Оқушылардың Қазақстан туралы білімдерін кеңейту

Сабақтың тақырыбы

«Ұлтарақтай болса да, атамекен жер қымбат»

Сабақтың эпиграфы

Қайда жүрсең атамекен,
Көкейіңде жатады екен...

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға атамекен, ел, туған жер ұғымдарының мәнін түсіндіру; танымдық көкжиегін кеңейту; тілін дамыту; ойларын ауызша және жазбаша сауатты жеткізуге дағдыландыру. Қазақстан туралы білімдерін тереңдету. Байлықты қорғауға, ұлтжандылыққа, әсемдікке және жауапкершілікке тәрбиелеу, елге-жерге деген патриоттық сезімді ояту.

Сабақтың міндеттері

Білімділік

  • Оқушыларды халқына өнерімен, білімімен, игі ісімен қызмет ететін дарынды азамат болып өсуге баулу.
  • Қоғамдық өмірге бейім, белсенді, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру.
  • Логикалық ойлауды тереңдету, саяси сананы ұштау.
  • Зерттеу-іздену біліктілігін дамыту; көпшілік алдында еркін сөйлеуге және ойын дәлелді жеткізуге үйрету.

Тәрбиелік

  • Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойға сіңіру.
  • Халықтың жоғын жоқтайтын, қамын ойлайтын ізгі азамат тәрбиелеу.
  • Ұлттық идеологияны қалыптастыру.
  • Туған тілге, елге, туған жерге сүйіспеншілікті арттыру; қадірлеуге, қастерлеуге баулу.

Дамытушылық

  • Оқушының қиялын, ақыл-парасатын, білімін және ой-өрісін дамыту.
  • Шығармашылық ынтаны арттыру, өнерін шыңдау, сахна мәдениетіне үйрету.
  • Рухани байлыққа сүйеніп, ата дәстүрін ардақтауға, аталы сөзден ғибрат алуға баулу.
  • Адамгершілік қасиеттерін сақтауға дағдыландыру.

Көрнекілігі және байланыс

Көрнекілігі

  • Атамекен, туған жер туралы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер жазылған плакаттар
  • Слайд
  • Бейнефильм

Пәнаралық байланыс

  • Ана тілі
  • Сурет
  • Дүниетану

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
  2. Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында 2006–2011 жылдарға арналған кешенді тәрбие бағдарламасы.
  3. Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006–2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. «Қазақстан кәсіпкері – Professional Kazakstana» журналы, №9, 2008 ж.
  4. С. А. Мұсаева, Т. Б. Бегалиев. Жас ерекшелік педагогикасы. Фолиант, Астана, 2006 ж.
  5. «Қазақстан мектебі» журналы, №10, 2001 ж.
  6. «Қазақстан мектебі» журналы, №1, 2006 ж.
  7. «Тәрбие құралы» журналы, №5, 2001 ж.

Сабақтың барысы

I. Кіріспе

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалады.
Сөзі: Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев. Әні: Ш. Қалдаяқов.

Әнұран мәтінінен үзінді

Алтын күн аспаны, алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны — еліме қарашы.
Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой,
Намысын бермеген қазағым мықты ғой.

Қайырмасы:
Менің елім, менің жерім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің — Қазақстаным.

Ұрпаққа жол ашқан кең байтақ жерім бар,
Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақыттың мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты, біздің ел осындай.

Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Тәрбие сағатының тақырыбымен таныстыру

Өлең жолдары

Айдын шалқар, күміс сулы бұлағым,
Жасыл желек, ат көрінбес құрағым.
Мыңғырған мал даласында жайылған,
Бабалардың болған сондай тұрағы.

Бұхар, Қоқан бұл байлыққа қызықты,
Орыс патша арам ойлы бұзықты.
Қорған салып, жерін алып, қуса өзін,
Сонда көрген сорлы қазақ шыжықты.

Қазақта жер қалмады патша алмаған,
Елін, жерін, малын тегіс жалмаған.
Қойға тиген қасқырдай боп қазақтың,
Отаршылдық қыр соңынан қалмаған...

Абылай сегіз қырлы тарлан еді,
Халқымның асқар таудай арманы еді.
«Беріңіз, ел мен жерді қорғаймын» деп,
Батасын бабалардың алған еді.

Ол кезде атаныпты хан ғаламат,
Тәңірім берген ақыл һәм парасат.
Жан-жағы алабұртқан жау болса да,
Айласын табатын зор дипломат...

Жорыққа өзі бастап барған еді,
Осы жер содан бізге қалған еді.
Тәуелсіз ел, ешкімге бодан болмай,
Бірігіп өмір сүру арманы еді...

Ой қозғау сұрақтары

  • Слайдтарды көргенде қандай ой туды?
  • Өлең жолдарынан нені аңғардыңдар?
  • Нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерде қандай ой айтылады?
  • «Атамекен» сөзінің мағынасын қалай түсінесің?
  • Сенің атамекенің қай жер? Өз атамекенің туралы не айта аласың?

II. Негізгі бөлім

Баяндама: «Ұлтарақтай болса да, атамекен жер қымбат»

Атамекен — адамның туып-өскен жері, ата жұрты. Ол белгілі бір халықтың табиғи байлығы, тілі, мәдениеті, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы қалыптасқан, қоғамдық және мемлекеттік құрылымы орныққан ортақ мекені.

Тар мағынада — адамның туған ауылы. Ауыспалы мағынада — адамның қалыптасқан, өнер мен мәдениетке сусындаған өмірлік ортасы.

Ертеде көшпелі қазақ ауылдары жерді ру-атаға бөліп пайдаланған. Әр рудың өз қонысы: қыстауы, көктеуі, жайлауы, күзеуі болған. Осылардың бәрі сол елдің атамекені саналған.

Қазақ елінің атамекені көне замандардан қалыптасқан ұлан-ғайыр аумақты қамтиды: батысы — Каспий, шығысы мен терістігі — Сібірге дейін, ал күнгейі — Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен шектеседі. Жері — қасиетті, құдіретті мекен. Тәуелсіз қазақ мемлекеті де осы атамекенде дүниеге келді.

Қазақ даласының табиғи байлығы орасан. Айтылатын деректердің бірі — Д. Менделеев кестесіндегі көптеген элементтердің қазақ жерінде кездесуі. Мұндай байтақ өлке талайдың көз құрты болғаны да сондықтан.

Тарихта халқымызға ауыр сын болған кезеңдер аз емес: жоңғар шапқыншылығы, Сыр бойына баса-көктеп кірген Қоқан бектері, Цин империясының ызғары, кейінгі отаршылдық саясат. Осындай зобалаңда елдің тұтастығын сақтауға Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырлар және Абылай хан секілді кемеңгер тұлғалар еңбек етті.

Абылай хан бастаған бабаларымыз елдің басын қосып, мәртебесін көтерді. Дипломатиялық даналық пен елдік бірліктің арқасында қасиетті жер бізге асыл мұра болып жетті.

Аталарымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, аманаттап қалдырған ұлан-байтақ жерді қастерлеу және келешек ұрпаққа жеткізу — әрқайсымыздың қасиетті парызымыз.

Туған жер туралы жыр да, қара сөз де әр халықтың әдебиетінде мол. Бұл — туған жерді анадай қастерлеудің айғағы. Қазақ халқы да жас ұрпақтың санасына туған жердің қадірін ерте сіңіруге ұмтылған. Мұны мақал-мәтелдер мен аңыздардан, батырлық жырлардан анық көреміз: «Ит — тойған жеріне, ер — туған жеріне», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас».

Туған жерін сағынғанда патшалығын да тәрк етіп, еліне тартқан Бейбарыс туралы аңыз да жүрекке жылы. Туған жерді құрметтеу, барып тұру — азаматтықтың белгісі.

Қазақта «алтын бесік» атанған жеріне келгенде баланы, тіпті ересектерді де туған жерге аунатып алатын ырым бар. Мұндағы мән — бала отаншыл болсын, үлкеннің дерті мен шер-шемені кетсін деген ниет.

Туған жерге жыр арнамаған ақын, ән арнамаған сазгер кемде-кем. Солардың бірі — Қадыр Мырзалиев сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні. Бұл ән туған жерге деген сүйіспеншілікті терең сезіндіреді.

Талқылау

  • «Атамекен» әнін тыңдағанда қандай күй кештіңдер?
  • Бұл әнді тыңдап отырып, қандай ойға келдіңдер?
  • Туған жерге деген сезімді сөзбен қалай дәл жеткізуге болады?

2. Атадан қалған асыл сөз

Бұл бөлімде атамекен, тіл, туған жер туралы жаттаған мақал-мәтелдер айтылады. Оқушылар өздері білетін нақылдарды ортаға салады.

Ұсынылатын бағыт

Туған жерді қастерлеу, ел бірлігі, тіл қадірі, ерлік пен аманат.

3. Өлең — сөздің патшасы

Оқушылар жаттаған өлеңдерін мәнерлеп, сахна мәдениетін сақтай отырып, жатқа оқиды.

Еске салу

Ата-баба аманаты — оңай келген мұра емес. Өткеннің қасіреті мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа жауапкершілік жүктейді. Өзінің атамекені мен туған жері туралы білмеу — «қазақпын» дейтін әр азамат үшін сын.

4. Сөздікпен жұмыс

Оқушылар тақырыпқа қатысты сөздердің синонимдерін дәптерге жазып, сол сөздермен бірнеше сөйлем құрастырады.

Сөздер

  • Атамекен
  • Батыр
  • Парасатты
  • Отаршылдық
  • Тәуелсіз

Қорытынды ой

Өлең шумағы

Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады...

Насихат

«Ата қоныс жер қымбат, туып-өскен ел қымбат», — демекші, бүгінгі тәрбие сағатында айтылған ойларды өнеге етіп, елді де, жерді де сүюді және қадірлеуді өмірлік мақсат етейік.

Еліміздің келешек тағдыры, Қазақстанның ертеңі — өз қолдарыңда. Туған елдеріңді өркениетті мемлекеттермен терезесі тең ететін де — сендер. Ол үшін терең әрі жан-жақты білім алу — міндет.

Тәрбиелі, ақылды, адамгершілігі мол, білімді азамат болып өсулеріңе тілектеспін.

IV. Бекіту

Қайталау және бекіту сұрақтары

  • «Атамекен» ұғымын өз сөзіңмен анықтап бер.
  • Туған жерді қастерлеу неліктен парыз саналады?
  • Тарихи тұлғалардың елді сақтаудағы рөлін қысқаша атап өт.
  • Бүгінгі сабақтан өзіңе қандай ой түйдің?