Балалар - тамшылар

Ақтөбе қаласы • №32 «Қуаныш» мектепке дейінгі ұйымы

Тәрбиеші: Сүйінбаева Жанаргүл Қазтөреқызы

Судың адам ағзасына пайдасы

Бұл материал мектепке дейінгі жастағы балаларға су туралы қарапайым әрі қызықты түрде түсіндіруге арналған: су не үшін қажет, оның қасиеттері қандай, суды қалай қорғап, қалай үнемдеу керек.

Білім беру салалары

  • Денсаулық
  • Қатынас
  • Таным

Бөлімдер

  • Валеология
  • Тіл дамыту
  • Экология

Мақсат

Білімділік

Судың тіршілік көзі екенін түсіндіру; оның пайдасы, маңызы және қасиеттері туралы білімді кеңейту.

Дамытушылық

Сөздік қорды байыту, тәжірибе жасау дағдыларын дамыту; өз бетінше әрекет ету, бақылағыштық пен дәм сезуді жетілдіру.

Тәрбиелік

Қоршаған ортаны қорғауға, суды ластамауға, үнемдеуге және қастерлеуге; ұқыптылық пен жинақтылыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар

  • Глобус
  • Суреттер
  • Сүт
  • Су
  • Қасық

Қолданылатын әдістер

  • Слайд арқылы көрсету
  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын
  • Көрсету
  • Тәжірибелер
  • Суреттерді құрастыру

Сөздік қор

су — тіршілік көзі глобус мұхит өзен көл суды сақтау үнемдеу

Сабақтың барысы

Кіріспе: «Су патшайымы» қонаққа келеді

Музыка ойнап тұрады. Тәрбиеші көк түсті жамылғы киіп, «Су патшайымы» бейнесінде балаларды қарсы алады.

Жұмбақ

Шомыласың, жүзесің,
Шөлдегенде ішесің.
Бұл не?

Балалардың жауабы: су.

Осыдан кейін су туралы әңгіме басталып, оның қасиеттері тәжірибе арқылы таныстырылады.

Глобуспен жұмыс: Жер неге көк?

Тәрбиеші глобусты көрсетіп, оның Жердің бейнесі екенін түсіндіреді. Неліктен глобустың көп бөлігі көк түске боялғанын сұрайды.

Балалар мұхиттың шуын тыңдайды. Тәрбиеші Жер бетінің көп бөлігін су алып жатқандықтан, ол көк түспен белгіленетінін айтады.

Негізгі ой

Су — табиғаттың баға жетпес сыйы. Сусыз тіршілік болмайды.

Су бізге не үшін керек?

  • Суды ішеміз
  • Тамақ әзірлейміз
  • Жуынамыз, шомыламыз
  • Киім жуамыз
  • Үй тазалаймыз
  • Өсімдік пен жан-жануарға қажет

Судың айналымы

Су табиғатта үнемі айналымда болады: қар мен жаңбыр түрінде жерге түседі, бұлақ болып шығып, өзендерге қосылады. Күн қызуымен буға айналып, аспанға көтеріледі де, қайтадан жаңбыр болып жерге оралады.

Тақырып слайд арқылы көрсетіледі.

Тазалық ережесі: қолды дұрыс жуу

Балалар сырттан келгенде және ас ішер алдында қол жуудың маңызын еске түсіреді.

Ойын-жаттығу: «Қолды дұрыс жуу алгоритмі»

Тәрбиеші балалардан қол жуудың ретін сұрайды, кейін дұрыс жауабы слайд арқылы тексеріледі.

Су туралы тақпақ

Сылдырайды мөлдір су,
Мөлдір суға қолыңды жу.
Жуынсаң сен әрдайым,
Аппақ сенің маңдайың.

Табиғаттың досы —
Су дегенің осы.

Тәжірибелер: судың қасиеттері

1) Суды ұстап көру

Балалар алақандарын жаяды. Тәрбиеші аздап су құйғанда, су сырғып ағып кетеді: сұйық суды ұстап тұру қиын. Бір бала суды мұзға айналдырса ұстай алатынын айтады.

Қорытынды: су сұйық күйде ағады, ал мұз күйінде қолға ұстататын қатты денеге айналады. Су суық та, ыстық та болады; қайнағанда буға айналады.

2) Судың пішіні бар ма?

Балалар үстелге шақырылады. Әртүрлі ыдыстарға су құйылады (стақан, шар тәрізді ыдыс, қолғап және басқа пішіндер). Су құйылған ыдыстың пішінін «қайталайтыны» байқалады.

Қорытынды: судың өз пішіні жоқ; ол сұйық, ағады, қандай ыдысқа құйсаң, сол ыдыстың пішінін алады.

3) Су мөлдір ме?

Әр баланың алдында екі стақан болады: біреуінде су, екіншісінде сүт. Қасықты екі стақанға кезек малып көреді. Суда қасық көрінеді, ал сүтте анық көрінбейді.

Қорытынды: су мөлдір.

4) Судың иісі мен дәмі бар ма?

  • Иісін анықтау: иіскеп көреміз — таза судың иісі жоқ.
  • Дәмін анықтау: дәмін татып көреміз — таза судың дәмі болмайды.
  • Дәм қосу: қант (немесе шекер) қосып араластырса, су тәттіленеді.

Сергіту сәті: қимылды ойын «Тамшылар»

Шарты: тәрбиеші — «Бұлт-ана», балалар — «Тамшылар».

  1. Музыка ойнағанда тамшылар серуенге шығады: жүгіреді, секіреді, билейді.
  2. Тамшылар жерге «түсіп», бірігіп ағын суға айналады (қол ұстасады).
  3. Бірігіп үлкен өзен құрайды, кейін шеңбер жасап «мұхитқа» жетеді.
  4. Күн «жылытқанда», тамшылар бу болып жоғары көтеріледі.
  5. Бу қайтадан «Бұлт-анаға» оралады.

Дамытушы ойын: «Қайсысына су қажет?»

Мақсаты: балалардың ойлау қабілетін дамыту, судың қажеттілігін түсіндіру және суды орнымен пайдалануға тәрбиелеу.

Шарты: суреттердің ішінен су қажет болатындарды таңдап, фонға дұрыс орналастыру (балық, гүл, адам, жануарлар, құстар және т.б.).

Суды үнемдеу: бір тамшының да мәні бар

Слайдта краннан тамшылап ағып тұрған су көрсетіледі. Балалар бұл суреттің мағынасын талқылайды.

Маңызды ереже: жуынғаннан кейін кранды ашық қалдырмау керек. Су өзендерден құбыр арқылы тазартылып келеді, ал ысырап болса — таза су қоры азаяды.

Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер

Су туралы мақал-мәтелдер

  • Су бар жерде ырыс бар.
  • Сулы жер — нулы жер.
  • Судың да сұрауы бар.

Су туралы тыйым сөздер

  • Су ішкен құдығыңа түкірме.
  • Суды төкпе.
  • Судың бетін ашық қалдырма.

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгін біз не туралы әңгімелестік?
  • Су не үшін қажет?
  • Сусыз өмір сүруге бола ма?
  • Қандай тәжірибелер жасадық?
  • Су кімдерге және нелерге қажет?

Тәрбиеші балаларды белсенділігі үшін мадақтап, суды қорғау мен үнемдеу әрқайсымыздың міндетіміз екенін тағы бір мәрте еске салады. Соңында балаларға «бұлақ суы» сый ретінде ұсынылып, қоштасу сөзі айтылады.