Қырық екі білімді
Ашық тәрбие сағаты: «Рахмет саған, Әліппе!»
Бұл ашық тәрбие сағаты 1-сынып оқушыларының Әліппеден алған білімдерін қорытындылап, ата-аналарға алғашқы оқу жетістіктерін көрсетуге арналған. Іс-шара барысында балалардың сөйлеу мәдениеті, ойлау қабілеті, тіл байлығы, сондай-ақ адамгершілік, ұқыптылық, бір-бірін сыйлау, өзін дұрыс ұстау, ұжымшылдық және ана тілін қадірлеу дағдылары нығайтылады.
Мақсаты
- Әліппеден алған білімді тексеру, 4 ай ішінде үйренген өнері мен білімін ата-аналарға көрсету.
- Ойын ашық әрі еркін айтуға үйрету, сөйлеу мәдениетін, ойлау қабілетін және тіл байлығын дамыту.
- Адамгершілікке, ұқыптылыққа, сыйластыққа, өзін дұрыс ұстауға, ұжымшылдыққа және ана тілін қастерлеуге тәрбиелеу.
Безендірілуі
Тақырып жазуы, мазмұнды суреттер, Әліппе туралы тақпақтар жазылған көрнекіліктер, нақыл сөздер, шарлар, гүлдер, кеспе әріптер, «Әліппе» және «Ана тілі» оқулықтарының макеттері, слайдтар.
Кіріспе сөз
Мұғалім
Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ата-аналар! Балаларыңыздың білім шыңына басқан алғашқы қадамдары құтты болсын! Бүгін 1-сынып оқушылары әзірлеген «Рахмет саған, Әліппе!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Өсті міне бойларың,
Өсті ақыл-ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың.
1-оқушы
Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достассаң,
Әліппемен қоштаспақ.
Сұрақ-жауап
Мұғалім
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар (хормен)
Болашаққа жол ашар,
Ол — сүйікті Әліппе!
Ол — сүйікті Әліппе!
Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық!
Хормен: «Әліппе, Әліппе, Әліппе!»
Әліппе — алғашқы қадам
2-оқушы
Әліппені құрметте,
Күтіп ұста, кірлетпе.
Кішілерге табыс ет,
Дақ түсірмей бір бетке.
3-оқушы
Алфавитті үйрендік,
Онда жүйе, қалып бар.
Біздің қазақ тілінде
42 әріп бар.
1-оқушы
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертек,
Үйретті оны Әліппе.
Ән
«Әліппе»
Бұлт тапсырмалары: күннің көзін ашайық
Әліппе: Бүгін күннің көзін бұлт басыпты. Бұлттардың артында тапсырмалар бар. Сол тапсырмаларды орындасақ, күн шуағын шашып, жарқырап шығады.
Есеп
Табақта үш алма.
Қолымда екі алма.
Қосқанда барлығы
Болады неше алма?
Жауабы: 5 (бес)
Жұмбақтар
-
42 жауынгер сапын түзеп тұрады, бүлдіршіндер қауымы сырын терең ұғады.
Жауабы: Алфавит
-
Жазу жазып жалықпаған, жаза-жаза арықтаған.
Жауабы: Бор
-
Алты қырлы, алтын сырлы.
Жауабы: Қарындаш
-
Үйреткен ілімді, қырық екі білімді.
Жауабы: Алфавит
-
Қабат-қабат қаттама, ақылың болса, аттама.
Жауабы: Кітап
-
Өшірді, сүртті, өзгені құртты, өзін де құртты.
Жауабы: Өшіргіш
Жалпы сұрақтар
Апта күндерін ата.
Қазір қай мезгіл?
Қазақстан Республикасының Президенті кім?
2-оқушы
Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған,
Рахмет, алғашқы ұстаз!
Ән: «Мұғалім — ол біздің»
Ата-анаға тағзым
Мұғалім
Балалар, сендер үшін түн ұйқысын төрт бөліп, қуансаң — қуанып, ренжісең — жұбататын асыл жан — Ана. Ананы сыйлау — біздің парызымыз. Әліппені меңгеруге, жазуға, санауға үйретуде ата-ананың да үлесі зор. Ендеше, ата-анамызға ризашылығымызды білдірейік.
2-оқушы
Ана — ол біздің елде ардақты адам,
Кіші де, үлкен де оны ардақтаған.
Өзінің аяулысын — Отанды да,
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған.
3-оқушы
Дүниеге әкелген — ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген — ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген — ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын, аман болсын анашым!
Ән
«Ақ мамам»
Математика және жаңа белес
Әліппе
Балалар, сендер менімен ғана дос болып қойған жоқсыңдар, математика оқулығымен де таныстыңдар.
Мұғалім: «Математика — ғылымдардың атасы». Ендеше, білімдеріңді тексерейік.
5 − 3
6 + 2
9 − 1
3 + 5
2 + 0
5 − 0
Ана тілімен танысу
Әліппе: Бүгіннен бастап менің жолымды «Ана тілі» пәні жалғастырады. Ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі
Сәлеметсіздер ме, балалар?
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.
3-оқушы
Әріптерді жаттаймыз,
Есте мықты сақтаймыз.
Ұмытпаймыз бәрін де —
Атын, затын, түрін де.
1-оқушы
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Қоштасу
Әліппе
Ал енді мен сендермен қоштасамын. Қош болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар.
5 болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз.
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз.
Хор
Қош бол, қош бол, құтты Әліппе!
Қорытынды және шашу
Мұғалім
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Бүгінгі күн — тойбасы деп саналар, балалардың есімі әулеттерге таралар. Ырым етіп, ертеңгілік соңында аналар ақ тілекпен баршаға шашу шашады.
Шашу
Ақ тілектер айтылып, қуаныш шашуымен мереке түйінделеді.
Ескерту: Мәтін редакциялық өңдеуден өткізілді (орфографиясы мен тыныс белгілері түзетілді, сөйлем құрылысы ықшамдалды).