Туған өлкенің табиғатын аялауға баулу
Тақырып
Қазақстан – туған өлкем. Табиғатың қандай көркем!
Мақсаты
Оқушыларға табиғаттың біздің алтын ұямыз, қоршаған ортамыз, тіршілік көзіміз екенін түсіндіру; табиғатты қорғау, аялау, ардақтау — әрқайсымыздың міндетіміз екенін ұғындыру. Табиғат байлығы адамзат өмірінің баға жетпес қазынасы, өмірлік қоры және оны болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізу — аманат екенін көрсету. Оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын ояту.
Міндеттері
- Табиғат туралы экологиялық білім мен тәрбие беру.
- Туған өлкенің табиғатын аялауға баулу.
- Туған жердің сырын терең түсінуге үйрету.
- Табиғат туралы ой-өрісті дамыту.
Көрнекілігі
Табиғат туралы қанатты сөздер, табиғат көріністері, сазды сурет, гүлдер, шарлар.
Барысы
Кіріспе
Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.
Мұғалімнің сөзі
Құрметті ұстаздар, қадірменді қонақтар! №16 орта мектеп оқушылары дайындаған «Қазақстан – туған өлкем, табиғатың қандай көркем!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
Кең-байтақ еліміздің шалқар көлдері мен асқар таулары, сайын даласы мен алтын дәнді алқаптары, күмістей қалалары, кенге толы өңірлері мен малға толы өрістері — бәрі де келешек ұрпаққа өсиет. Ендеше, сол болашақ иелері — сендер қандай болуларың керек?
Бүгінгі мақсатымыз — табиғаттың тіршілік өзегі екенін түсіну, оны қорғап, аялауды өмірлік ұстанымға айналдыру. Табиғат байлығы — адамзаттың баға жетпес қазынасы; оны болашаққа таза қалпында жеткізу — борыш.
Өлең шумақтары: туған жерге тағзым
Қазақстан – туған өлкем, табиғатың қандай көркем!
Көрсін деп күллі әлемге, жалауыңды желге желпем.
Көз алдымда көгілдір тау мұнартып,
Аспанымда аққудың әні қалқып.
Құшақтап бір өзіңді, туған далам,
Жатамын көк шалғында жаным балқып.
Тасып жатқан өзендер жағасынан
Тарайды дән жұпары бар әлемге —
Қазақтың қасиетті даласынан.
Адам мен табиғат — егіз
Адам мен табиғат әрқашан егіз. Табиғатты асыраушың, қамқоршың деп айтуға болады. Ата-бабамыздың «Жер — қазына, су — алтын, мал — байлық» деген өсиеті бар. Үстіміздегі киім, оқитын кітап, жазатын қағаз, мінер көлік, ауырғанда ішер дәрі, тыныс алар ауа, ішер су — мұның бәрі табиғаттың жомарт сыйы.
Табиғатқа сәлем
Алдымен табиғатқа сәлем берейік.
1-оқушы
Армысың, алтын күн!
2-оқушы
Көгілдір көк аспан!
3-оқушы
Бармысың, құстарым!
4-оқушы
Қанатты достарым!
5-оқушы
Суларым таза ма?
6-оқушы
Талдарым аман ба?
7-оқушы
Бас ием тауларға,
8-оқушы
Жамылған қарларға,
9-оқушы
Жайқалған даланы,
10-оқушы
Табиғат-ананы,
11-оқушы
Көруге сағынып...
Бәрі
Келген біз — балаңыз!
Туған жер туралы толғаныс
Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаның жайсаң жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным,
О, туған жер, тамашасың, көркемсің!
Кең дала, көркемсің сонау жатқан,
Өзен, су, бұлақтарың мөлдір аққан.
Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен —
Әне, сол анам еді мені тапқан.
Ойласақ, табиғат пен адам егіз,
Жылдың төрт мезгілінен өзге неміз?
Табиғатсыз қоғам жоқ, болған емес,
Ал қоғамсыз табиғатты өлі дерсің.
Мұғалімнің сөзі
Пай-пай-пай! Қазақстан, ардағым-ай!
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт! Өз елім деп, өз жерім деп тебіренбейтін жан бар ма? Жоқ, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені сен — «Туған жер» деп соққан жүректерде мәңгі орын алған қасиетті дала.
Хор: «Туған жер» (Б. Бейсенова)
Гүл — тазалық пен сұлулықтың белгісі
Табиғаттың өзіндей — ерке нәзік сезімдей,
Үлбіреген гүл-ару — күзетейік көз ілмей.
Нәзік гүлдер — әніміз, жайнап өссін бауымыз,
Гүлдерге оранған тауымыз еңсесін биіктетсін.
Гүлдер — жыр-аңыз; сол гүлдерден сұлулық пен тазалықты ұғамыз.
Кілемденіп құлпырып, жүздерінен нұр тұнып,
Өсе берсін гүл-қыздар, биге қостық нұр қылып.
Би: «Гүлдер»
Көрініс: Күн мен гүлдер
Күннің күміс сәулесі мүлгіп тұрған әр гүлге бір қонады. Жылы шуақпен желпіп, тербей оятады.
Күн
Оу, Раушан, түрегел! Әлемге жарық жайылды, құстар да оянды.
Раушан гүл
Қазір, Күн көке... қазір, ақ сәуле.
Күн
Жауқазын, аш көк аспандай көгілдір көзіңді! Жәндіктер қыбырлап, құмырсқалар шапқылап жүр.
Жауқазын
Қазір ашамын көзімді... қазір...
Күн
Қызғалдақ, көтер басыңды! Аш алтын қауашағыңды — көрсін қалың жұрт.
Қызғалдақ
Жарайды, қазір қауашағымның алтын бүрін жарқыратып ашамын.
Күн
Қырмызы, шапақтың жылуы молайды, бүріспе! Гүлдердің бәрі оянды. Сен де көрсет көркіңді!
Қырмызы
Қазір, алтын Күн!
Гүлдердің тілегі
- Күніміз ашық болсын!
- Жеріміз кең болсын!
- Ауамыз таза болсын!
- Суымыз тұнық болсын!
- Гүліміз жақсы өссін!
Мұғалімнің түйіні
Жердің көркі — жасыл сая. Табиғат жерге қандай көрік берсе, адам да өмірге сондай көрік береді. Өсімдіктерді, суларды, жан-жануарлар мен құстарды сақтау, қасиетті жерімізді таза ұстау — біздің азаматтық борышымыз. Табиғатты қорғау — Жер-ананы қорғау; табиғатты қорғау — өзіңді қорғау.
Табиғатқа жанашырлық: өсиет пен өнеге
Тірі нәрсе — шөп деген, көгал деген:
«Көкті жұлма, болады обал» деген.
Ата-анамыз жылан үйге кірсе,
Ақ сүт құйып, басына шығарып салған.
«Ұя бұзба!» деймін мен балама —
Өсиетті қандай ғажап дана ана!
Тал-теректі тамырынан қиятын
Тас жүректер әлі де көп арада.
Қазақ халқы суды қадірлеумен қатар, жерді де ерекше қастерлеген: «Жер — ырыстың кіндігі, жер — байлықтың көзі».
Мұғалімнің сөзі
Адамдар еңбектен нәр алған, әр құстан, әр аңнан үйренген: жүруге, жүзуге, жүйткуге және самғауға жаралған. Адам табиғат сұлулығынан әдемілікті, жарасымдылықты, кеңдікті, талғамды бойына сіңіреді. Көлдегі аққу тербелісінен би қимылдарын, бұлбұлдан ән салуды үйренуге болады; жан-жануарлардан қамқорлықты ұғамыз. Табиғат сыйлаған қуанышты үйреніп, оны өз әрекетіміз арқылы өзгеге де сыйлай аламыз.
Ән: «Өз елім» (Хор)
Тәуелсіз Қазақстан туралы жыр
Кең-байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау — көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқын жеткізді
Тәуелсіз Қазақстан — елім менің.
Ғажап қой сұлу көктем, жазың — әне,
Тыңдарсың талай жүректің сазын әлі.
Шіркін-ай, жер жетпейді бір өзіне,
Қойнауың тұрған байлық — қазыналы.
Сен неткен Отан-Ана, ғажап едің,
Әспеттеп көркем тілмен жазар едім.
Болашақ ұрпағыңның бақыты үшін
Жайнай бер, Ұлы Отан — Қазақ елім!
Хор
Жаса мәңгі, Қазақстан!
Қорытынды
Мұғалімнің сөзі
Туған еліміздің әр тасы, әр бұтасы, тіпті құбылмалы аспаны мен көшпелі бұлты да — ата-бабамыздан қалған баға жетпес аманат. Сондықтан шаңырағы күн шуағына бөленген, іргесі інжу-маржанға толы, керегесі кең жайлау — байтақ та бай, сұлу жерімізді аялап, елімізді ардақтайық. Атамекенімізді, Отанымызды мақтан етейік!
Отан туралы шумақтар
1
Отанды біз атамекен деп аялап атаймыз.
2
Өйткені оны мекен еткен — бабамыз бен атамыз.
3
Отанды жас та, кәрі де туған жер деп сүйеміз.
4
Өйткені онда бәріміз де туып, өмір сүреміз.
5
Отанды әркім анасындай қастерлейді, қолдайды.
6
Өйткені Отан баласындай бізді асырап, қорғайды.
7
Отан деген — атамекен, Отан деген — туған жер.
8
Отан — ана, Отан — үлкен Қазақстандай туған ел!
9
Бақытты боп жүргенім — сенің арқаң, Ұлы Отан.
10
Сенен бақыт тарайды баршамызға, Ұлы Отан.
11
Сарқылмайтын қуатым, тірегімсің сен, Отан.
12
Мәңгі соғып тұратын жүрегімсің сен, Отан.
13
Ортақ бізге бір Отан, ортақ жердің байлығы.
14
Бақытты елде туған соң, бақытты өмір сүреміз.
15
Ризамыз саған біз, Ұлы Отан — анамыз.
Хор
«Атамекен»