Қалыптасып келе жатқан еркін рынок жағдайларында жұмыс жасайтын балалардың саны қарқынды түрде көбеюде

Эпиграф

Бейкүнә сәби ашты дүние есігін,
Азан айтып бердік оған есімін.
Ол пәк болып келген бізге нәресте —
Ойла, ендеше, адал болып өсуін.

«Бала еңбегін қорғау» тақырыбындағы дөңгелек үстел

Мақсаты

Кәмелетке толмаған балалардың еңбегін заңсыз қанау туралы түсінік қалыптастыру және құқықтық тәрбие беру.

Құқық — жазалау емес, әділет

Бүгінгі Қазақстан — әлем қауымдастығы мойындаған тәуелсіз, егемен мемлекет. Әр мемлекеттің өз заңы бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құқықтық жалпы білім беруді ұйымдастыру шаралары туралы қаулы жариялап, заңды білу — заман талабы екенін көрсетті.

Көп адамның санасында «құқық» ұғымы жазалау, соттау, құқық бұзушылықпен байланысады. Алайда құқық — ең алдымен әділеттілік, теңдік және ізгілік, қоғамдағы тәртіп ережелерінің негізі екенін ұмытпауымыз керек.

Бала еңбегі: әлемдік мәселе

Бала еңбегі проблемасы бүкіл әлемде — өнеркәсібі дамыған елдерде де, дамушы елдерде де — кездеседі. Ол баланың дене дамуына және психоәлеуметтік жағдайына үлкен, кейде қайтымсыз зиян келтіреді. Әдетте, жасына сай емес ауыр еңбекке әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың, тұрмыс деңгейі төмен немесе толық емес отбасылардың балалары жиірек тартылады.

Сонымен қатар олардың білім алуға, денсаулық сақтау қызметтеріне және табыс көздеріне қол жеткізуі шектеледі. Осылайша тұйық шеңбер қалыптасады: еңбекке ерте тартылу білім алу мүмкіндігін азайтады, ал білімнің жетіспеуі кейін жұмысқа орналасуға кедергі болады. Нәтижесінде бала еңбегі адам капиталының дамуына және елдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне теріс әсер етеді.

Көрініс: мәжбүрлі еңбекке итермелеу

Автор

Әкесі жұмыстан келе сала дауыстап, баласына айғай салады.

Әкесі (Жандаулет)

«Жұмыс дегенің құрып кетсін! Жатып дем алғанға не жетсін? Шыбын жанның рахатын іздеу керек. Жұмысты бала атаулы істейтін сияқты ғой!»

Әкесі (Жандаулет)

«Сенен көрген пайдамыз қайсы? Мұғаліміңнен де, сыныптастарыңнан да тек ұрыс естиміз. Қашанғы сенің мінезіңді көтереміз? Өзімізге де пайдаң тисін!»

Автор

Әкесі баласын итеріп, үйден шығарып жібереді: «Бүгіннен бастап үйге кіріс кіргізбесең, менен жақсылық күтпе! Ал мен демаламын: қыдырамын, той тойлаймын», — дейді.

Көше кезіп шыққан кәмелетке толмаған жеткіншек жұмыс іздеуді бастайды. Орталық базар маңына келіп, бұрын-соңды естіген арба сүйрету, газет сату, гүл сату сияқты жұмыстарды — тіпті «оңай жол» деп ұрлықты да — ойлайды.

Қазақстандағы ахуал

Бала еңбегі Қазақстанда да кездеседі. Зерттеулер толық мәлімет бермегенімен, ауқымының кеңею үрдісі байқалады. Еркін нарық жағдайында жұмыс істейтін балалар саны артып келеді. Заңдық және әкімшілік бақылаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ нормаларды іске асыру тетіктерінің әлсіздігі балаларды алдау мен қанаудың нысанына айналдырады.

ХЕҰ дерегі

Халықаралық Еңбек Ұйымының мәліметінше, әлемде 215 млн бала еңбекпен шұғылданады. Олардың бір бөлігі денсаулыққа зиян келтіретін, тіпті өмірге қауіп төндіретін ең ауыр еңбек түрлеріне тартылған.

Ұлттық басымдық

Балалар мәселесін шешу — ұлттық міндеттердің басым бағыты. Әр баланың дені сау, білімді болып өсуі және қалаған мамандығын таңдауы қоғамның бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.

Құқықтық негіз: Конституция және еңбек заңнамасы

Конституция: 12-бап

  • Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.
  • Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады; ешкім олардан айыра алмайды.

Конституция: 24-бап

Әрбір адам еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқылы. Еріксіз еңбекке тек сот үкімі бойынша, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.

Халықаралық құжаттар

Бала еңбегіне тікелей қатысты халықаралық конвенциялар мен құжаттар бар. Соның ең танымалдарының бірі — 1989 жылғы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы. Онда:

  • жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасын белгілеу;
  • жұмыс күнінің ұзақтығы мен еңбек жағдайын реттеу

Ең төменгі жас және жұмысқа рұқсат ету шарттары

Еңбек кодексі бойынша жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасы — 16 жас. Дегенмен 15 жасқа толған азамат жалпы орта білім алып жүрген жағдайда ата-анасының (немесе қамқоршысының, асырап алушысының) жазбаша келісімімен еңбек шартын жасай алады.

Сондай-ақ оқудан бос уақытта жұмыс істейтін 14 жастағы тұлғаларға және денсаулығы мен дамуына зиян келтірмей, шығармашылық салаларда (кинематография, театр, концерттік ұйымдар, цирк) қатысатын 14 жасқа толмаған тұлғаларға белгілі шарттармен рұқсат беріледі.

Балалар еңбегі жиі кездесетін салалар

Бала еңбегі өндірістік және өндірістік емес салаларда, қалалық бейформал экономикада, ауыл шаруашылығында, жергілікті базарлардағы ұсақ саудада және үй шаруашылығында кездеседі. Мысалы, кәмелетке толмағандар көкөніс пен жемісті сұрыптауға, жүк тиеуге (арба сүйрететін жасөспірімдер), ал сирек жағдайда қайыршылыққа мәжбүрленуі мүмкін.

18 жасқа толмағандарға тыйым салынатын жұмыстар

  • Ауыр жұмыстар, аса қауіпті немесе зиянды жағдайдағы еңбек.
  • Денсаулығына және рухани дамуына нұқсан келтіретін жұмыстар (түнгі ойын-сауық орындары, ойын бизнесі).
  • Түнгі уақытта жұмыс істеу (22:00–06:00).
  • Шұғыл жұмыс және жұмыс уақытын жиынтық есепке алатын режимдер.
  • Кезекшілік (вахталық) әдіспен жұмыс істеу.

ХЕҰ көрсететін тәуекелді нысандар

  • Ауыл шаруашылығы жұмыстары (мақта, темекі, жүзім және басқа да дақылдар).
  • Базарлар, мал шаруашылығы (мал бағу), құрылыс, шағын бизнес: қара жұмыс, жанармай құю бекеттері, тауар түсіру-тиеу (жас ерекшелігі мен шарт талаптары жиі бұзылады).
  • Көліктік қызметтер (шағын автобустардағы кондукторлық).
  • Қайыршылық (жергілікті балалар, көшіп-қонушылар және басқа да осал топтар).
  • Ұсақ ұрлық және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер.
  • Есірткі трафигі: тыйым салынған өсімдіктерді жинауға қатысу, ел ішінде не шетелге шабарман болу.
  • Ата-аналар немесе қамқоршылар тарапынан қанау: жезөкшелікке мәжбүрлеу, бала сату, пайда үшін асырап алу/қамқоршылық рәсімдеу, әлеуметтік төлем үшін қасақана зиян келтіру сияқты ауыр құқық бұзушылықтар.

Қорытынды үндеу

Әрбір істің бала таппас шешімін
Жаза беріп, айта көрме кесімін.
Байқаусызда балалығын жасап ап
Ағат басса, бергін оған кешірім.

Бүгінгі әңгімеден түйетініміз айқын: бала еңбегін заңсыз қолдануға жол жоқ. Баланы қорғау — қоғамның ортақ міндеті. Балаларды аялайық, олардың амандығын, білімін және болашағын қорғауды басты құндылыққа айналдырайық.

Назар қойып тыңдағандарыңызға және уақыт бөлгендеріңізге көп рақмет!