Негізі салт - дәстүрлеріміздің өзі ішінара бірнеше топтарға бөлінеді, мына сызба бойынша түсіндіріп кетейін

Кіріспе

Қай заман болсын адамзат алдында тұратын басты міндет — адал, білімді, еңбек сүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Бұл міндетті әр халық өз салт-дәстүріне сүйене отырып жүзеге асырады. Яғни ғасырлар бойы сыннан өтіп, сұрыпталған озық дәстүрлер жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді құралы болып келген.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып — ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын рухани қазына. Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Салт-дәстүрдің пайда болып, қалыптасу тарихына көз жүгіртсек, оның халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру жағдайынан туындағанын көреміз.

Дәстүрдің қоғаммен байланысы

Мысалы, дүниеден өткен адамды жерлеу рәсімдерінің өзі әр елде әртүрлі: кей өңірлерде жер тапшылығына байланысты мәйітті өртеу кездессе, кей халықтар ағаш табыт қолданады, ал топырағы қатты, күрек батпайтын жерлерде адамды алысқа апарып қою сияқты дәстүрлер де болған. Бұл — қоғамдық салттың қоғамдық болмыстан туындайтынын көрсетеді.

Сондықтан «халық дәстүрі дұрыс» немесе «бұрыс» деп біржақты бағалау қиын: әр дәстүрдің артында өмір салты мен тарихи жағдай жатады.

Енді қазақтың салт-дәстүрімен сабақтас ұлттық ойындарға қысқаша тоқталайық.

Ұлттық ойындар

Аударыспақ

Бұл ойынға екі ер бала қатысады. Олар бір-бірін арқалап немесе ересектер ат үстінде отырып, қарсыласын аударып, аттан құлатуға тырысады.

Мәні

Ептілік, күш, батылдық пен тепе-теңдікті дамыту.

Асық ойнау

Балалар жиналып асық атып ойнайды. Асықтың түсу қалпына қарай ұпайы есептеліп, әр қырының өз атауы болады.

Мәні

Нысанаға дәлдеу, шапшаңдық, төзім қалыптастыру.

Ақcүйек

Ақсүйек алысқа лақтырылады. Әдетте кешқұрым уақытта оны табу қиынырақ болғандықтан, ойын одан сайын қызық болады. Кім бірінші тапса — жеңімпаз.

Шарт

Таппай қайтқан адам өлең айтуы, жұмбақ жасыруы немесе өнер көрсетуі керек.

Арқан тартыс

Балалар екі топқа бөлініп, арқанның екі ұшын ұстап тартысады. Қай топ қарсыласын өз жағына бірінші тартып алса, сол жеңімпаз атанады.

Мәні

Бірлік, ұйымшылдық, күш пен төзімділікті шыңдау.

Салт: баланы атқа мінгізу

Баланың буыны бекіп, шамамен 4–6 жасқа келгенде ат үстінде өзін ұстай алатын деңгейге жетеді. Осы кезеңде «атқа мінгізу» салты жасалып, баланы еңбекқорлыққа, төзімділікке, батылдыққа баулудың бір жолы ретінде қабылданған.

Салттың мазмұны

  • Балаға ер-тұрман сыйлау: ашамай, жандорба, тоқым, жүген, ноқта.
  • Баланы атқа мінгізіп, той жасау.
  • Ер баланың азаматтыққа қадам басуының нышаны ретінде бағалау.

Салт-дәстүрдің жіктелуі

Еңбек, отбасы, тұрмыс дәстүрлері

  • аңшылық
  • бәйге
  • отпен аластау
  • дастарханға бата

Тәрбие дәстүрлері

  • бесікке салу
  • алтыбақан
  • ұлттық ойындар

Қорытынды

Бүгінгі сабақтың мақсаты — заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүріміздің өзектілігі жоғалмайтынын еске салу және ұлттық мұраны жаңғырту. Қазақ халқының тұжырымды ойы, мақал-мәтелі, тыйым сөздері — тәрбиенің сарқылмас қоры екенін және оның күнделікті өмірде қажет екенін байқаймыз.

Халқымыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін, тарихын танып-білу, оны қастерлеу және бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген жас ұрпақ ертең халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілі мен дәстүрінің жанашыры болатынына сенім мол. Еліміздің жарқын болашағы — сіздердің қолдарыңызда.

Үй тапсырмасы

10 түрлі салт-дәстүрді жаттап, олардың мағынасын ашып, баяндап келу.