Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында
Ұстаз — ұлағатты есім
Ұстаз шәкіртін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсетеді. Сондықтан да ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде айрықша құрметке ие. Шынайы ұстаз шәкірт жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта мен ықыласты оятады.
Неліктен ұстаздық — ең ұлы мамандық?
- Барлық мамандық иесін тәрбиелеп, оқытып-үйрететін — мұғалім.
- Ұстаз берген тәрбие — өмірге жол сілтер шамшырақ.
- Ғалым да, батыр да, ақын да, еңбек адамы да — бәрі ұстаздан тәлім алады.
Ұстазға құрмет — білімге құрмет
Қай заманда болсын ұстазға құрмет жоғары болған. Бұл — бүгін ғана қалыптасқан түсінік емес; ұстаздықтың шоқтығы бұрыннан биік. Өйткені ұстазды қадірлеу — білімді, парасатты, ізгілікті қадірлеу. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де осыны аңғартады.
Ұстаз болу
Жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыта білу.
Ұстаздың миссиясы
Жас ұрпақтың жарқын болашаққа апарар жолын айқындап, дұрыс бағыт беру.
Өмірлік тәжірибе: ұстаздық жолым
Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылы, Сарыжаз орта мектебінде 2004 жылдың қыркүйек айынан бастап 2014 жылға дейін мектепалды даярлық сынып мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Алғашқы түлектеріммен бірге өсіп, олардың жетістіктеріне куә болдым.
2014 жылдан бері бастауыш сынып пәнінің мұғалімімін. Бір рет 1-сыныпты қабылдап, 4-сыныпты аяқтатып шығарып салдым. Бастауышпен қоштасқан сәтте иықтан бір жүк түскендей сезіледі. Дегенмен қайтадан 1-сыныпты қабылдағанда үлкен жауапкершілікті айқын сезініп, өзің де балалармен бірге жасарып кеткендей боласың.
Баламен жұмыс істеудің ең қымбат сәттері
Олардың күлімдеген көзін, кіршіксіз пәк жүзін көргенде бойыма қан жүгіріп, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Мектептің жүрегі үздіксіз соғып тұруы үшін мұғалім де өз білімін тоқтатпай, үнемі ізденіп, биік мақсаттарға ұмтылуы керек деп ойлаймын.
Шәкірт жетістіктері
Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы — шәкірттің жетістігі. Осы жылдар ішінде оқушыларым түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
2016
«Ақбота» интеллектуалды марафоны: Абай Мерей, Абайбек Асланбек — II орын.
2017
Интеллектуалды білім порталы, қашықтықтан «Көркем жазу»: Бекбаул Сабина — I орын, Мамыр Саян — III орын.
2017
Республикалық қашықтық байқау, шығарма: Мәсімхан Нұржан — «Әдептілік — адамдықтың белгісі» тақырыбынан III орын.
2018
Республикалық «Дарабоз», «Көркем сөз оқу»: Адасбекқызы Ақмаржан, Камен Нурдос, Төлеш Аяжан — II орын; Алқожа Асет — III орын.
Жеке жетістіктер мен ұстаным
Ұстаздық жолымда өз еңбегімнің де бағаланған сәттері болды. Бұл марапаттар — бір күндік нәтиже емес, үздіксіз ізденіс пен еңбектің жемісі.
2017
«Жыл пән мұғалімі — 2017» аудандық байқауы — II орын.
2016–2017
«Талант әлемі» басылымының іс-шараларына қосқан үлесім мен шығармашылық табыстарым үшін сертификат және грамота.
2018
«Дарабоз» республикалық байқауы — үздік шәкірт дайындағаным үшін диплом.
Қазіргі заман мұғалімінің бағыты
Қайнаған заманда жаңа технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету — менің ұстанымым. Ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолына алар ізбасарларды тәрбиелеудемін. Бүгінгі жас ұрпақ — бақытты ұрпақ: технология дамыған дәуірде жан-жақты білім алуға мүмкіндік мол.
Дегенмен балаға тәрбие беру, білім нәрімен сусындату — екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сол себепті ұстаз болу — жүректің батырлығы деп білемін.
Автор туралы
Мақсұтбай Индира Ерсанқызы
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылы, Сарыжаз орта мектебі (мектепке дейінгі шағын орталығымен және Ақбейіт бастауыш мектебімен) КММ
Бастауыш сынып мұғалімі