Өмірге аяқ баса бер, Асулардан аса бер
Тұсаукесер: баланың алғашқы қадамына ақ жол тілеу
Бала бесіктен белі шығып, еңбектенуден өткен соң аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, алдына қарап таң-тамаша болады. Бұл — кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы, өз қолымен жасаған алғашқы тіршілігі.
Осындай сәтте дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсаукесер тойын өткізеді. Халықтық түсінік бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Сондықтан тұсаукесер тойы сүндет той секілді әр қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен аталып өтетін дәстүрлі қуаныш саналады.
Дайындық
Алдымен тұсаукесер күні белгіленіп, арнайы қонақтар шақырылады. Кейбір ауқатты адамдар бұл күнді көкпар тартысымен бастап, арты думанды тойға ұластырып жатады.
Кім кеседі?
Көпшілік ішінен жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті, қағылез адам таңдалып, сәбидің тұсауын кесу соған тапсырылады. Тұсау кескен адамға арнайы сыйлық беріледі.
Тұсаудың материалы және мағынасы
Әдетте қазақтар баланың тұсауын ала жіппен, қылдан есілген шыжыммен немесе ішекпен кескен. Мұндағы ой — баланы ерте бастан адалдыққа тәрбиелеу: ұрлыққа, зорлыққа, жамандыққа барма, жолама деген өсиетті санасына сіңіру.
Тәрбиелік түйін: «Біреудің ала жібін аттама», «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөздер балаға тұсауы кесілген күннен бастап құлағына құйылады. Ала жіптің өзі де, оның кесілуі де — жаман жолға жолама, кездессе қолыңнан келсе кесіп таста деген ишара.
Рәсімнің өтуі
Тұсау кесер сәті таяғанда жиналғандар кең далаға, таза ауаға шығып, бала-шағаға арналған түрлі тәтті дәм жайылған дастарқан маңына жиналады. Дастарқан жанына қазық қағылып, тұсауы байланған бала арқанмен байланып қояды.
Тойдың негізгі жанкүйерлері — балалар. Оларды алыстан жаяу жарысқа жібереді: озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы дәмнен ауыз тиеді әрі арнайы сыйлық алады. Бұдан соң «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» сияқты тілектер айтылып, екі адам баланың екі қолынан жетектеп тұрғанда, таңдалған адам тұсауды кесіп жібереді.
Тұсауы кесілген соң, екі адам сәбиді ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Осы кезде тұсаукесер жыры шырқалады.
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз балам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін,
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық,
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе.
Қорытынды мәні
Міне, осы сәттен бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетіне шимақтай түседі: қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. Тұсаукесер — баланың өмір сапары сәтті болсын деген ақ ниетпен жасалатын ырым, Жаратқанға бағышталған тілек пен құлшылықтың бір көрінісі.
Кілт сөздер: тұсаукесер, ала жіп, ақ бата, тәрбие
Дәстүрдің өзегі: адалдық пен ақ жол