Бүгінгі мектебімізде өткелі жатқан Бабалар салған сара жол атты кешімізге қош келдіңіздер

Кіріспе сөз

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «№4 жалпы білім беру орта мектебі» ММ атынан бүгінгі конференцияға қатысушы ұстаздар, оқушылар және қадірлі қонақтарымызға сәлем жолдаймыз. Мектебімізде өтетін «Бабалар салған сара жол» атты тағылымды кешімізге қош келдіңіздер!

Қазақ халқының бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігі — көктен түскен сый емес. Тәуелсіздік дегенде ұлан-байтақ жерімізді көзінің қарашығындай қорғап, ат үстінде арыстандай арпалысқан асыл бабаларымыз ойға оралады.

Ұшқан құстың қанаты талатын кең даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған ардақты ерлерге құрмет қандай болса да жарасады. Еліміздің әр қаласының орталық алаңында еңселі ескерткіштер бой көтерсе, артық болмас еді.

Кештің тақырыбы

«Бабалар салған сара жол» — Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кеш

Тарих Тәуелсіздік Рухани мұра

Қазақ хандығы: іргетас және заңдар

Бұдан бес жарым ғасыр бұрын даңқты Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешті. Дегенмен елдік мүдде мен бірлік идеясы ұлттың басты тірегіне айналды.

Мемлекеттіліктің кемелденуіне Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» бағыт-бағдар болып, халықтың Темірқазығына айналды.

Бағдарламадағы бөлім

Көрсетілім

Тақырыпқа арналған бейнеролик.

Баяндама

Тарих пәні мұғалімінің «Тарих — ғасырлар куәсі» атты баяндамасы.

Ерлік дәстүрі: хан мен батырлар жолы

Алты Алаштың айбынды әміршісі Абылай хан бастаған, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Баян, Олжабай сынды батырлар қостаған қазақ сарбаздары талай мәрте туған жер төсінде ат ойнатып, ата жаумен кескілескен шайқастар өткізді.

Көркем үзінді Пай, пай, пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер.
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!

Ел басына күн туған шақта қан майданның ізі қалды: қызыл күнді шаң жапты, қара жерді қан жапты. Алайда Абылай хан бастаған айбынды ерлер қазақ хандығының туын құлатқан жоқ — бұл тәуелсіздікті қорғау жолындағы жан алысып, жан беріскен күрес еді.

Абылай ханның жаужүрек ұрпақтары Кенесары мен Наурызбай төрелер бастаған, Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұғыбай, Жәуке, Сұраншы, Бәйсейіт, Жеке батырлар қостаған сарбаздар да бодандыққа қарсы тұрып, туған жер төсін тұлпар тұяғымен дүбірлетті. Олар арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат көрсетті.

Сахналық бөлім

«Абылай хан» драмасынан көрініс

Тарихи кезеңнің рухын ашатын сахналық үзінді.

Би: «Жұмыр қылыш»

Көрерменге серпін беретін ұлттық би композициясы.

Өнер мен сөз: күй, жыр, мәнерлеп оқу

Поэтикалық ой Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ, бірақ… онда ортаға тасталар ұран сондай,
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша.
Жығылған палуанға да бәйге берем,
Адалдығы сезіліп тұрар болса!

Күй

Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі — жүрекке жақын үн, тарихқа тағзым.

Мәнерлеп оқу

Сарыбайдан болды айтқыш сөз шебері,
Тілінен тебіренсе бал таматын.
Әзілкеш Сәдір, Бекіш, Жабағы би,
Көделі қамқа тондай жамылатын.
Дүр Оңғар, би Төребай, Ағытайлар —
Теңі жоқ тұлпар еді топты жарған.

Дархан елім, неткен шалқар едің,
Байтақ далам — дастансың айтылмаған.
Орман-көлім, кіндік қан тамған жерім,
Өзіңе кеп басады аңсаған арман демім.

Орындаушылар: мектеп оқушылары.

Ән

5-сынып оқушыларының орындауында «Жаса, Қазақстан!» әні.

Қорытынды

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бабалар салған сара жол» атты кешіміз осымен аяқталды.

Баршаңызға көріскенше күн жақсы дейміз. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!

Ұйымдастыру ақпараты

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «№4 жалпы білім беру орта мектебі» ММ
Жауапты: Ахметова Жанар