Сәуле бізге жалғыз келмепті

Сабақ туралы қысқаша ақпарат

Білім беру саласы
Қатынас
Оқу іс-әрекеті
Тіл дамыту
Тақырыбы
Ойыншықтар бізде қонақта
Билингвальды компонент
Ойыншық — игрушка Қонақтар — гости

Мақсаты

  • Балалардың тілдік қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
  • Күз мезгілі туралы түсініктерін бекіту.
  • Ойыншықтар туралы түсінік беру.
  • Мейірімділікке және ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру сәті

Топ бөлмесі әдемі шарлармен безендірілген. Балалар екі қатар орындыққа жайғасып отырады. Тәрбиеші балаларды және қонаққа келген апайларды сәлемдесуге шақырады.

Жылулық шеңбері

Амансың ба, алтын күн!

Амансың ба, достарым!

Амансыз ба, апайлар, тілейміз сіздерге жарқын күн!

Күз туралы әңгіме

Тәрбиеші балалардан жылдың қай мезгілі екенін сұрайды. Балалар: «Күз» деп жауап береді.

Күз мезгілінің ерекшеліктері талқыланады: күн салқындайды, құстар жылы жаққа ұшады, жапырақтар сарғаяды.

Қонаққа келген ойыншықтар

Топқа Сәуле есімді қуыршақ қонаққа келеді. Ол жалғыз емес — өзімен бірге көптеген ойыншық достарын алып келген. Балалар ойыншықтардың неден жасалғанын бақылайды және салыстырады.

Резинадан жасалған

Үй жануарлары: ит, сиыр, қой.

Пластмассадан жасалған

Машина.

Мақтадан (жұмсақ) жасалған

Қонжық.

Тәрбиеші ойыншықтарды қайдан алатынымызды сұрайды. Балалар: «Дүкеннен» деп жауап береді. Тәрбиеші ойыншықтардың фабрикада жасалатынын, оларды үлкендер балалар ойнауы үшін дайындайтынын түсіндіреді.

Негізгі ой: ойыншықты ұқыпты ұстап, сындырмай ойнау.

Интерактивті тақтадан ойыншықтардың суреттері біртіндеп көрсетіледі.

Сергіту сәті

Сылдырмақ, сылдырмақ —

Тұрады әр кез сылдырлап.

Сылдырмақ, сылдырмақ —

Бір сәт тұршы сыбырлап.

Күлдіргеннің келуі және дидактикалық ойын

Топқа Күлдірген қонаққа келеді. Ол балаларға бос қолмен келмегенін айтып, пирамида ойыншығын алып келеді және оны құрастыруға көмектесуді сұрайды.

Тәрбиеші пирамиданың бөліктері туралы қысқаша түсінік береді, ал балалар дидактикалық ойын арқылы пирамиданы жинайды.

Дидактикалық ойын

«Пирамида жинау»

Күлдірген балалардың ептілігіне риза болып, ойыншығын сыйға тартатынын айтады. Балалар ойыншықпен ұқыпты ойнауға уәде береді.

Балалардың өнері

Тәрбиеші Күлдіргенді асықпауға шақырып, балалардың тақпақтарын тыңдауды ұсынады.

1-бала

Добым, добым домала,

Балшыққа сен жолама!

Бүлдіресің қолымды,

Жек көремін оныңды!

2-бала

Тербеледі ағаштар,

Алдымнан жел еседі.

Кіп-кішкене ағаштар

Үп-үлкен болып өседі.

Күлдірген балаларды мақтап, басқа бүлдіршіндерге де баруы керектігін айтып қоштасады. Балалар: «Сау болыңыз!» дейді.

Қорытынды

Бүгінгі оқу іс-әрекетінде балалар ойыншықтар туралы көп мәлімет алды: ойыншықтардың бірнеше түрі бар және олар резинадан, пластмассадан, мақтадан, ағаштан жасалатынын білді.

Негізгі ереже қайта бекітілді: ойыншықпен ұқыпты ойнау. Соңында балалар қонақтармен қоштасып, ойыншықтарымен ойнауға көшеді.

Сергіту сәті

Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық,

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.