Үшінші өсиеті

Ақтөбе облысы, Темір ауданы

Ә. Молдағұлова атындағы негізгі мектеп

Бейнелеу өнері пәні мұғалімі: Рамазан Ақылбек Арыстанбайұлы

Сабақтың тақырыбы

Композицияда туындының болмысын ашу. Ертегі кейіпкерлері

Бұл сабақта оқушылар ертегі кейіпкерлерін композициялық тұрғыдан талдап, көркем бейнені қағаз бетінде нанымды жеткізу тәсілдерін меңгереді.

Сабақтың мақсаты

Композициядағы туындының болмысын ашу: ертегілердегі кейіпкерлерді композициялық тұрғыдан қарастырып, оқушыларға түсіндіру.

Білімділік

Оқушыларға бейнелеу өнеріндегі ертегі кейіпкерлері туралы жалпы мағлұмат беру, тақырыптың мәнін ашып түсіндіру.

Дамытушылық

Танымдық қабілетті дамыту: логикалық ойлау, дұрыс сөйлеу, есте сақтау және ойдан құрастыру дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Эстетикалық тәрбие беру, суретті кезең-кезеңімен жылдам әрі жеңіл салуға дағдыландыру.

Ұйымдастыру ақпараты

Көрнекілігі
Ертегі кейіпкерлері салынған суреттер
Сабақтың түрі
Жаңа тақырыпты меңгерту
Әдіс-тәсілдері
Түсіндіру, сұрақ–жауап
Пәнаралық байланыс
Әдебиет

Сабақтың өту барысы

  1. Ұйымдастыру кезеңі
  2. Үй тапсырмасын тексеру
  3. Жаңа тақырыпты түсіндіру
  4. Тапсырмалар орындау
  5. Сабақты бекіту
  6. Үйге тапсырма

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, кезекшіні анықтау, қатысушыларды түгендеу, құрал-жабдықтарын тексеру. Барлық назарды сабаққа аударту.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Композициядағы қарама-қарсы заңдылықты пайдаланып, «Күннің батуы» тақырыбында салынған суреттерді талдау. Сұрақ–жауап арқылы өткенді қайталау.

Қайталау сұрақтары

  1. Композицияда неше заңдылық бар? 4 заңдылық
  2. Композиция заңдылықтарын атаңдар. (бүтіндік, үлгі, қарама-қарсы, сондай-ақ барлық заңдылықтар мен амалдардың негізгі идеялық түпкі ойға бағынуы)

3) Жаңа тақырыпты түсіндіру

Ақындар өмірді өлеңмен, күйшілер әуен ырғағымен баяндайды. Ал бейнелеу өнері өмірді қолмен ұстап, көзбен көргендей етіп көркем бейнелер арқылы жеткізеді. Бейнелеу өнерінің ерекшелігі — суретшінің өз көзімен көріп, түсінген шындығын сол сәттің әсерімен айқын көрсетуі.

Бүгін біз бейнелеу өнеріндегі ертегі кейіпкерлерімен танысып, олардың бейнесін қағазға түсіреміз. Белгілі бір ертегіні көз алдымызға елестетіп, қара қарындаш арқылы альбомға композиция жасаймыз.

Мысал: «Қарттың ұлына өсиеті»

Төмендегі шағын ертегі арқылы астарлы мағына мен бейнелік шешімді қалай ашуға болатынын байқаймыз. Оқиғаны тыңдап болған соң, өздерің білетін ертегіні таңдап, кейіпкерлерін композицияда бейнелейсіңдер.

Бір бай дүниеден өтер алдында ұлын шақырып алып: «Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз ал, қала сайын үй сал. Ас ішсең, бал же», — деп өсиет айтады. Бай қайтыс болған соң, ұлы осыны тура мағынасында түсініп, жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салып, ас орнына бал жеп, ақшасын тауысады.

Бір күні ол далаға шығып, үйілген тастың тасасына отырып, басын ұстап қиналып отырғанда, бір шал келіп сәлем береді. Шал сұрағанда жігіт әуелі сыр ашпайды, кейін жағдайын айтып береді.

Сонда шал: «Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің. “Жұма сайын қыз ал” дегені — әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме, сонда ғұмыр бойы тату өмір сүресің. “Қала сайын үй сал” дегені — қала сайын досың болсын, барғанда түсетін. “Ас ішсең, бал же” дегені — еңбек етіп ішкен ас балдан да тәтті болады», — деп түсіндіреді. Жігіт сонда ғана өсиеттің терең мағынасын аңғарады.

Композициялық ой

Кейіпкердің көңіл күйін поза, қимыл, бет-әлпет арқылы беру.

Кейіпкер қатынасы

Жігіт пен шалдың диалогын көрініс ретінде құру: алдыңғы/артқы жоспар.

Мағына

Астарлы ойды детальмен көрсету: бөрік, тас үйіндісі, жол.

4) Сарамандық жұмыс

Оқушылар өздері таңдаған ертегі бойынша «Ертегі кейіпкерлері» тақырыбында сурет салады. Кейіпкердің мінезін, әрекетін және оқиға ортасын композиция арқылы ашуға көңіл бөлінеді.

  • Кейіпкер(лер)ді анықтау және басты әрекетті таңдау
  • Композициялық орналасуды белгілеу (алдыңғы/ортаңғы/артқы жоспар)
  • Қара қарындашпен құрылым, пропорция, қимыл
  • Деталь мен көңіл күйді нақтылау

5) Бекіту кезеңі

Сабақ сұрақ–жауап және сөзжұмбақ арқылы бекітіледі.

Сөзжұмбақ сұрақтары

  1. Табиғат көрінісі бейнеленген көркем шығарма қалай аталады?
  2. Композицияда неше заңдылық бар?
  3. Ертегі мазмұны бойынша салынған сурет қалай аталады?
  4. Суретті рет-ретімен салу қалай аталады?
  5. Қызыл, сары, көк — бұлар қандай түстік шешімдерге жатады?
  6. «Композиция» сөзі латын тілінен аударғанда қандай мағынаны білдіреді?

6) Бағалау

Оқушылардың жұмысы композициялық шешіміне, кейіпкер бейнесінің айқындығына, ұқыптылыққа және тапсырманы орындау барысына қарай бағаланады.

  • Композицияның тұтастығы және идеяның оқылымдылығы
  • Пропорция, қозғалыс, кейіпкер мінезін беру
  • Көркемдік деталь және таза орындау

7) Үй тапсырмасы

Берілген тірек сөздерді пайдаланып, өз ойыңнан ертегі құрастырып дәптерге жаз. Сол ертегі бойынша иллюстрация (сурет) сал.

Тірек сөздер

жігіт сақина сиқырлы сандық сұлу қыз жол