Домбыра қазақтың ұлттық аспабы

Мақсаты мен міндеттері

Бұл оқу іс-әрекетінің мақсаты — балаларға қазақтың ұлттық аспаптары туралы мағлұмат бере отырып, аспаптық музыкаға және ән өнеріне деген қызығушылығын ояту.

Білімділік

Әр аспап туралы түсінік беру, жасалу ерекшеліктерін және дыбыс бояуын түсіндіру; ұлттық аспаптар жөніндегі білімді тереңдету.

Дамытушылық

Қазақтың басқа да аспаптарының атауларын айтқыза отырып, тілін дамыту; есте сақтауын, ырғақты сезу қабілетін жетілдіру.

Тәрбиелік

Ұлттық аспаптарды мақтаныш етуге тәрбиелеу, ұлттық өнерге қызығушылықты арттыру және оны құрметтеуге баулу.

Көрнекіліктер

  • Музыкалық аспаптардың суреттері
  • Аспаптардың үлгілері
  • Слайдтар
  • Жолақшалар және «баспалдақ» тапсырмасы

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы

Кіріспе

Музыка әуенімен балалар залға кіріп, амандасады. Одан кейін «Шаттық шеңбері» ұйымдастырылады.

«Домбыра» (шаттық шеңберіне арналған өлең)

Домбыраны қолға алып,

Күйшілерше шертейік.

Бишілерше бұралып,

Дөңгелене билейік.

Балалар өлеңді айта отырып, «айналма», «домбыра», үлкен және кіші шеңбер жасап жүріп, қимылмен көрсетеді.

Музыка жетекшісінің кіріспе сөзі

Өткен ғасырлардың үніне құлақ түрсек, ата-бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, ішегінен, қылынан және басқа да түрлі материалдардан дыбыс шығаруға болатынын байқап, қарапайым музыкалық аспаптар жасаған.

Бүгін біз қазақтың ұлттық аспаптары туралы әңгімелесеміз. Ұлттық аспаптардың түрі өте көп.

Сұрақ

Балалар, қандай ұлттық аспаптарды білесіңдер?

Балалардың жауаптары: аспаптармен танысу

Мөлдір — Домбыра

Домбыра — қазақтың ұлттық аспабы. Ол халқымызбен бірге жасасып келе жатқан көне әрі қастерлі музыкалық аспап. Қазақ елі қуанышын да, мұңын да, әні мен күйін де домбыра әуенімен жеткізе білген. Домбыра той-думанның, жиын-тойдың сәнін келтірген.

Музыка жетекшісі: Домбыра туралы «Нағыз қазақ — домбыра» деп бекер айтылмаған.

Арайлым — Қобыз

Қобыз — халқымыздың ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспаптардың бірі. Ол екі ішекті, ысқышпен ойналатын музыкалық аспап. Қобыз үніне бай, киелі, қасиетті аспап ретінде танылып, ерекше қастерленеді.

Тахмина — Жетіген

Жетіген — қазақ халқының көп ішекті, шертпелі аспабы. Пішіні ұзынша, жәшік тәрізді болып жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Ертеректе жетігеннің ішегі ат қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылған. Күйін асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірген. Ішек саны жетеу болғандықтан, «жетіген» деп аталған.

Алижан — Сыбызғы

Сыбызғы — қазақтың көне үрмелі музыкалық аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден жасалады. Ұзындығы шамамен 60–65 см немесе 70–80 см болады. 3–4 ойығы бар. Ойықтар арқылы демді жай немесе күштірек шығару нәтижесінде түрлі әуен туады.

Алина — Шаңқобыз

Шаңқобыз — қазақтың көне музыкалық аспабы. Ағаштан, темірден, кейде күмістен жасалады. Әуен аспап ортасына бекітілген тілшені саусақпен қағып, тартып ойнау арқылы шығады. Шаңқобыз оркестрлерде, ансамбльдерде қолданылады және жеке орындауға да ыңғайлы.

Айша — Асатаяқ

Асатаяқ — тұтас ағаштан жасалатын сілкіп ойналатын аспап. Бас жағына темір теңгешелер мен қоңыраулар ілінеді. Қоңыраулар соғылғанда әсем үн шығады.

Аружан — Тұяқтас

Тұяқтас — қазақ тұрмыс-салтында ертеден қолданылған музыкалық аспап. Ұзатылатын қыз ұзатылуына 3–4 күн қалғанда қоштасу әнін айта бастайды, әуенін тұяқтаспен сүйемелдейді.

Сұрақ

Тұяқтасты қалай жасауға болады?

Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады. Ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы бөлектенген соң, ішін әбден тазартып, күнге кептіреді.

Жұмбақтар мен сипаттамалар

Шұғыла

Созылған үні, сүйкімді тілі.
Үрлесең ойнайтын, аспаптың бірі. (сыбызғы)

Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,
Азынаса көмейінде мал жылайды.
Құйрығын қара жерге тіреп алып,
Келеді баяғының әнін салып. (қобыз)

Нұрай

Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ,
Мойыны жануардың бунақ-бунақ.
Айылын екі жерден мықтап тартып,
Кетеді қамшы бассаң зулап-зулап. (домбыра)

Жеті шектен жеті түрлі үн шығар,
Әуезінен жеті тарау мұң шығар.
Ойнап кетсең, түрлі-түрлі жыр шығар,
Бұл қандай аспап? (жетіген)

Дидактикалық ойын: «Аспапты тану»

Ойын ережесі бойынша аспаптардың үні үнтаспадан тыңдатылады. Балалар қандай аспап екенін анықтап, жолақшаларға ретімен орналастырады.

Реті

  1. Қобыз
  2. Домбыра
  3. Асатаяқ

Қазақ халқы ән мен жырды, ойын-сауықты өте жақсы көрген. Сондықтан той-думанда домбырамен өз ойларын ән-жыр арқылы жарыса жеткізіп отырған.

Қимылды ойын: «Домбырашы»

Ойын арқылы балалар ырғақты сезінуді, қимылды үйлестіруді және топпен әрекет етуді үйренеді.

Ән айтуға дайындық

Қазақ халқы қайғысын да, ренішін де домбыра арқылы халыққа жеткізе білген:

Бабамыздың мұңысың сен, домбыра,

Анамыздың сырысың сен, домбыра.

Қазағымның жүрегінен жаралған,

Даламыздың үнісің сен, домбыра.

Дауыс шынықтыру жаттығуы: «Баспалдақ»

Балалар «баспалдақ» тәсілімен дыбыстарды біртіндеп көтеріп-түсіріп, дауысын жаттықтырады.