Туған жерді сүю парыз, Туған жерді күту - парыз
Табиғат — тіршіліктің алтын бесігі
Қымбатты ұстаздар мен оқушылар! Табиғат — тіршілік атаулының құтты қонысы, өмірдің өсіп-өркендеуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Халық түсінігінде «табиғат» сөзі «жер», «туған жер», «атамекен» ұғымдарымен қатар айтылады. Сондықтан бүгінгі тәрбие сағатымыз табиғатқа арналған.
Шақыру сөз
Егемендік нышаны — жарқын жастық,
Болашаққа сеніммен қадам бастық.
Көркейтейік туған жер табиғатын,
Кең даламда жайқалсын алтын астық!
Іс-шараның кезеңдері
1) Таныстыру және ұран
Әр топ өзін таныстырып, ұранын айтады. Бұл кезеңде ұйымшылдық пен ортақ мақсатқа жұмылу маңызды.
2) Сұрақ-жауап сайысы
Қазақ «бәйге» десе делебесі қозатын халық. Бұл кезеңде білім мен тапқырлық сыналады.
Қазақпыз ғой бәйге десе қозатын,
Қосатұғын күре атын, боз атын.
Басталады бәйге атты жарысымыз,
Шықсын шәкірт шыңдарға қол созатын.
3) Мақал-мәтел жарысы (жалғасын табу)
Орман — даланың қорғаны, табиғаттың тынысы. Мақал-мәтел арқылы табиғатқа қатысты халық даналығы еске түсіріледі.
Ну орман, жасыл орман, мынау орман,
Далаға қорған болып тұра қалған.
Осылай да ойланып қой, адамдар,
Жығылмайсың орманыңа жүгінсең.
4) «Құлақтан кіріп бойды алар» — ән немесе өлең
Табиғат туралы ән орындау немесе өлеңді жатқа оқу арқылы көркем ой мен сезім мәдениеті дамиды.
Табиғат — әсемдіктің төркінісің,
Ән саламыз бір сенің көркің үшін.
Жан-жануар табынып бір өзіңе,
Сенен асып тұрғандай бар тынысын.
5) «Егер сен… болсаң!» — ойтолғау
Қатысушылар табиғаттың бір бөлшегі (Күн, көл, бұлақ, жел т.б.) болып елестетіп, өз ойларын еркін жеткізеді.
Табиғат, сен — тіршілікке тұнып тұрған.
Сен — Күнсің қырдан күліп көтерілген.
Сен — көлсің, сен — армансың, сен — бұлақсың,
Адамға сұлулықты шын ұқтырған.
6) «Табиғат — Ана» суретін қорғау
Оқушылар өз суреттерін таныстырып, табиғат пен адам арасындағы үндестікті түсіндіреді.
Табиғат егіз адаммен —
Ұқсастық табам содан мен.
Мәңгілік болсын егіздер:
Жер — Ана, көл, теңіздер.
7) Туған өлкені тану және қорғау
Мұзафар Әлімбаевтың өсиеті терең: туған жерді сүю, күту, қасиетін ұғу — әр азаматтың парызы. Ендеше кең байтақ еліміздің табиғатын, аң-құсын, өсімдігін танып-білуге ұмтылайық.
Туған жерді сүю — парыз,
Туған жерді күту — парыз.
Сүю үшін білу — парыз,
Қасиетін ұғу — парыз,
Күзетінде тұру — парыз.
«Табиғатым — тұнған байлық»
Бұл бөлімде өз туған өлкеміз — Аққұм ауылының тарихы, табиғаты, өсімдіктері, құстары мен жануарлары туралы білімімізді саралаймыз. Табиғатты тану — оны қорғаудың алғашқы қадамы.
Мақал-мәтелдер (табиғат, еңбек, жер туралы)
- Ақыл — дария: алсаң да таусылмайды. Жер — қазына: қазсаң да таусылмайды.
- Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл.
- Ерді талап ұшырар, құсты қанат ұшырар.
- Атасы жер жырта білмегеннің, баласы тұқым себе алмас.
- Алтын болмаса — зергер қор болар, жер болмаса — диқан қор болар.
- Адам ұйымшыл, мал үйіршіл.
- Жері азған елде тоқшылық болмайды.
- Көлдің көркі — құрақ, таудың көркі — бұлақ.
- Тары жеген тарықпас.
- Диқан жауында тынығады, балықшы дауылда тынығады.
- Сағадағы су ішеді, аяқтағы су кешеді.
- Сөз анасы — құлақ, су анасы — бұлақ.
- Көп жүрген жер — көл, құм жүрген жер — шөл.
- Дауылды күні құс салма, жауынды күні жылқы алма.
- Ойдағы үй — селдікі, өрдегі үй — желдікі, жазықтағы үй — елдікі.
- Диқан еккенін жейді, жылқы тепкенін жейді.
- Дауылдың алды — жел, жаңбырдың арты — сел.
- Ағаш — жапырағымен, жер — топырағымен.
- Құстың жайын салған білер, құдық жайын қазған білер.
- Мезгіл жетсе мұз да ериді.
Туған жер туралы нақыл
- Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
- Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
- Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
- Батар күннің де атар таңы бар.
- Жер — қазына, су — гауһар.
Сұрақ-жауап: экология және туған өлке
Төмендегі сұрақтар арқылы экологиялық білім, география және табиғаттану бойынша түсініктер бекітіледі.
Жалпы білім
- Қазақстанның «Қызыл кітабы» қай жылы шықты?
- 1978 жылы.
- «Ауыл жылы» қай жылдарды қамтыды?
- 2003–2005 жылдар.
- Көктемгі төл шөптердің ішінде шаруашылыққа ең пайдалысы?
- Мортық.
- Қазақстанда неше қорық бар?
- 9 қорық: Ақсу-Жабағылы, Алматы, Барсакелмес, Наурызым, Қорғалжын, Марқакөл, Үстірт, Алтай, Алакөл.
- «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» өлеңінің авторы кім?
- Абай.
- Қазақстанда күріш қай облыста өсіріледі?
- Қызылорда облысында.
- Тосын желді қалай атайды?
- Құйын.
- Судың деңгейі көтерілуін қалай атайды?
- Тасқын.
- Қазақстан қай елдермен шектеседі?
- Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан.
Сыр өңірі және табиғат
- Сырдария жағасында өсетін, биіктігі аласа бұта тектес өсімдік?
- Жыңғыл.
- Шөл даланың көпжылдық тікенекті өсімдігі?
- Жантақ.
- Әлемдегі ең бай қазына не?
- Жер қойнауы.
- «Сырдың сары алтыны» дегеніміз не?
- Күріш.
- Өзен-көлдердің ірі тұрғыны?
- Жайын.
- «Өзен санитары»?
- Шаян.
- Өсімдіктің қай бөлігі таза оттегін бөледі?
- Жапырақ.
- Қызылорда өңіріндегі дәрілік өсімдіктерді ата.
- Жусан, адыраспан, шашыратқы, бақ-бақ және т.б.
- Бөкеннің лағы қалай аталады?
- Құралай.
- Қызыл кітапқа енген тоғайлы өңір ағашы?
- Тораңғыл.
- Өзі жәндік әрі жіп шығарады?
- Өрмекші.
- Өңірдегі ірі өнеркәсіптің дамуына түрткі болған өсімдік?
- Қамыс.
- Бақаның бақшадағы пайдасы?
- Шыбын-шіркейлерді жояды.
- Сырдария өзенінің бұрынғы атауы?
- Сейхун.
Жұмбақтар: табиғат құбылыстары мен жануарлар
-
Көтеріліп теңізден, аспанға биік барамын. Биіктен қайта түскенде өңі кірер даланың.
Жауабы: жаңбыр.
-
Далада аттай тулайды, әуеде құстай зулайды.
Жауабы: жел.
-
Бар ма, жоқ па — оны білмейсің. Ол жоқ жерде өмір сүріп жүрмейсің.
Жауабы: ауа.
-
Сауыттан мықты шапаны, жәндіктің нағыз шабаны.
Жауабы: тасбақа.
-
Суға түсті, жүзді, сүңгіді. Бірақ үсті құрғақ.
Жауабы: үйрек.
-
Қандай құс ұя жасамайды да, жұмыртқасын өзі баспайды?
Жауабы: көкек.
-
Дәмді аяғымен сезетін жәндік?
Жауабы: шыбын.
Қорытынды ой
Табиғатты қорғау — ұран емес, күнделікті әрекет. Туған жердің әр тал шөбі мен әр тамшы суы — аманат. Табиғатқа жанашырлық танытсақ, болашаққа да жауапкершілікпен қарағанымыз.