сарындай,
Қу дауысты Құттыбай
Қазақ туын көтерді,
Даналықпен айырды
Келер менен кетерді.
Өтірік деші қанеки,
Мен айтпаймын бекерді.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Олжа салды еліне.
Тояттаған сұңқардай,
Құйылып еді жеміне.
Қазықтай жерге қадады,
Дұшпанын деген сеніме .
Тізе қосып теңесті,
Текпісі тең теңіне.
Ой, ол кездегі өткен күн
Түсім бе едің, өңім бе?
Байқара атаң бай болды,
Төрт түлігі сай болды,
Қайыры елге мол болды,
Анық әділ сол болды,
Серкештеп жылқы айдалды,
Көшкенде жұртта тай қалды.
Алдына келген дау болса,
Әділетпен жайғалды.
Дәулетіне ел кенелді,
Жетім - жесір теңелді,
Опасыз мына жалғаннан
Демі біткен күнінде
О да көшіп жөнелді.
Өз әкеңді айтайын,
Қара тіл ділмәр Ақтайлақ.
Топта жалғыз сөйлеген
Асыл сөзді тақтайлап.
Тұқымың дегдар болғанмен,
Кеңесбай азғын туғансың,
Тістеуік айғыр секілді
Үйіріңді сұйылтып,
Тай - құнанды қуғансын.
Ел білерлік ісің жоқ,
Дегдар емес, будансың,
Будан дейтін себебім,
Айналаңды торисың ,
Түзден тоят тілемей,
Өлексені қорисың.
Алдыңа келсе жүгініс,
Терісті оң деп жорисың.
Қол бала құс секілді
Биялайға қарайсың.
Не тұлғама тұтқа боп,
Ішің аяз ақ қырау,
Сырты сұлу сарайсың.
Ыдысысың параның,
Қотара құйса толмайтын.
Ашылған әбден араның,
Түйені жұтсаң түгімен,
Биені жұтсаң бүгімен,
Қақалмай бір - ақ толғайтын.
Айтты десең, Кеңесбай,
Бергеніңді санап ал,
Тоқылдап елді тұжырып,
Осы елде жалғыз өзің қал.
Тінейдің сары құсындай
Өзіне - өзің шеңгел сал.
Ел тереңге сүңгіді,
Қарамайтұғын қалмай тал.
Серпілер күн болар ма,
Елге түскен ауыр хал
Көз жасында болмады,
Қара қазан, сарбала,
Жетім - жесір, кемпір - шал.



Ұқсас жұмыстар

Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мен поэтикасы
Біржан мен Сара айтысының шындығы
Қамар сұлу
Қазақ ойшылдары дін туралы пәні семинар сабақтың әдістемелік нұсқауы
Дулат Бабатайұлы шығармалары
Халық педагогикасында тәрбие мәселесі
АБЫЛАЙ АСУЫ
Педагогика тарихында балалар тәрбиесі маңызды мәселе
ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Еркеш Ибраһимның ақынның мұрасы
Дербес компьютерлердің шығу тарихы
ҚР қоғамдық жаңа даму кезеңінде жоғары білім беру
Коммерциялық ақпарат пен коммерциялық кұпия мәні және оны қорғау
ДОМАЛАҚ АНА
Аудиттің мәні және оның нарықтық экономика жағдайындағы ролі
ТОНЫКӨК
Адамдар арасындағы қарым-қатынас және іс-әрекет психологиясы
Аудиторлық қауіп
Диалектика — даму мен ең жалпы байланыс жөніндегі ілім
Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар