Абай әндеріне шолу

Атырау қаласы, №11 Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп

Музыка пәнінің мұғалімі: Жексенгүлова Күләш

Тақырып: Пәнаралық байланыс — тәрбие берудің сара жолы. Абайдың сыршыл әндері

Пәнаралық байланыс — сабақтың өзегі

Әр мұғалімнің сабақта үнемі ескеріп, назарда ұстайтын маңызды мәселесінің бірі — пәнаралық байланыс. Оқытудың жаңа технологиялары оқу үдерісінің құрылымын жаңаша құрып, өзгерте оқытудағы пәнаралық байланысты күшейту арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге және жеке дарынын ұштауға мүмкіндік береді.

Пәндерді өзара байланыстыра оқыту — алынған білімді терең әрі толық меңгеруге септігін тигізеді. Оқушыларды қызықтыра отырып, оларды ойлауға, іс-әрекетке жұмылдыру үшін ең ұтымды, қолайлы әдіс-тәсілдерді таңдап қолдану — менің негізгі қағидам.

Осы бағытта өткізген сабақтардың бірі — Абай әндері. Абайдың сыршыл әуендері арқылы музыка, әдебиет, тіл, тарих пен бейнелеу өнері бір арнаға тоғысып, оқушының қабылдауы мен танымына кең өріс ашады.

Сабақ тақырыбы: Абай әндері

Сабақтың мақсаттары

Білімділік
Оқушыларға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең ұғындырып, тиянақты білім беру.
Дамытушылық
Музыканың өмірмен байланысын түсіндіру арқылы әндері негізінде танымдық есте сақтауды, ести білу қабілетін және музыкалық сезімді дамыту.
Тәрбиелік
Өз халқының музыкасына құрметпен қарауға тәрбиелеу; ұлы ақынның әндерін үйрену арқылы сергек ойлы, қиялы бай, рухани интеллектуалды тұлға қалыптастыру; сұлулық пен көркемдікке талпындыру.

Сабақтың ұйымдастырылуы

1

Сабақ түрі

Жаңа сабақты меңгеру.

2

Формасы

Интеграциялық сабақ.

3

Өткізу әдістері

Топпен жұмыс, баяндау, тыңдау, сұрақ-жауап.

4

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, әдебиеті, сурет, тарих.

5

Көрнекіліктер

Портрет, тірек-сызбалар, слайдтар, сырнай аспабы, карточкалар, үнтаспа, әндер жинағы.

Назардағы шығарма

Абай әндеріне шолу барысында орындалатын ән: «Өзгеге көңілім тоярсың».

Сабақ жоспары және өту барысы

Жоспар

  1. 1 Ұйымдастыру.
  2. 2 Жаңа сабақ: Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы; Абай әндеріне шолу; «Өзгеге көңілім тоярсың» әні.
  3. 3 Қорытынды.

Өту барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі және үй тапсырмасы

Оқушылардың назарын сабаққа шоғырландырып, өткен материалды қысқаша қайталаймын.

2) Жаңа тақырыпқа кіріспе

Жаңа сабаққа кіріспес бұрын музыкалық үзінді тыңдатып, сол арқылы сабақтың тақырыбын ашамын. Сұрақтар қою арқылы оқушылардың жауаптарын тыңдап, өткен сыныпта алған білімдерін бүгінгі материалмен байланыстырамын. Бұл — интеграциялық байланысты іске асыруға мүмкіндік береді.

3) Абай әлеміне қайта оралу

Абай — адамзат ғұмыр бойы игеретін ғажайып әлем. Бүгінгі сабақта оқушылар Абайды тағы да тереңірек тани түседі.

4) Топтық жұмыс

  • Оқушылар үш топқа бөлінеді.
  • Барлығына ортақ «Абай» тақырыбы беріледі және алдын ала дайындалған парақшалар таратылады.
  • Әр оқушы өз білетінін жазады, топ ішінде ой бөлісіп, бірлесіп жұмыс жасайды (ешкім бос отырмайды).
  • Әр топтан бір оқушы шығып, жазғандарын оқиды және тақтадағы кестені толтырады.

Осылайша Абай туралы түсінік жүйеленіп, оқушылардың ой қорытымы нақты дәлелдермен толықтырылады.

Нәтиже

Пәнаралық байланысқа құрылған мұндай сабақта оқушы әнді жай орындап қана қоймай, оның тарихи-мәдени негізін танып, әдеби мәтіннің көркемдігін сезінеді, тілдік өрнекке назар аударады және музыкалық образды терең түсінеді. Ең бастысы — оқушының дүниетанымы кеңейіп, эстетикалық талғамы қалыптасады.