Менің қолымдағы шаршы пішіні
Мақсат пен міндеттер
Бұл ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті балалардың қарапайым математикалық түсініктерін ертегі желісі арқылы бекітуге бағытталған. Сабақ барысында геометриялық пішіндерді тану, сандарды тура және кері санау, апта күндерін ажырату, сондай-ақ логикалық ойлау мен есте сақтауды дамыту көзделеді.
Білімділік
- Геометриялық пішіндерді танып, ажырата білу дағдысын жетілдіру.
- Сан мен санау туралы бастапқы түсініктерді бекіту.
- Апта күндерін дұрыс атауға және ретімен айтуға үйрету.
Тәрбиелік және дамытушылық
- Ойын шартын сақтап ойнауға, ұйымшылдыққа, сабырлылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.
- Тура және кері санау арқылы ой-өрісін, қиялын, есте сақтау қабілетін дамыту.
- Логикалық тапсырмалар арқылы пайымдау дағдысын қалыптастыру.
Пәнаралық байланыс және көрнекіліктер
Пәнаралық байланыс
Тіл дамыту, математика, әлеуметтік орта, шығармашылық.
Көрнекіліктер
Геометриялық пішіндер; тура және кері санауға арналған сандар; санауға арналған қонжық маскалары; алма ағашының макеті; кілемшелер (пішіндермен); алманың муляждары; үйшік макеті; ертегі кейіпкерлері; слайд материалдары.
Сабақтың ұйымдастырылуы
Шаттық шеңбері
Балалар шеңбер құрып, амандасу өлеңін айтады:
Амандасу — үлкенге, Тәрбиенің ісі ғой. Ал, кәнекей, бәріміз «Сәлем!» — дейік үлкенге. Қайырлы күн, қонақтар! Қайырлы таң, балалар!
Кіріспе сұрақтар
- Тәрбиеші:
- Жылдың қай мезгілі?
- Балалар: Қыс.
- Тәрбиеші:
- Қыс айларын атаңдар.
- Балалар: Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
- Тәрбиеші:
- Қандай ертегілерді білесіңдер?
- Балалар: «Маша мен аю», «Түлкі мен ешкі», «Қасқыр мен қоян».
Ертегі әлеміне саяхат
Бүгін біз «Маша мен аю» ертегісінің қойылымын тамашалай отырып, ертегілер еліндегі ғажайып пішіндермен танысамыз. Ертеде, ертеде бір әсем сарайда Маша атты ерке қыз өмір сүріпті. Сарайы әдемі болса да, ол жалғыз тұрыпты.
Маша: «О, шіркін! Менің сарайымда көп достарым болса ғой! Олармен бірге есеп шығарып, ойнап, көңіл көтерер едім».
Кейіпкерлер арқылы тапсырмалар
Әр кейіпкер Машаның сарайына кіру үшін математикалық және логикалық тапсырмалар орындайды. Осылайша балалар пішіндерді, сандарды және апта күндерін қайталайды.
1) Аю және үшбұрыш
Аю Машамен танысып, үшбұрыш туралы айтады: оның үш бұрышы, үш қабырғасы, үш төбесі бар. Үшбұрыш сарайдың шатырына ұқсайды.
Тапсырма 1: Бір аптада неше күн бар?
Жауабы: бір аптада жеті күн бар.
Дүйсенбіде доп ойнадым далада, Сейсенбіде серуен құрдым қалада. Сәрсенбіде сурет салдым сәндетіп, Бейсенбіде би биледім әндетіп. Жұма күні жидек тердім ағаштан, Сенбі күні кино көрдім клубтан. Жексенбіде үйде болдым дем алдым — Осылайша өте шықты бір апта.
2) Қасқыр және төртбұрыш
Қасқыр төртбұрышты таныстырады: оның төрт бұрышы, төрт қабырғасы бар. Пішін теледидарға ұқсайды.
Тапсырма 2: 1-ден 5-ке дейін тура және кері сана.
Тура санау
0 1 2 3 4 5
Кері санау
5 4 3 2 1 0
Ойын: «Көршісін тап»
Балалар сандардың көршілерін (алдыңғы және келесі санды) тауып айтады.
3) Қоян және дөңгелек
Қоян дөңгелекті алып келеді: оның бұрышы жоқ, допқа және күнге ұқсайды.
Тапсырма 3: Алма туралы есеп
Алма ағашта бес алма, Қандай тәтті жесе алма. Бесеуін де жеп қойсаң, Қалады онда неше алма?
Жауабы: 0 алма.
Тәрбиешінің қосымша есебі
Төрт қонжық орманда Келе жатты қорбаңдап. Біреуі шаршады, Әрі қарай бармады.
Балалар қанша қонжық қалғанын айтып береді.
4) Түлкі және шаршы
Түлкі шаршыны көрсетеді: оның төрт бұрышы бар, ал төрт қабырғасы тең.
Тапсырма 4: 1-ден 5-ке дейін санамақ айту
Бір дегенің — бесік, Содан шықтық, өстік. Екі дегенің — елім, Өзен, тауым, көлім. Үш дегенім — үміт, Үміт артқан жігіт. Төрт дегенім — төзім, Төзе білем өзім. Бес дегенім — бақыт, Бағалайтын уақыт.
Сергіту сәті
Бойды сергек тік ұста, Емін-еркін тыныста. Оң қолыңды соз алға, Қол ұшына қара да. Үшбұрыш сыз ауада, Сол қол босқа тұрмасын — Шеңбер жасап тынбасын.
Қорытынды бөлім: бекіту тапсырмалары
Тапсырма 5: Саусақпен санау
Бес кәмпитім көп еді, Сараңдығым жоқ еді. Бір кәмпитім — атаға, Бір кәмпитім — әжеге, Бір кәмпитім — мамаға, Бір кәмпитім — папаға. Өзіме де жете ме?
Балалар кәмпиттердің бөлінуін санап, қорытынды жасайды.
Пішіндер туралы тақпақтар
Данагүл
Пішіндерді үйрендім, Қабырғасы тік, сайлы. Үшбұрыш — бұл үйлердің Шатырына ұқсайды.
Қайсар
Бөлініп-ап екіге, Отырған сәт шетінде. Төртбұрыш ұқсайды Үстелдердің бетіне.
Тапсырма 6: Логикалық сұрақтар
Сұрақ
Айгүлдің анасы дүкеннен екі төртбұрышты доп сатып әкелді. Оның біреуін бөпесіне берді. Нешеуі қалды?
Сұрақ
Ағашқа бес торғай қонды. Оның екеуі ұшып кетті. Ағашта неше торғай қалды?
Сандар туралы тақпақтар
Батыр (1 саны)
Мені білгің келсе, Мен — таяқша бірмін. Барлық санға жол бастап, Ең басында тұрамын.
Азиз (2 саны)
Бірден кейін тұрамын, Сандар іші — тұрағым. Бірге бірді қосқанда, Иіліп мен шығамын.
Галифа (3 саны)
Екіден соң әрқашан Үш саны боп қаламын. Қос мүйізі майысқан Ұлттық ою саламын.
Арайлым (4 саны)
Достар мені төрт дейді, Беске бірім жетпейді. Бірақ үшке ағамын, Жақсысымын бағаның.
Айсұлтан, Арайлым (5 саны)
Әр қолда саусақ бес-бестен, Шықпас тегін ол естен. Біліп санның шамасын, Мысал ойлап табасың.
Тапсырма 7: Шығармашылық ойын
Ойын: «Кілемшені толтыр»
Балалар берілген кілемшеге пішіндерді дұрыс орналастырып, үлгі бойынша толықтырады.
Сабақтың жабылуы
Кері байланыс
- Тәрбиеші:
- Балалар, ертегі ұнады ма?
- Тәрбиеші:
- Бізге қонаққа қандай кейіпкерлер келді?
- Маша:
- Сендермен бірге ойнап, есеп шығарып, көңілімді көтергендеріңе қуаныштымын. Рақмет, балалар!
Тәрбиеші Машаның балаларға дайындаған кәмпиті бар екенін айтып, барлық қатысушыларды мадақтайды.
Рөлдер
- МашаАсылым
- АюБекұлан
- ҚасқырМерген
- ҚоянАйша
- ТүлкіДанара
Қоштасу
Қол ұстасып тұрайық, Шеңберді біз құрайық. Көріскенше күн жақсы, Сау-саламат болайық!
Күтілетін нәтиже
Нені біледі
Балалар геометриялық пішіндерді атап, ертегі кейіпкерлерін дұрыс атай алады.
Игеруі керек
Дамытушы ойындар арқылы ойлау қабілетін жетілдіру; сандарды ажырату; тура және кері санау; сұрақтарға дұрыс жауап беру.
Меңгеруі керек
Геометриялық пішіндерді сенімді ажырату және ертегі кейіпкерлерін шатастырмай меңгеру.