Сиқырлы үшбұрыштар

Жарыс форматы Топтық жұмыс Ойын арқылы оқу

Сабақтың өту барысы

Сабақ күй әуенімен басталады. Мұғалім тақырып пен мақсатты таныстырып, бүгінгі жұмыс түрінің жарыс форматында өтетінін хабарлайды. Оқушылармен «жарыс» ұғымы талқыланып, оның спорттық, аудандық, қалалық және мектепішілік түрлері мысалға келтіріледі. Іс-шара Қазақстан тәуелсіздігі мерейтойымен және мектептің 20 жылдығымен байланыстырыла отырып, мерекелік мазмұнда ұйымдастырылады.

Сабақ бөлімдері

  1. 1. Топтық таныстыру
  2. 2. Атадан қалған асыл сөз
  3. 3. Тапқырлық сайысы (ауызша тест)
  4. 4. Полиглот (жұмбақ, 3 тіл)
  5. 5. Сиқырлы үшбұрыштар

Топтар

Оқушылар үш топқа бөлінеді. Әр топ өз атауын неге таңдағанын қысқаша түсіндіреді.

  • «Қаныш ата» тобы
  • «Абай ата» тобы
  • «Қасым ата» тобы

1) Топтық таныстыру

Мұғалім әр топтан атаудың мәнін сұрайды: «Неліктен дәл осы тұлғаның есімі таңдалды?». Оқушылар топ атын негіздеп, қысқаша таныстырады.

2) «Атадан қалған асыл сөз» кезеңі

«Ақылың болса ақылға ер, ақылың болмаса нақылға ер» деген ойға сүйене отырып, нақыл сөздер сайысы басталады. Шарты: әр топ кезекпен нақыл сөз айтады, келесі топ оның мағынасын түсіндіреді.

Қаныш ата

«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп.»

Абай ата

«Ақылдассаң — шешерсің, ақылдаспасаң — кем кесерсің.»

Қасым ата

«Мектеп — кеме, білім — теңіз.»

3) Тапқырлық сайысы (ауызша тест)

Келесі кезеңде топтар ауызша тест сұрақтарына жауап береді. Мақсат — геометриялық ұғымдарды жылдам тану, дұрыс анықтама беру және логикалық ойлауды көрсету.

Қасым ата сұрақтары

  1. 1. 180°-қа тең бұрыш қалай аталады? (жазыңқы бұрыш)
  2. 2. Бұрышты тең екі бөлікке бөлетін сәуле? (биссектриса)
  3. 3. Жазықтықта қандай түзулер ешқашан қиылыспайды? (параллель түзулер)
  4. 4. Тәуліктің ¼ бөлігі? (6 сағат)
  5. 5. Дәлелденбейтін ұйғарым қалай аталады? (аксиома)
  6. 6. Кесінді бойынан бір нүкте алынса, неше кесінді пайда болады? (2)

Қаныш ата сұрақтары

  1. 1. Бір нүктеден таралған екі сәуледен құралған фигура? (бұрыш)
  2. 2. Төртбұрыштың бір бұрышын кесіп алсаң, неше бұрыш қалады? (5)
  3. 3. Екі нүктемен шектелген түзудің бөлігі? (кесінді)
  4. 4. Барлық қабырғалары тең тіктөртбұрыш? (шаршы)
  5. 5. «Бастамалар» атты еңбегі бар ғалым? (Евклид)
  6. 6. Дәлелдеуді қажет ететін математикалық тұжырым? (теорема)

Абай ата сұрақтары

  1. 1. Геометрияның жазық фигураларды зерттейтін бөлімі? (планиметрия)
  2. 2. Бір нүктеден басталатын түзу? (сәуле)
  3. 3. Төртбұрыштың ішкі бұрыштарының қосындысы? (360°)
  4. 4. Перпендикуляр түзулер неше градус бұрыш жасап қиылысады? (90°)
  5. 5. Сағат 3:00 кезінде сағат тілі мен минут тілі қандай бұрыш жасайды? (тік бұрыш)
  6. 6. Бұрыш өлшейтін құрал? (транспортир)

4) Полиглот

«Ана тілің — арың бұл, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қағидасымен келесі кезең басталады. Шарты: әр топ бір жұмбақ жасырады, қарсылас топ шешуін тауып, үш тілде айтады: қазақша, орысша, ағылшынша.

Жұмбақ 1

Жоқ өзінде бас та, қас та, мойын да,
Ұзындығы жазулы тұр бойында.

Жауабы: сызғыш — линейка — ruler

Жұмбақ 2

Алпыс кісі аяқтасты,
Ерте тұрып таяқтасты.

Жауабы: кірпік — ресница — eyelash

Жұмбақ 3

Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса аттама.

Жауабы: кітап — книга — book

5) Сиқырлы үшбұрыштар

«Мәңгі-бақи есте қалар жиын болсын, білімдірек шәкірт озар, сұрақтары қиын болсын» деген тілекпен соңғы кезеңге кезек беріледі. Шарты: 12 «сиқырлы үшбұрыштың» әрқайсысының астында сұрақ жасырылған. Топтар кезекпен таңдап, жауап береді. Барлық сұрақтардың жауабы табылғанда үшбұрыштардың астынан мектептің суреті шығады, ал оқушылар мектептің 20 жылдығына арналған тілектерін айтады.

Сұрақтар тізімі

  1. 1. Үшбұрыштың ішкі бұрыштарының қосындысы (180°)
  2. 2. Тікбұрышты үшбұрышта тік бұрышқа қарсы жатқан қабырға (гипотенуза)
  3. 3. Теңқабырғалы үшбұрыштың периметрі 15 см. Қабырғаларын тап (5 см)
  4. 4. Теңбүйірлі үшбұрыштың периметрі 10 см, бүйір қабырғасы 3 см. Табанын тап (4 см)
  5. 5. Екі қабырғасы тең болатын үшбұрыш (теңбүйірлі үшбұрыш)
  6. 6. Теңбүйірлі үшбұрыштың периметрі 14 см, табаны 4 см. Бүйір қабырғаларын тап (5 см)
  7. 7. Үш нүкте мен үш кесіндіден құралған фигура (үшбұрыш)
  8. 8. Тікбұрышты үшбұрышта тік бұрыш жасайтын қабырғалар (катеттер)
  9. 9. Барлық қабырғалары тең үшбұрыш (теңқабырғалы үшбұрыш)
  10. 10. Теңқабырғалы үшбұрыштың бір қабырғасы 3 см. Периметрін тап (9 см)
  11. 11. Үшбұрыш қабырғаларына қатысты нешеге бөлінеді? (3)
  12. 12. Теңқабырғалы үшбұрыштың бұрыштары неге тең? (60°)

Мұғалім қорытындылайды: «Сиқырлы үшбұрыштың сыры ашылды. Мектептің суреті шықты, мерейтойға арналған жылы тілектер айтылды».

Қорытынды

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, қорытынды сөз әділқазылар алқасына беріледі. Жарыс барысында білімімен ерекше көзге түскен оқушылар марапатталып, медаль алқалары табысталады.