Халқымыздың өрнекті өнерінің бірі шиді жүнмен орап, және оны өрнектеп тоқу ісі

Ши орап, өрнектеп тоқу — дәстүрлі өнер мұрасы

Халқымыздың өрнекті өнерінің көрнекті түрлерінің бірі — шиді жүнмен орап, өрнектеп тоқу. Қолөнердің өзге салалары сияқты, ши тоқу мен оны әртүрлі ою-өрнекпен безендіру тәсілі де өте ерте заманнан келе жатқан мәдени мұра.

Өрнекпен оралып тоқылған шым шилер киіз үйдің керегесі мен туырлығының арасына, әсіресе ас-су мен ыдыс-аяқ тұратын жаққа тұтуға ыңғайлы. Сонымен бірге үлкен үйлердің ішін бөлмелеп далда жасауға, итарқа құруға да қолайлы. Ертеректе батырлардың оң салып жүретін қорамсақ қаптары да шиден тоқылғаны айтылады.

Ши тоқу көп жағдайда арзанға түседі әрі төзімді келеді. Киіз үйдің ішін әсемдеуде шидің орны бөлек: сырмен боялған, сағанақтары күмістендірілген кереге көздерімен, құлпырған құр-таңғыштармен, термелеп өрілген, жібек шашақты уық баулармен, зерлі кестелі, шұғамен оюланған туырлық пен үзіктің ішкі өрнектерімен ши жалпы ансамбльге үйлесіп, біртұтас көркемдік береді.

Әсемдігімен қатар, ши көшіп-қонуда алып жүруге жеңіл. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысқан елдер оны ерте заманнан бері кеңінен пайдаланып келеді.

Ши түрлері және қолданылуы

Ақ ши

Оралмай, құр өзі тоқылатындықтан, көбіне киіз басуға, өре жаюға, сүзгіге, шыптаға, мал сойғанда еттің астына салуға, сондай-ақ сырғауыл салынған үйдің төбесіне жабуға пайдаланылады.

Ораулы ши

Өн бойы тұтас емес, әр жерінен аралатып оралған ши. Тұрмыста әртүрлі мақсатқа икемделеді, өрнек беруге де қолайлы.

Шым ши (шымораулы ши)

Өн бойы түгел оралған, өрнекті ши. Киіз үйде ас-су, ыдыс-аяқ тұратын жерге қоршау ретінде тұтылады, кейде түскиіздің орнына да ұсталады.

Халық шеберлері өрнектелген шилерді кейде «қанат шилер» деп те атайды. Қазақ тұрмысында әр түрі өз орнына қарай қолданылған.

Ши тарту — ортақ іс, ортақ дәстүр

Ши тарту, оны аршу, орау, жүн орап тоқу — науқан секілді, ауыл адамдарына ортақ жұмыстардың бірі болған. Ши тартуға қыз-келіншектер мен жігіттер жиналып, соятын қойын, қымызын дайындап, домбыра мен қобызын алып, ұйымдаса кірісетін. «Ши тарту биі», «ши шымылдық» дейтін ұлттық ойындардың шығуы да осы дәстүрмен сабақтас.

Тоқылатын ши мал аяғы баспаған соны жерден, жаздың орта шенінде әбден бойлап өскен кезде тартылады. Шиді таңертең, кешке немесе жаңбырдан кейін, шың әлі кеппеген уақытта суыру керек: жер жұмсақ болады да, ши оңай суырылады.

Әзірленген шидің қабығы аршылып, бумаланып, көлеңкеде кептіріледі. Одан кейін өрнекке сай орау жұмысы басталады.

Ши ораудың тәсілдері

Ши ораудың екі негізгі әдісі бар:

  • Даяр өрнекке сала отырып орау — бұрыннан тоқулы тұрған шидің өрнегіне сәйкес, әр түсті оралған буындарын дәл келтіріп, санап отырып орау.
  • Жаңа өрнек үлгісімен орау — үлгінің үстіне салып өлшеп, санай отырып, буындарға бөліп орау.

Оралған шилер өрнегіне қарай өз алдына бөлектеліп, жіңішке шуда жіппен тізіледі. Әр тал ши өрнек үйлескен жұбына (шеберлер мұны «иындасқан» дейді) шуда жіппен бір шалып байланады. Бұл кейін тоқығанда шатастырмай, бір ізбен алуға көмектеседі.

Орау кезінде шидің түп жағы мен шашақ жағын алма-кезек орналастырып отырған дұрыс. Әйтпесе бір шеті жұқарып майысқақ болып, түпкі жағы тым қалыңдап кетеді, мұндай шиді жинау қиынға соғады.

Тоқу үдерісі: жіп, арқалық және әдіс

Ши тоқуға арналған жіп екі қабатталып ширатылып, бірнеше домалаққа төгіледі. Домалақ салмақты болуы үшін жіпті темірге немесе тасқа төгеді. Орташа бір қанат ши өн бойынан шамамен 9–11 жерден тоқылады.

Тоқуға қажетті негізгі құрал — арқалық (сырық). Арқалық екі басынан жіппен байланып, биіктігі шамамен 1 м 20 см келетін ағашқа асылады. Арқалықтың өн бойы тоқылатын жіп ілінетіндей етіп кертіледі.

Жіпті орналастыру

Домалақталған жіптер арқалыққа дәл ортасы келтіріліп көлденең асылады. Қатарына асылған жіптің ортасына бірінші ши сырықты бойлата салынады.

Айқастырып тоқу

Жіп домалақтары әрлі-берлі айқастырыла ауыстырылады: тоқушы арқалықтың ар жағындағы домалақты оң қолымен бергі жаққа түсіріп, бергі жақтағысын сол қолымен ар жаққа түсіреді. Осы тәртіппен шидің өн бойы тоқылып шығады.

Ши мен шиді тізетін тоқу жібі әрбір ши салынған сайын екі жіп өзара бір айқасып есіліп отырады. Мұны шебер домалақты біресе оң, біресе сол қолымен ауыстыру арқылы дәл орындайды.

Шет өрнек, беріктік және әрлеу

Тоқылатын шидің басы мен аяғының шетіне үш шиді қабаттап, алдымен жай жіппен ерсілі-қарсылы сирек орап, байланыстырады. Қара жүннен иірілген жіппен ақ шиге оралған осы сайластырудың өзі үшбұрыштар тізбегі тәрізді өрнек болып шығады. Мұны ши ораушылар «шыбын қанат» өрнегі деп атайды.

Тоқуды бастағанда бір-екі қарыстай жерге осыны салып тоқиды. Сонда шидің екі жақ шеті қалыңдап, берік шығады. Ши тоқушылар мұны «қарақұс» дейді. Осы жерге ши бауы бекітіліп, басқа затқа байлауға мүмкіндік туады.

Тоқылып болған соң шидің бас-аяғы тегістеліп қырқылады. Кейде қырқылған шеттері әдемі матамен немесе киізбен көмкеріліп тігіледі.

Тұрмыстағы орны және шиден жасалатын бұйымдар

Халық шаруашылығында шиді орап тоқумен қатар, шиді, қамысты, сыптығыр бұталарды байластырып тұрғын үй мен мал қора салу, қар тоқтатқыш қалқандар тоқу, өздігінен түйіп әртүрлі шыпталар мен төсеніштер жасау да кең тараған. Бұл жұмыс әрі оңай, әрі арзан, әрі сан алуан мәнермен өрнектеліп тоқылады.

Шиден жасалатын бұйымдардың түрлері:

  • алаша ши
  • ас шиі
  • аяқ қап
  • есік
  • кілем ши
  • киіз басатын ши
  • күрке
  • күзу шиі
  • қазан жапқыш
  • масахана
  • терезе жапқыш
  • етқана
  • жолым
  • ши қора
  • ши қалпақ
  • шыны қап және т.б.