Мейірімділікті анадан үйрен, Әдептілікті данадан үйрен

Мақсаттары

  • Оқушыларды үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйрету; сәлемдесу туралы түсінік беру және оның инабаттылық, әдептілік, адамдық қасиеттің негізгі тірегі екенін ұғындыру.
  • Жаман әдеттен аулақ болуға, ата-анаға мейірімді болуға, айналадағы заттарға ұқыпты қарауға баулу.
  • Адамгершілікке, жолдастық сыйластыққа негізделген қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Өнегелі сөздер, мақал-мәтелдер, суреттер.

Әдістер

Ауызша баяндау, талдау, сұрақ-жауап, топтық жұмыс.

Тақырып өзегі

Әдептілік — тәрбие бастауы.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Қайырлы күн, жас достар! Бүгінгі күндерің сәтті өтсін! Сенің жақсы азамат болып өсуің — ата-анаң мен ұстазыңның тілегі.

Қоғам алдында адал болып, достарыңа жанашыр, ата-анаңа қамқоршы, кішілерге үлгі болып, өзіңнен үлкеннің ақыл-кеңесін тыңдай білуің керек.

Сұрақ:

Бойында осындай қасиеттері бар баланы қалай атаймыз?

Оқушылар: Әдепті, сыпайы, ұқыпты, тәртіпті, адал, шыншыл, кішіпейіл.

Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Әдептілік — тәрбие бастауы» тақырыбына арналады.

I бөлім: Ой ашар (сұрақ-жауап)

Сұрақ: Әдептілік дегенді қалай түсінесің?

1-топ

Әр адамның әдептілігі оның сөзінен, жүріс-тұрысынан, өзінен байқалады.

2-топ

Әдептілік — кез келген ортада өзін ұстай білу. Әдепті адам — әдемі адам.

3-топ

Ата-ананы сыйлау, өзіңе және достарыңа жауапкершілікпен қарау, адамгершілік қасиеттерді сақтау — әдептіліктің белгісі.

Мұғалімнің түсіндірмесі

Қай халық болмасын бір-біріне жылы мейірім мен кеңпейілділікті, достықты, өзара жақындықты амандасу арқылы білдіреді. Амандық-саулық сұрасу — өзіңнің де, өзгеге де тыныштық пен татулық тілегенің.

Сондықтан сәлемдесу — тек әдептілік емес, имандылықтың да нышаны ретінде қабылданған.

Мұғалім:

Сәлем — сөздің анасы,

Сәлем — сөздің сарасы.

Сәлемдесер үлкенге

Қазақтың әр баласы.

Сәлем — сөздің анасы,

Білгені жөн әр қазақтың баласы.

Үлкенмен де, кішімен

Сәлемің түзу болсын деп

Үйретер ата-анасы.

II бөлім: Сәлем бере білейік (топтық тапсырма)

Әр топқа жағдаят беріліп, амандасу мәдениетін көрсету ұсынылады.

1-топ

Кішінің үлкенге сәлем беруі (ата мен бала).

2-топ

Екі дос немесе екі құрбының бір-бірімен амандасуы.

3-топ

Наурыз тойындағы сәлемдесу немесе көрісу.

III бөлім: Жақсыдан үйрен — жаманнан жирен

Төмендегі өлең жолдары оқылады. Әр топ ұйқасқа сай жауап береді.

Жаман әдеттер

Бұрылатын қызға да,

Ұрынатын ұлға да.

Төбелеспей жүрмейтін,

Қандай бала бұл тұрған?

Жауабы: тентек, сотқар

Кітап түбі қырқылған,

Күнделігі жыртылған.

Сабаққа да самарқау,

Қандай бала бұл тұрған?

Жауабы: бұзық

Сабақ айта білмеген,

Шақырмасаң жүрмеген.

Сабақ бетін ашпайтын,

Баланы сен кім дер ең?

Жауабы: жалқау

Жақсы қасиеттер

Сыйлап үлкен ағаны,

Сәлем берген баланы

Кім дейміз?

Жауабы: әдепті

Таудай биік талабы,

Жақсы оқитын баланы

Кім дейміз?

Жауабы: үлгілі

Кітап, дәптер, қаламы

Кір шалмаған баланы

Кім дейміз?

Жауабы: ұқыпты

Оқушылар, жақсы істерді үйреніп, жаман қылықтан аулақ болуға дағдылануымыз керек. Оқу құралдарымызға, киген киімдерімізге және ас атасы — нанға ұқыптылықпен қарау маңызды.

Әдептілік туралы мақал-мәтелдер

  • Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
  • Мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен.
  • Сыйламаған жолдасын, сыйлай алмас өз басын.

IV бөлім: Ой толғаныс (топтық жұмыс)

Әр топ өз тапсырмасын орындайды, қорғайды және пікір білдіреді.

1-топ

Әдепсіз балаға хат жазу.

2-топ

Өз тобы туралы 5 жол өлең құрастыру.

3-топ

Жағдаяттан шығу: оқып, талқылап, өз пікірін айту.

Жағдаят

Жұмыстан келген анасы ұлына:

— Ауырып тұрмын, жатып демалсам бола ма? — деді.

Компьютер ойынына берілген ұлы назар аудармастан:

— Жата беріңіз, — деді.

Анасы төсегіне жатып, ұлынан көрпенің үстіне тонын жауып қоюын өтінді. Ұлы орнынан ауыр қозғалып, қабағын түйіп тұрды да, үндемей өтінішті орындады.

Талқылау сұрақтары

  • Бала анасына жанашырлық білдіре алды ма?
  • Сен оның орнында болсаң, не істер едің?

Мұғалімге ескерту

Талқылау кезінде оқушының сезім дүниесіне әсер ететін жағдай туғызып, жанашырлық сезімін оятып қана қоймай, оның бекінуіне мүмкіндік жасау қажет.

5 жол өлең (үлгі)

  1. Зат есім: Айша
  2. Сын есім: әдепті, сыпайы
  3. Етістік: оқиды, жазады, үйренеді
  4. Сөйлем: Менің Айша деген құрбым бар.
  5. Синоним: Айша — оқушы.

V бөлім: Жылы лебіз

Әр топ орнынан тұрып, шеңбер құрып, төмендегі тілектерді бірге айтады.

1-топ

Басымыз аман болсын!

2-топ

Аспанымыз ашық болсын!

3-топ

Күніміз жарық болсын!

Қорытынды: Әдептілік — күнделікті әрекеттен басталатын мінез. Амандасу, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, ата-анаға жанашырлық таныту және ұқыптылық — адамды көріктендіретін асыл қасиеттер.