Ортасы сызық

Жеміс-жидек пен егін туралы халық жұмбақтары

Төмендегі жұмбақтар — қазақтың ауыз әдебиетіндегі табиғатқа жақын, бейнелі ойлауды дамытатын шағын әрі нұсқа туындылар. Мәтін редакцияланып, тыныс белгілері реттелді, мағынасы сақталды.

Назар аударатын ерекшелік

  • Көп жұмбақта түсі, пішіні, дәмі және құрылымы арқылы заттың сипаты беріледі.
  • Бір нысанға арналған бірнеше нұсқа қатар берілуі — ауызша таралу дәстүріне тән.

Жұмбақтар

Қарбыз

Бір шар бар: кіріп-шығар есігі жоқ. Су ішер, нан жемейді — тамағы тоқ. Ішінде көп балапан етер мекен, ас қылып сойып жесең балдай екен.

Шертсең көк жолақ сыртынан, піскенде үн шықпас ұртынан. Шикі болса сампылдап: «Тиме!» — дейді таңқылдап.

Біреу-ақ анасы, мың шақты баласы.

Көк лағым көгенде тұрып семірді.

Көкала бешпет киеді, күннің көзін сүйеді.

Жағасы жасыл, суы қызыл, балығы қара.

Қауын

Құдая, құдіретіңнің панасынан, таңым бар мен Құдайдың бар күшіне: анасы туады екен баласынан.

Байлап едім қойымды, желіде жатып тойынды.

Сусыз піскен ас көрдім, домаланған бас көрдім.

Көктемде тұзақ құрғанмын қолайлы деген қырға бір. Тамызда барып жинадым — бір арба қызыл қырғауыл.

Асқабақ

Ұзын-ұзын әулие, онан да ұзын әулие. Тораңғылдың түбінде теңкиіп жатқан әулие.

Жаңғақ

Ояғы тау, бұяғы тау, ортасында бұжыр тау.

Анар

Алма дерсің — түсіне қарап, жүгері дерсің — ішіне қарап. Татсаң тәтті, бал шәрбәтті.

Үлкендігі алмадай, сырты жанған қызыл от. Ішін жарып қарасаң — майда-майда қызыл шоқ.

Іші аумаған жүгері, түрі-түсі алмадай. Ойымның жоқ бүгері, жесең «бал» деп қалмағай.

Кішкентай ғана құтша, іші толы мықша.

Қышқыл қызыл бытыра, тығып алып ұртына. Тымырайып тұрғаны — түк шығармай сыртына.

Шабдалы

Өзі қызыл, өзі қызық, ортасында бір сызық.

Қызыл күрең түрі бар, тебіндеген бүрі бар. Піскен кезде қаулайды, алтыннан бір аумайды. Бал татыған нәрі бар — онда емнің бәрі бар.

Бақтарда балбырап, тұрады албырап. Уылжыған уыздай — алма емес, ол бірақ.

Қызылша

Үстіне тігіп көк шатыр, астында қызғылт дәу жатыр.

Бүлдірген

Үлпершекке қан құйып, үріп талға байладым.

Шие

Ирек-ирек әкесі бар, желбіреген шешесі бар, Тәттібике деген қызы бар.

Түрі шар сияқты, түсі қып-қызыл, дәмі бал сияқты.

Жүзім

Бұты-бұты ұзын, бұтынан да қолы ұзын.

Қыста — мазар, жазда — базар.

Азар-азар кетті, әкесі мазар кетті, баласы базар кетті.

Желілері жайылып, жол-жол болып жатады. Күн нұрына бой ұрып, жердің нәрін татады. Жасыл шатыр астында кететіндей үзіліп, тұр көп маржан тасындай — мойыл моншақ тізіліп.

Қарақат

Көрсең өскен желісін — жапырағы қазтабан. Мөлдір қара жемісін қыста емес, жаз табам.

Алма ағашы

Отырған мекен етіп жапан дала, бірталай мақұлыққа болған ана. Мезгілі жеткен шақта жүкті болып, алты айда табады екен сансыз бала.

Түсі бар — ақты, көкті, қызыл-ала. Пайдасы адамзатқа тиген жаңа. Қойыпты ортасына қазық қағып, сүйкімді көреді екен бала-шаға.

Алма

Әрі қызыл, әрі тәтті, татқан жанды таңырқатты.

Көктемде ақ гүлге оранады, күзде қолға доп боп оралады.

Ортасында қазығы, бұтағында азығы.

Көкпеңбек еді көктемде, қызарды күні жеткенде.

Әнжір

Гүлсіз миуа піседі, көп жесең тіл жарады. Ай сияқты дөңгелек — мұны кім табады?

Жиде

Сырты қызыл, іші ақ, ортасында бір таяқ.

Алша

Суық ұрса бүрлейді, көктем шыға гүлдейді. Күнге басын иеді, мол шуақты сүйеді. Күте білсең бабымен, өнім берер қабымен: қызыл-сары түйіні — витаминдер жиыны.

Өрік

Тіл үйірген дәмі бар, сары алтын түсі — сәні бар. Шақсаң егер кептіріп, сүйегінің дәні бар. Баққа тұрар сән беріп, алқа етіп тізіп ал.

Ас — астың ішінде тас, тастың ішінде және ас.

Лимон

Терісі — сары, еті — дәрі.

Жеміс туралы жалпы

Аспай піскен, қайнамай түскен.

Күн нұрымен піседі, уылжып қолға түседі.

Егін, астық және дақылдар туралы

Күздің егіні

Қар астында қыстағаны, жасыл бөрік тыстағаны.

Егін / ішкен тамақ

Жасынан тәрбиелеп бала бақтым, өсіріп ол баланы жұртқа жақтым. Күніне екі-үш рет көрмей тұрсам, болмайды бұл дүниеде менің нақтым.

Астық пен аштық

Алтын аяқты. «Алтын» десем — азығы жоқ, ол жоқ болса — алуы жоқ. Дүние толған адамның баршасы да теп-тегіс, біріне-бірі қарауы жоқ.

Бидай

Мысық мұртты, өрмек басты.

Ұзын мұртты сарылар, қойнында наны бар.

Екі жағы бүртік, ортасы сызық.

Аласа ғана бойы бар, қойнына тыққан наны бар.

Өзі қызық, бауырында жалғыз сызық — бұған жұрттың бәрі де ынтық.

Бау-бидай

Бек тұрған, белін буып, тек тұрған.

Масақ

Желі басында бес бие, бесеуі де жас бие. Құлындары құла-ала, құлақтары сары-ала.

Аласа терек, алпыс бұтақ. Бұтақ сайын ұя, ұя сайын жұмыртқа.

Жүгері

Бойы бір қарыс, сақалы екі қарыс.

Жерден шығар көгеріп, беліне қылыш байланып.

Қол басындай ағашта сансыз адам байлаулы. Санасаң — саны бар, аяғында — жаны бар.