Тәрбиешілерген мың алғыс

B

Балдәурен балабақшасы

«Қош бол, сүйікті балабақшам!»

Дайындаған: Қарлығаш орта тобының тәрбиешісі — Алимов Ж. А.

Құрметті қонақтарға құттықтау

Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ата-аналар, ұжымдастар және бүгін балабақшамен қоштасқалы отырған бүлдіршіндеріміз!

Бүгін біз үшін ерекше күн. Балабақша табалдырығын тәй-тәй басып, кішкентай сәби болып келген балаларымыз енді ер жетіп, мектепке қадам басқалы отыр. Осы шағын мерекелік ертеңгілігімізді тамашалаңыздар.

Ресми бөлім

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны.

Сөз балабақша меңгерушісі Рахманбердиева Динара Ратайқызына және әдіскер Сыздықова Қуанышкүл Сарыбайқызына беріледі.

Жүргізушінің ақ тілегі

Жүргізуші: Бізге сыйлап сыңғырлаған күлкіңді, сәбилерім, жүздеріңде нұр тұнды. Бізден ұшып, қанат қағып есейдіңдер — өздеріңмен қоштасатын күн туды.

Бізден ұшып, талмай қанат қағыңдар, жүректерден арман отын жағыңдар. Жақсы оқып алтын ұя мектепте, бұл өмірден бақыт жолын табыңдар.

Бәріңді де «сәбиім» деп сүйетін біз сендерді сағынып жүрейік. Құтты болсын қадамдарың аттаған — біз сендерге сәтті сапар тілейміз!

Балалардың тақпақтары

Дариға

Біз бақытты баламыз,
Жетіліп ой-санамыз.
Бақшамызбен қоштасып,
Мектепке кетіп барамыз.

Бал күндерді қиялдап,
Сағынамыз әлі-ақ біз.

Әсел

Ойыншықты жинаймыз,
Бөбектерге сыйлаймыз.
Оқу-білім үйреткен,
Өзіңізді қимаймыз.

Жеті жасқа толамыз,
Қуантып ата-ананы,
Мектепке кетіп барамыз!

Абзал

Біз сабақты бастаймыз,
Қайталаудан аспаймыз.
Есептен де қашпаймыз,
Жазуды енді бастаймыз.

Құрманай

Мектепке енді барамыз,
Оқимыз, сауық құрамыз.
Қашық емес арамыз,
Бақшаға келіп тұрамыз.

Жүргізуші

Мектепке енді барыңдар, үлгілі бала болыңдар. Жақсы оқып сабақты, кілең бестік алыңдар. Көк жүзінде самғаңдар, тауды бұзып, тас жарып. Мұхиттарды жалғаңдар, күллі әлемді шарлаңдар. Ғарышқа да самғаңдар! Кәне, ортаға биші қыздарымызды шақырамыз.

Ән мен би — мерекенің сәні

Музыкалық номер

Жүргізуші: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» — деп Абай атамыз айтқандай, Мерейханның орындауында «Аналардың тілегі» әнін қабыл алыңыздар.

Би

Жүргізуші: Бишілерде өнер көп, билейді биді мәнерлеп. Көңілді биді көріңіздер, өнерге баға беріңіздер. Келесі номер: «Татар биі».

Даниял

Балабақшам — бесігім,
Қайсысын айтып бітейін.
Қабыл алшы гүлімді,
Сіздерге сыйлап кетейін.

Ән

Жүргізуші: «Баулап-баптап өсірдің, балалық етсек кешірдің. Ұмытпаймыз өзіңді, ұмытпаймыз сөзіңді…» Дариғаның орындауында «Туған жер» әнін қабыл алыңыздар.

Алғыс айту

Бұл бөлімде балалар балабақша ұжымына жүрекжарды алғысын білдіреді.

Абылай

Әлпештеп бізді баптаған,
Ардақтап бізді мақтаған.
Тәрбиешілерге мың алғыс!

Сәулет

Орын берген бақшадан,
Меңгеруші — жақсы адам.
Сондықтан да біз үшін,
Артық өзі басқадан.

Аяулым

Ақ төсекке жатқызған,
Тәтті тамақ жасаған.
Бала болып ойнаған,
Күтушімізге мың алғыс.

Мерейхан

Бізде мұнда әрдайым,
Бәрі-бәрі дайын.
Бізді әрқашан ойлаған,
Қоймашыға мың алғыс.

Асылжан

Мектепке енді барамыз,
Үлгілі оқушы боламыз.
Жақсы оқып сабақты,
Кілең бестік аламыз.

Арсен

Бақша — біздің панамыз,
Мектеп — біздің анамыз.
Ұлағатты ұстаздан,
Оқып білім аламыз.

Аружан

Біздер алты жастамыз,
Сәбиліктен асқанбыз.
Мектеп бізді шақырды,
Қош бол, әсем бақшамыз.

Аслан

Қош, балалар бақшасы,
Естен кетпес есімің.
Қош, балалар бақшасы,
Алғаш ашқан есігім.

Жүргізуші

Мың бұралта ән мен биді үйреткен апайларымызға, әнші ағайға, биші апайға мың алғыс!

Бәрі: Көп-көп рақмет!

Балалар балабақша қызметкерлеріне гүл тапсырып, орындарына отырады.

Қорытынды сөз және ақ жол

Жүргізуші: Терең білім алуға мектепке енді кеттіңдер. Бойларың да өсті, ақыл-ойларың да толысты. Қуаныштарыңа ортақпыз. Құтты болсын тойларың!

Сәтті болсын жолдарың, айналайын гүлдерім. Ақ шуақты күндерім, ерекше қызық тілдерің, естен кетпес үндерің… Сүйкімді балғын бала шақ — сендердікі, болашақ — сендердікі!

Озат болып оқыңдар, ойға білім тоқыңдар.

Сұрақ-жауап (білімді бекіту)

  • Жылдың неше мезгілі бар? Атап шығайық.
  • Төрт түлікті кім біледі? Олардың төлдерін қалай атаймыз?
  • Жыл мезгілдерін атаңдар.
  • Отбасы дегеніміз кімдер?
  • Үй құстары мен дала құстарын атаңдар.
  • Қандай пішіндерді білеміз?

Кәне, балалар, білім еліне сапар шегуге дайынсыңдар ма? Бәрекелді, бәрің де ақылды екенсіңдер! Білімдеріңе өте риза болдық. Жолдарың болсын, жас достар! Сәт сапар тілейміз!

Ата-аналарға тілек

Бүлдіршіндеріміздің жаңа белесіне — мектеп өміріне — бірге қадам басып отырмыз. Әр балаға денсаулық, табандылық, оқуға құштарлық, ал ата-аналарға сабыр, қуаныш және бала жетістігін бірге көретін береке тілейміз.