Бос уақытты пайдалы өткізу үшін қызмет ететін орталықтар

Ғылыми жоба 4-сынып Тақырып: Бос уақытты тиімді пайдалану
Жоба қорғаушы
Серік Гүлназ
4-сынып оқушысы
Жетекші
Избасарова Дамира Нариманқызы
Ғылыми жетекші

Жетекшінің пікірі

Серік Гүлназ бұл ғылыми жобаға соңғы 5 ай бойы жүйелі түрде еңбектеніп келеді. Жобаны жазу үдерісінде ол үнемі ақыл-кеңес сұрап, екеуіміз тақырыпқа сай нақты жоспар құрдық. Сол жоспарға сүйене отырып, әртүрлі ақпарат көздері арқылы ізденіс жүргізді.

Гүлназ қала кітапханаларына барып, тақырыбына қатысты әдебиеттерді оқып, қажет мәліметтерді қойын дәптеріне түртіп жүрді. Сонымен қатар интернет ресурстары мен баспасөз материалдарын да қарастырып, жобаны жазу барысында тиімді пайдалана білді.

Ол бос уақытында барып жүрген тәрбие орталығының жұмысын зерттеу жоба тақырыбын аша түсетінін бірден аңғарып, өз үйірмелерінен кейін басқа үйірмелердің жұмысына да қызығушылық танытты. Қандай үйірмеден нені үйренуге болатынын анықтап, күнделікті жанынан өтіп жүрген үйірмелерге де жаңаша көзқараспен қарай бастады. Келесі жылы уақыт тауып, тағы 1–2 үйірмеге жазылуды жоспарлап отыр.

Мен бұл ойының жүзеге асатынына сенімдімін. Себебі, Гүлназ табанды, еңбекқор және бастаған ісін міндетті түрде соңына дейін жеткізеді.

Мектебімізге жақын орналасқан бос уақытты пайдалы өткізудің тағы бір маңызды орны — №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Гүлназ бұл мектептің жұмысымен де танысып, оның қандай бағыттарда қызмет ететінін анықтады. Аталған ортадан бірнеше дүркін Қазақстан, Азия және Әлем чемпиондары тәрбиеленіп шыққанын және қазір де тәрбиеленіп жатқанын нақты деректер арқылы көрді.

Жоба барысында жинаған мәліметтері мен деректеріне сүйене отырып, балалардың қызығушылығын арттыру және бос уақытты тиімді пайдалану үшін тәрбие орталықтары мен спорт мектептеріне балаларды көбірек тартуды мақсат етеді. Мен Гүлназдың өз мақсатына жететініне сенемін.

Аңдатпа

Мақсаты

Сабақ пен жұмыстан тыс адамға тиесілі уақытты тиімді өткізудің жолдарын және оған қызмет ететін орталықтардың жұмысын зерттеу.

Міндеті

Оқушылардың, әсіресе менің достарымның, бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал етіп, өзіне жақын қызығушылықты дұрыс таңдай білуге шақыру.

Болжамы

Бос уақытта пайдалы іспен айналысу балалардың жеке қабілетінің ашылуы мен шыңдалуына жағдай жасайды.

Әдістері

  • Сұхбаттасу
  • Бақылау
  • Іс-тәжірибеде қолдану

Іс-тәжірибеде қолданылу аясы

Әр адам өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сай үйірмелерге қатысып, пайдалы ермек істермен шұғылдана отырып, өмірде қолданылатын дағдыларын дамыта алады.

Мазмұны

  1. 1 Кіріспе
  2. 2

    Негізгі бөлім

    • 2.1. Уақыт адамзатпен санаспайды, уақытпен санасқан адаспайды
    • 2.2. Уақытыңызды қадірлей алып жүрсіз бе? (сұхбат)
    • 2.3. Әр адам бос уақытты пайдалы өткізу үшін немен айналысу қажет?
    • 2.4. Бос уақытты пайдалы өткізуге қызмет ететін орталықтар
    • 2.5. Мен бос уақытымды қалай өткіземін?
  3. 3 Қорытынды
  4. 4 Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе

Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге барсаңыз, уақыт мәселесіне келгенде адамдардың аса ұқыпты екенін байқайсыз. Себебі олар уақыттан ұтылса, көп мүмкіндіктен қағылатынын жақсы түсінеді. Мәселен, метро мен көлік аялдамаларында қозғалыс кестесі минутына дейін нақтыланып беріледі: 16:03, 12:01, 17:08. Көлік те белгіленген уақыттан бір минут та кешікпей, бір минут та ерте жүрмейді.

Бізде «жетіден он минут кетті» дегенді «жеті жарым» деп қысқарта салу қалыпты көрінеді. Ал уақытқа деген мұндай ысырапшыл түсінік көптеген елдерде кездеспейді.

Батыс елдерінде әр минутпен санаса отырып жұмысын реттейтін тәртіпке таңғалған азиялық жігітке бір адам: «Бұған неге таңырқайсың? Бұл — біз сендерден үйренген құндылық емес пе? Сендер күнделікті бес уақыт намазды минутына дейін есептеп оқисыңдар, ауыз бекіту мен ауыз ашуда да уақыттың дәлдігін күтесіңдер. Біз бұған енді ғана қол жеткіздік», — деп ой салған екен.

Ислам ғұламалары да адамның көбіне екі құндылықтың қадірін біле бермейтінін ескерткен: бос уақыт және денсаулық. Ал біз бүгінгі күні уақытқа тым самарқау қарайтын сияқтымыз. Себебі уақытты «өлтіретін» нәрселер көбейді.

Уақыттың жаулары: теледидар мен ұйқы

Соның бірі — теледидар. Бүгінде теледидарсыз үйді елестету қиын. Алайда оның уақыттың нағыз «жауы» екенін бәрі бірдей байқай бермейді. Орташа есеппен күніне 3 сағат теледидар көретін адамның жылына жұмсайтын уақыты 1095 сағат болады. Бұл — күндіз-түні үздіксіз 45 күн.

Жылына

1095 сағат

теледидар көруге кетеді

Тең

45 күн

үздіксіз уақытқа

Балама

1 оқу жылы

уақытынан да көп

1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың бет көлеміндегі кітаптарды оқып шығуға үлгереді. Демек, теледидар көп жағдайда адамды пайдалы істерден алыстатады.

Уақыттың тағы бір жауы — ұйқы. Халық даналығында «Көп білмек болсаң — аз ұйықта», «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген ойлар бекер айтылмаған. Түнгі уақытын шығармашылыққа арнаған ақын Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары да осыны меңзейді:

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,

(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).

Алдымда сапар жолы тарам-тарам,

Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,

Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.

Уақытты босқа өткізудің өзге түрлері де бар: көп сөз, көп қыдыру және мәнсіз әдеттер. Біле білгенге уақыт — мүмкіндік. Мүмкіндікті дер кезінде пайдаланбасаңыз, кейін өкінуіңіз мүмкін.

Негізгі тұжырым

  • Бос уақыт жоқбосқа өткен уақыт бар.
  • Уақыт қордаланып жиналмайды, кері қайтарылмайды, қарызға берілмейді.
  • Уақыт — біздің өміріміздің өзегі.

«Уақытымды қалай өткізерімді білмеймін» деу — аса қауіпті жағдай. Зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында бұзақы топтарға қосылу, нашар әдеттерге үйір болу, секталарға еру, қылмысқа бару және моральдық азғындыққа түсу көбіне бос жүрген уақытта орын алады. Ұзақ жазғы демалыс кезінде бақылау әлсіресе, мұның салдары ауыр болуы мүмкін.

Сондықтан бос отырудан сақтанған дұрыс. Қолыңыз босағанда кітап оқып білімді арттыруға, ата-анаға құрмет көрсетуге, туыстармен байланыс нығайтуға, мұқтаждарға көмектесуге, мамандыққа қажет дағдыларды дамытуға, татуластыруға және басқа да мәнді істерге уақыт бөлу пайдалы. Өйткені өмір шектеулі, уақыт қысқа.

Негізгі бөлім

2.1. Уақыт адамзатпен санаспайды, уақытпен санасқан адаспайды

Ұлы ғұламалар мен табысқа жеткен тұлғалардың барлығы дерлік уақыттың қадірін біліп, оны тиімді пайдалануға ұмтылған. Уақытқа салғырт қарау — мүмкіндікті қолдан шығару.

Эйнштейн туралы мысал

Бірде Эйнштейн «Мені жарты сағаттан кейін оятыңыз» деп көз ілмек болады. Қызметшісі оны аяп, бір сағаттан кейін оятады. Ғалым сағатқа қарап, «Жарты сағатымды қайтарып беріңіз» деп ренжіген екен.

Гетенің ойы

«Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын ештеңе толтыра алмайды» деген Гете уақыт мәселесіне бейжай қарамаған.

Істің құдіреті

Абайдың «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деуі және Ахмет Ясауидің еңбекті дәріптеуі — уақытты мазмұнды істерге жұмсаудың маңызын көрсетеді.

Уақытты үнемдеудің нақты үлгісі

Медицина саласында мол мұра қалдырған, қан айналымы туралы тұжырым жасаған ғалым Ибн ән-Нафис жазу үстінде қаламының сиясы бітіп қалса, оны ашып уақыт жоғалтпау үшін қасына бірнеше қаламды алдын ала дайындап қоятын. Сөйтіп бір қалам тоқтаған сәтте, екіншісімен жазуды жалғастырып, уақытты үнемдеген.