Анасы Нағиман Батанқызының айтуынша

Пән, тақырып және мақсат

Пән

Қазақ әдебиеті

Тақырып

Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы

Мақсат

Ақын өмірі мен шығармашылығын талдау; жырларының ерекшеліктері мен әлеуметтік мәнін ашу.

Жұмыс форматы

  • Топпен жұмыс
  • Жұппен жұмыс

Әдіс-тәсілдер

  • Диалог негізінде оқыту: әңгіме, дебат
  • Психологиялық хат
  • Сергіту сәті: «Есіңе мені алғайсың», «Бақыт туралы ой»
  • Топтастыру
  • Өзін-өзі бағалау: «Блоб ағашы»

Сабақ туралы қысқаша

Сабақ түрі: жаңа білім беру

Пәнаралық байланыс: музыка, қазақ тілі, тарих

Дидактикалық материалдар: бүктемелер, оқулықтар, қағаздар, блоб бағалау парақшасы, стикерлер

Сабақ барысы

I

Психологиялық кезең

Сабақ басында білімгерлердің көңіл күйі сұралады, ынтымақтастық атмосферасы қалыптастырылады. Шеңбер құрып, әркім қасындағы досына тілек айтып, сыныпта жағымды ахуал орнатады. Одан кейін қатысым тексеріліп, құрал-жабдықтар дайындалады.

Топқа бөлу

Білімгерлер қабілеттеріне қарай 3 топқа бөлінеді. Топ атауы мен топ басшылары білімгерлермен ақылдаса отырып сайланады.

1-топ

Зерттеушілер

2-топ

Тілшілер

3-топ

Актерлер

II

Миға шабуыл

Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқылған «Есіңе мені алғайсың» өлеңі тыңдатылады (аудиожазба). Одан кейін диалог негізінде талқылау ұйымдастырылады.

Тақтадағы сұрақтар

  • 1-топ: Көз алдарыңызға қандай көрініс елестеді?
  • 2-топ: Қандай ой келді?
  • 3-топ: Кімді еске алдық?
  • Барлығына ортақ: Кім ақпан айында дүниеге келді?

Биыл ақынның 85 жылдығы аталып өтеді. Мұқағали — қазақ поэзиясының Хантәңірі.

III

Ой қозғау және жаңа сабақ

«Бүгінгі сабағымызға қандай тақырып қояр едіңіздер?» деген сұрақ арқылы білімгерлердің ұсыныстары тыңдалып, сабақтың тақырыбы ашылады: Мұқағали Мақатаев.

Мұқағали Мақатаев: өмірбаяндық деректер

Қазақ поэзиясында өзіндік жарқын із қалдырған дарынды ақындардың бірі — Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді.

Анасы Нағиман Батанқызының айтуынша, әкесі Сүлеймен — қарапайым еңбек адамы болған. Мұқағали бастауыш сыныптарды Қарасаз өңіріндегі шағын ауылдарда оқып, орта мектепті аудан орталығы Нарынқолдағы интернатта тәмамдайды.

Ауылдың ауқаттылары балаларын үлкен оқу іздеп Алматыға аттандырған шақта, Мұқағали ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет етеді. 14–15 жасынан өлең жаза бастаған ақын кітапқа ерекше құмар болып, бірінен кейін бірін оқып, өз бетінше білімін тереңдетеді.

Балалық мұңнан туған алғашқы жыр

Соғысқа кеткен әкесін сағынып жазған өлеңінде бала жүрегіндегі сағыныш пен үміт айқын сезіледі:

Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен?
Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен?
Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,
Әкем кеп, көңілімізді аулар ма екен?

Осы тұңғыш өлеңнен бастап-ақ әкесін сағынған баланың мұңы мен арманы оқушы дәптеріне түсіп, ақындық болмысы айқындала береді.

Отбасы және тағдыр соққылары

Мұқағали — отбасындағы үлкен бала. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына сәйкес келді. Әкесі Сүлеймен соғыста қаза тауып, Мұқағали анасы Нағиман мен әжесі Тиынның тәрбиесінде өседі.

Жұбайы — Лашын Әзімжанова. Тұңғыш қызы Ләззат 1949 жылдың желтоқсанында дүниеге келіп, сәуір айында суық тиіп қайтыс болады. Екінші қызы Майгүл 1951 жылы мамырда дүниеге келгенімен, 1962 жылы Алматыға көшкеннен кейін жол апатынан қаза табады. Бұл қайғы ақынға ауыр соққы болып тиеді. Майгүлге арналған өлеңдер циклі бар.

Қалған балалары: Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпан.

Білімі мен еңбек жолы

  • Орыс және неміс тілдерін жақсы меңгерген.
  • 1948–1949 жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыған.
  • К. Маркс атындағы кеңшарда (қазіргі Текес) ауылдық кеңес хатшысы, мектепте мұғалім болған.
  • 1952–1962 жылдары Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілі пәнінен сабақ берген.
  • 1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған.
  • 1973–1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.

Шығармашылық әлемі

Алғашқы өлеңдері: «Қырман басында», «Қойшы бала — Әкітай», «Інімнің ойы», «Шебер».

Өлеңдегі ұстазы: Қ. Аманжолов.

Тұңғыш кітабы: «Ильич».

Кейінгі шығармаларының қатарында: «Ақ қайың әні», «Ару-ана», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандастар», «Чили — шуағым менің», «Шекарада», «Большевиктер», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» поэма-толғаулары бар.

Мұрасы: 650-ден астам лирикалық өлең.

Қырлары: ақын, жазушы, драматург.

Қайтыс болған жылы: 1976 жыл, 27 наурыз. Алматы қаласында 45 жасында дүниеден өтті.

Сабақ барысында өмірбаяндық деректер слайдтар арқылы көрсетіліп отырады.

IV

Түсінгенін тексеру

Білімгерлерге парақтар үлестіріліп, тапсырмалар топтарға бөлініп беріледі.

Зерттеушілер

Ақын өмірінен негізгі деректерді жинақтап, хронология құрастырады.

Тілшілер

Ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша сұрақтар әзірлейді және сұхбат форматын ұйымдастырады.

Актерлер

Шығармашылық жұмыс: «Махаббат диалогы» көрінісін сахналайды.

«Махаббат диалогы»

Құс боп ұшып кетсем, не істер едің?

Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

Отқа түсіп, өрттенсем, не істер едің?

Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

Бұлдырасам сағымдай, не істер едің?

Жел боп қуып соңыңнан жетер едім!

Қайғы әкелсем басыңа, не істер едің?

Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

Сергіту сәті: «Қара-жап-айт-жаз-тексер»

  1. Сөздерге назар аударамыз.
  2. Сөздерді жабамыз.
  3. Ауызша қайталаймыз.
  4. Есте сақтағанымыз бойынша жазамыз.
  5. Жазғанымызды тексереміз.

Берілген сөздер

Аққулар махаббат достық Қарасаз Лашын бақыт Сүлеймен Тиын табиғат
V

Бекіту

Шығармашылық тапсырма

Білімгерлер Мұқағали ақын рухымен сырласу түрінде психологиялық хат жазады. Мақсат — ішкі сезімді, ойды, құндылықты көркем тілмен жеткізу.

«Бақыт туралы ой»

Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт туралы ой» аудиожазбасы тыңдалып, қысқа пікір алмасу жүргізіледі.

VI

Үй тапсырмасы

1-тапсырма

М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы бойынша мазмұндама/конспект дайындау.

2-тапсырма

«Мен Мұқағалиша жырлаймын» тақырыбында өлең шығару.

VII

Қорытындылау

Топтастыру әдісі

Сабақ соңында негізгі ұғымдар топтастырылып, ақынның өмірі, шығармашылығы және поэзиясының мәні бойынша ортақ қорытынды жасалады.

өмірбаян поэзия әлеуметтік мән табиғат махаббат Отан
VIII

Бағалау

«Блоб ағашы» парақшалары таратылып, әр білімгер сабақтағы қатысуы мен түсіну деңгейін өзін-өзі бағалау арқылы белгілейді.

Өзін-өзі бағалау критерийлері

  • Талқылауға қатысу белсенділігі
  • Топтық жұмысқа үлес қосу
  • Мазмұнды түсіну және дәлелдеу
  • Шығармашылық тапсырма сапасы