Кеудеме қайғы толған соң, Тұнық жырмен жуынам

Тегімді менің сұрасаң,
Қалың Найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тыманың тынық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда, Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Шәрбәт балдай тамызып,
Торқалы топыр тойында,
Топ бас қосқан ойында,
Қасқа - жәйсаң алдында
Топ жиынды дулаттым.
Айдасаң алыс жерімді,
Алсаң ащы терімді,
Өзіне - өзі сенімді,
Тоят төс, салпы ерінді,
Топтан торай бермейтін
Тұлпар аттай қунақпын.
Қайырсыз сараң малыңды,
Еріншек есер жарыңды,
Халыққа емес сыйымды -
Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді
Әперіп сөзбен кегіңді
-
Улы тілмен улаттым.
Сана құйып ойыңа,
Қуат беріп бойыңа,
Аққан жасы сел болған,
Етегі толып көл болған,
Беріш боп шері байланған,
Ұйқы беріп қайғы алған,
Қайғылыны уаттым.
Жырымды менің тыңдаған
Сөз ұғатын соңғы адам,
Тыңдаудан әсте тынбаған,
Кауһардай дүрі бұлдаған,
Сарқырап аққан жылғадан
Жыр арнасы суатпын.
Шашудай болып шашылар
Меруерттей асыл сөз деген,
Жаршылардың шәйірі
Асыл сөзді езбеген.
Нысананы дәл басып,
Қалаған жерден көздеген.
Қамқа бірдей бола ма
Қаламы мата бөзбенен?
Қосылып алтын қорылмас
Мырышпенен, мыс, жезбенен.
Меруерттей сөзбен шашайын
Бойыма біткен асылын
Ақындық әсер қуаттың.
Сусағанды сулатып,
Шаршағанды қунатып,
Күзегенді туратып,
Жырыммен елді жетелеп,
Мүйіс жерден төтелеп,
Ағылайын ақпадай!
Азған елдің адамы
Апшыған сұмдар қадамы,
Жүйрікпін деп шабаны,
Момынға жапса жаланы,
Қулық - сұмдық табады;
Арқасы елдің жауыр боп,
Жеңіл жүгі ауыр боп,
Төрт таяқтап ақсады...
Аға сұлтан, қазының
Ел сілкінді ісінен.
Ауылдың атқа мінері
Жемтікке қонған күшіген.
Өзі тойса мәз болды,
Ел іргесін сақтамай.
Ер деп елді бұзғышты,
Сұқсыр деп сұмырай қызғышты,
Кез құйрықты лашын деп,
Кенеусізді ісім деп,
Құладынды сұңқар деп,
Жабыны шабан тұлпар деп,
Құтқармайтын құмай деп,
Төбетке қарғы таққаны.
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады.
Өзі елді қорқытып,
Онан өзі қорқады.
Алдыңа түсіп томпаңдар
Жарлылардың торпағы,
Бір торпақтан он болып
Пысықтардың ортағы.
Қара шығын алымы
Бай, кедейге бірдей боп,
Шаңыраққа салығы.
Ел ұйытқысы шайқалып,
Дәулет судай аққаны
Сортаң жерге қақ тұрып
Суы ішуге келмейтін,
Сараң байға бақ тұрып
Қолынан қайыр бермейтін,
Қортиғандар бек болды
Елді теріс сермейтін...



Ұқсас жұмыстар

Ақын Дулат Бабатайұлы
Дулат Бабатайұлы өмірбаяны
Дулат Бабатайұлы шығармалары
Дулат Бабатайұлы өмірі
Дәстүрлі ақындық поэзия
Дулат Бабатайұлының өмірі
Азаттық жырының ақтаңгері
Дулат Бабатай-ұлы
Абайдың ақындық мектебі
Зар заман өкілдері мен шығармашылығы
СӘБИТҰЛЫ АСАНҚАЙҒЫ
Асан Қайғының қаласы
АСАН ҚАЙҒЫ - ДАЛА ДАНЫШПАНЫ
ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗМЕТІ
Персонал бойынша менеджердің негізгі кәсіби ролі
Он бес одақтас мемлекетке ортақ мерейтой болған Ұлы Жеңіске биыл 72 жыл толғанымен, бұл мерекенің тойланып келе жатқанына 55 жыл
Асан Қайғы - жырау, ойшыл, абыз
Тайбағар Тұрланұлы (1827, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қазыбек бек темір жол станциясы - 1881, сонда) - би, Ұлы жүз шапырашты руының әжіке тармағынан шыққан
Қазақ хандығының соңғы ханы
Ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда бір байда жүрген қойшы байдан көп жылдар бойы ақы ала алмаған соң және байдың қорлығына шыдай алмай бір түнде еліне қашып кетеді