Сайрандаған күліп - ойнап, Келді міне алтын күз

Мерекелік сценарий: «Күз сыйы»

Бұл ертеңгілік балалардың күз туралы білімін жүйелеп, табиғат құбылыстарын, күзгі еңбек пен молшылықты көркем сөз, ән, би және ойын арқылы танытуға бағытталды.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Қуандырып біздерді, мерекелі күз келді.

Кел, жемісті алтын күз, кемелденсін халқымыз.

Құрметті ата-аналар, балалар, тәрбиешілер! «Күз сыйы» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!

Хор: «Алтын күз»

Шоғы толған гүлдей жайнап, шақырады жарқын күз.

Сайрандаған күліп-ойнап, келді міне алтын күз.

№2 мектепалды даярлық тобы: өлеңдер

Бүлдіршіндер күздің бояуын, желдің мінезін, жапырақтың сыбдырын өлең арқылы жеткізді.

Абунасыр

Көк майсалы көрікті,
Алқаптағы көп егін.
Бұл күндері киіпті
Сары жібек көйлегін.

Бибінұр

Жел тынымсыз гуілдеп,
Болып кетті тым бұзық.
Шуылдайды тал-терек,
Жапырағын жұлысып.

Қуаныш

Күншуаққа маужырап
Жатыр еді атырап.
Ағаштардан жамырап,
Ұшты кенет жапырақ.

Бекет

Әй, алақай, тамаша,
Шашу шашты жапырақ.
Бақтың іші алаша —
Аунар ма еді жатып-ақ.

Жанарыс

Алтын-сары, қызыл-көк,
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады жапырлап.

Нұрдәулет

Үркіп үйрек-қаздары,
Шулайды көл қоғалы.
Дәурен өтіп жаздағы,
Күздің желі соғады.

Мұхамбет

Ұшты талдан жапырақ
Сары көбелек секілді.
Аспанда жай шатырлап,
Тамшы жерде секірді.

Бекзат

Дамылдап жатқан балғындай,
Тоқтатты сулар тасуын.
Ағаштар алтын жамбыдай
Шашады жерге шашуын.
Жүрексіз қоян безеді,
Жөңкілсе қаңбақ күздегі.

Қызықтыру сәті: Күз ханшайымының келуі

Күз ханшайымы: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені таныдыңдар ма? Не тойлап жатырсыңдар? Күз туралы және оның ерекшеліктері туралы кім айтып береді?

Балалардың жауабы

  • Күзде табиғат ерекше күйге енеді: жапырақтар сары, қызыл түске боялады.
  • Шөптер қоңыр, сарғыш тартып, құстар жылы жаққа ұшады.
  • Күн қысқарып, жауын-шашын көбейіп, ауа райы салқындайды.
  • Жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдары пісіп, астық жиналады.
  • Күздің үш айы бар: қыркүйек, қазан, қараша. Күз — жылдың берекелі мезгілі.

Күз ханшайымы: Жарайсыңдар! Ендеше, күз айларын және күздің ерекшеліктерін жырға қосып кім айтады?

Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша

Қыркүйек

Бір-біріне жер-аспан
Мейіріммен қарасқан.
Ұстаз-шәкірт жүздескен,
«Қош келіпсің, күз!» дескен.

Қазан

Қазан айы болыпты,
Қамбаға астық толыпты.
Сары даланы сәндетіп,
Думандатып, әндетіп.

Қараша

Күн суытып барады,
Малдар қолға қарады.
Қараша — ауыл, даламыз,
Қысқа дайын боламыз.

Алтынай

Жатыр дала жалтылдап,
Жаз шуағы мол құйды.
Күн астында алтын дән
Тербеледі, толқиды.

Көктемде егін егетін,
Күзде жиып беретін —
Біздің дала — бай дала,
Астық толы айнала.

Нұрхан

Қоңыр күз, келдің бе?
Қабағың түйіліп.
Қауындар, жемістер
Қалыпты жиылып.

Жанна Қ.

Қызды қайнап ел ісі,
Қызыл қырмен жер үсті.
Елдің тоймен жүргені —
Еңбегінің жемісі.

Ән мен би: мерекенің шарықтау сәті

Жүргізуші Күз ханшайымын балалардың өнерін тамашалауға шақырып, бағдарламаның келесі бөлімін бастады.

Би: «Жапырақтар биі» Хор: «Сары күз»

Жүргізуші: Күз ханшайымы, құр алақан келмеген шығарсыз? Бізге арнап бір тосынсый әкелдіңіз бе?

Күз ханшайымы: Дұрыс айтасың. Осындай өнерлі балалардың ортасына келіп, бірге ойнамай кету жараспас. Сондықтан «Жемістер мен көкөністерді жина» ойынын ойнайық.

Қимылды ойын

Ойын: «Жемістер мен көкөністерді жина»

Балалар 2 топқа бөлінеді: «Алтын күз» және «Жомарт күз».

Ән: «Жау-жау жаңбыр» Орындайтындар: мектепалды даярлық тобы

Сюрприз-қонақ: Буратино

Жүргізуші балаларды қуантатын қонақты таныстырды: сүйікті достары — Буратино. Оның достары да бірге келіп, мерекеге ерекше көңіл-күй қосты.

Би: «Буратино»

№1 мектепалды даярлық тобы: өлеңдер

Балалар күздің салқынын, қаңбақтың ойынын, егіннің молдығын әсерлі шумақтармен жеткізді.

Айкөркем

Таудан салқын жел соқса,
Сыбдырлайды қалтырап.
Жақын қалды желтоқсан,
Жабырқайды жапырақ.

Аягөз

Қиқулап көкте жүзеді
Құстардың керуен тізбегі.
Күйекте күйлі мал қанша,
Қырманда толы дән қанша.
Алтын күз — әсем айналам,
Қараймын көзім талғанша.

Гүлжайна

Кейде құйын кетеді
Доп қылып-ап қаңбақты.
Бейне тентек баладай,
Ойран-асыр салады.
Алма бағын жағалай,
Алмаларын қағады.

Серікболсын

Барын беріп халыққа,
Жұмыстан соң қалтырап,
Дала ұқсайды алыпқа —
Дамыл алған маужырап.

Саят

Ой, балалар, балалар,
Қоңырқай күз болыпты.
Қурап жапырақ салыпты,
Ел егінін алыпты.

Жемістер биі және жұмбақтар

Жүргізуші «жемістерді» ортаға шақырып, мерекені жұмбақтармен әрледі.

Би: «Жемістер биі»

Жұмбақтар

  • Іші толған шәрбат, дәмі қандай әйбат. Үзесің бірден жүзін. Оның аты — жүзім.
  • Дөп-дөңгелек, сары, ішінде бар дәні. Қызығасың көріп. Оның аты — өрік.
  • Жапырақты тасалап, өсетін жері бақша-бақ. Күрең қызыл шіркін-ай. Оның аты — құлпынай.
  • Бір сабақта көп түйме, жей алмайсың көк күйде. Санап қара қанша. Оның аты — шие.
  • Пісетін кезі дәл күзде, мезгілсіз оны үзбе. Аузыңнан кетпес бал дәмі. Оның аты — шабдалы.

Көрініс

«Түлкі мен торғай»

Қорытынды: қоштасу және алғыс

Күз ханшайымы: Балалар, менің көңіл-күйімді көтергендерің үшін көп рақмет! Өнерлерің үстем болсын. Келесі күз келгенше білімдеріңді де, өнерлеріңді де өрістете беріңдер. Сау болыңдар!

(Күз ханшайымы залдан шығып кетеді.)

Хор: «Күз жомарт»

Жүргізушінің қорытынды сөзі

Өңі қашқан бәрінің —
Оңып кеткен атырап.
Қолдарындай кәрінің
Қалтырайды жапырақ.

Соңғы кезде жерге күн
Қырын қарап алыпты.
Қара бұлттар жөргегін
Кептіре алмай қалыпты.

Міне, балалар, күз де аяқталып келеді. Енді қылышын сүйретіп қыс та жетпек. Күзге айтар тілегіміз — берер сыйы жылдан-жылға мол болсын, елде тыныштық болсын.

Осымен «Күз сыйы» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет!