Бүгін ұлыстың ұлы күні
Іс-шара туралы
Өтетін орны
ОҚО, Отырар ауданы, Темір ауылы, С. Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектеп (КММ)
Ұйымдастырушы
І санатты бастауыш сынып мұғалімі — Шойбек Жанат Жүнісқызы
Тақырыбы
«Жер бетіне жақсылық ұялатқан күн»
Негізгі бағыт
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесінің мәнін таныту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу
Мақсаты
- Наурыз мерекесі туралы білімді тереңдету, жыл басының мәнін ашу.
- Оқушылардың тіл мәдениетін дамыту: мәнерлеп өлең оқу, ән айту, би билеу, сахна мәдениеті және сөздік қор.
- Елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеу; ынтымақ пен татулықты дәріптеу.
Мазмұны
Наурыз — табиғаттың түрленіп, жаңаратын, жер бетіне тіршілік тынысы қайта оралатын берекелі кезең. Қыстан қалған қыспақ сейіліп, күн мен түн теңелетін шақта елдің үміті де, көңілі де жаңғырады.
Негізгі ой
Мереке барысында Наурыздың қадірлі дәмдері, қасиетті сөздері, ақ тілектер мен баталардың тәрбиелік мәні кеңінен насихатталады.
Көрнекілігі
Сахналық көрініс: «Ұлыстың ұлы күні»
Кіріспе сөз
Қарашаш (Т. Нұрай): «Уа, халайық! Бүгін — ұлыстың ұлы күні. Ата-бабамыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн — Наурыз мейрамы! Наурыз салтанаты!»
«Наурыз» — көне парсы сөзі: «нау» — жаңа, «рыз» — күн. Яғни бұл — «жаңа күн», жаңа жылдың алғашқы күні — жыл басы. Қазақ халқында бұл күн мен түн теңелер мезгілге — 22 наурызға сәйкес келеді.
Бұл — қыс бойғы сең сөгіліп, жер көгеріп, тіршілік атаулы қайта жаңаратын шақ. Мал баққан елдің қорасы қозы-лаққа толып, береке еселенеді. Ағайын-туыс бір-бірін аралап, наурыз көжеден дәм татып, үлкен-кішісі ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнайды.
Нақыл: «Ұлыс күні қазан толса — ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса — сонда олжалы жол болар».
Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болған осы дәстүрлі Наурыз тойы бүгін тағы да есігімізді ашып отыр.
Өткен жылмен қоштасу
Қарашаш: «Құрметті халайық, қадірменді жәмиғат! Өткен қой жылына еш өкпеміз жоқ, солай ма?»
Көпшілік: «Иә, өкпеміз жоқ! Жоқ-жоқ, ризамыз! Дән ризамыз!»
Қарашаш: «Ендеше ата жолымен: өткенге — салауат, болашаққа — аманат. Қой жылын шығарып салайық».
Сахналық ремарка
Ду қол шапалақ. Сахнаға қой бейнесінде киінген Маржан шығады.
Қарашаш: «Қойеке, мына жұрт саған дән риза. Тәуелсіз елімізге талай жақсылық әкелдің. Мың да бір рақмет! Енді жұртыңа не айтар едің?»
Қой (Маржан): «Мен де халқымa дән ризамын. Алмағайып заманда еліміз өткен жылды момақан, сабырлы мінезбен бейбіт өткізді. Ел іргесі сөгілмесін, ауызбірлік пен татулыққа селкеу түспесін. Орнымды басар Мешін жылына да тілерім — осы. Әрдайым бақыт, бейбіт өмір болсын! Бөбектеріміздің жүзінен күлкі арылмасын. Көріскенше күн жақсы, халайық!»
Жаңа жылды қарсы алу
Сахналық ремарка
Ду қол шапалақ. Сахнаға жүгіріп Мешін шығады.
Қарашаш: «Қош келдің, жаңа Мешін жылы! Төрлет, Наурыз — елімнің бақ-береке, ырыс мейрамы!»
«Жаңа жыл есігімізден жақсылық болып енсін! Қадамыңа нұр жаусын, Мешін жылы!»
Қызыр баба батасы
Сахналық ремарка
Ортаға ақ сақалды, аса таяқты Қызыр баба шығады. Жұрт қол шапалақтап қарсы алады.
Қызыр баба (Ә. Мақсат):
Армысыңдар, жәмиғат!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсақ, жол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлігі ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын!
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы-уайым жоқ болсын!
Қуаныштарың көп болсын!
Әумин!
Қызыр баба: «Қарашаш қызым, ата салтын ұмытпай, ұлыс тойын өткізіп жатқандарың қандай жақсы! Үлкен рақмет. Енді қандай қызықтарың бар?»
Қарашаш: «Қызыр баба, Ұлыстың ұлы күні Наурыз жыры айтылады. Қане, жұртым, Наурыз жырын тыңдайық. Кім дайын?»
Наурыз жыры: оқушылар орындауы
1-бала (Рахат)
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.
2-бала (Асылзат)
Сақтай гөр, — деп терістен,
Кел, таза бақ, кел! — десіп.
Ием, тілек бер! — десіп,
Шалдар бата беріскен.
3-бала (Альбина)
Ұлыстың ұлы күнінде
Бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек
Тұлымшағы салбырап.
4-бала (Нұрасыл)
Бәйбіше шығар балпиып,
Күндігі баста қайқиып.
Келіншек шығар керіліп,
Шашбаулары төгіліп.
5-бала (Нүркен)
Ұлыс күні қар еріп,
Сай-салалар гүрілдер.
Көк шөбі шығып желкілдеп,
Дүние біткен күлімдер.
6-бала (Нұрсұлу)
Күлімдер дүние, ойнарсың,
Күрең тайың ат болып.
Бәйгеге қоссаң, келерсің,
Жұрттан жеке тақ болып.
Қызыр баба: «Рақмет, айналайын балапандар! Өркендерің өсіп, талаптарыңа нұр жаусын!»
Қарашаш: «Қызыр баба, енді өз жолыңызды қуған өнерлі өреніміздің Наурыз күні айтылар жыр-батасын тыңдаңыз».
Қызыр баба: «Жөн-ақ. Тыңдайық».
Жыр-бата (домбырамен)
Сахналық ремарка
Домбыра ұстаған жыршы бала ортаға шығады.
Жыршы (Гүлжан):
Уа, Құдайым, оңдасын,
Жаманшылық болмасын.
Аруақ біткен жар болып,
Қызыр бабам қолдасын.
Аман сақтап төл басын,
Еккен егін солмасын.
Орта толып ырысқа,
Бейбіт өмір орнасын.
Бостандықтың ордасын
Періштелер қолдасын.
Бесіктегі бөбектің
Бақайшағы тоңбасын.
Ұлыс күні ұл мен қыз
Тайпалдырсын жорғасын.
Көш бастаған көсемдер
Өрге тартсын арбасын.
Сөз бастаған шешендер
Әділдіктен танбасын.
Көл жиналып тамшыдан,
Теңіз толсын қаңсыған.
Атамекен тазарып,
Асығы түссін алшадан.
Құт-береке кетпесін
Диқаншы мен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын,
Мәңгі бақи жаппасын.
Пәле-жала қазақты
Іздесе де, таппасын!
Әумин!